Қазақстан қалалары тым ластанған

Қазақстан қалалары тым ластанған

Қалалардың ластануы бойынша ең нашар елдер рейтингінде Қазақстан 115 елдің ішінде 33-орынға шықты. Ал қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестициялар бір жылда бар-жоғы 4 пайызға өскен. Energyprom.kz мониторинг агенттігі ұсынған дерекке сенсек, Қазақстанда ластану индексі – 73,4. Индекс неғұрлым үлкен болған сайын, жағдай соғұрлым нашар болады. Ластанған елдер қатарына Камерун, Моңғолия және Мьянма кірген. Финляндияда ластану индексі 12,1, бұл – әлемдегі ең жақсы көрсеткіш. Рейтингке қатысатын ТМД елдерінің ішінде Қазақстанға қарағанда Әзербайжанда ғана жағдай нашар. Ал Молдова, Украина, Ресей, Армения және Беларусьте көрсеткіш бізге қарағанда жақсы. Былтырғы қорытынды бойынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі инвестициялар 4,3 пайызға, яғни 163,9 миллиард теңгеге дейін өскен. Өңірлік бөліністе сектордағы күрделі инвестициялардың ең көп көлемі Жамбыл облысына бөлінген (52,8 миллиард теңге). Көшбасшы өңірлер үштігіне Нұр-Сұлтан (26 миллиард теңге, жылына 7 есе өскен) және Ақтөбе облысы (19,8 миллиард теңге, 2 есе өскен) кірді. Топ-5 өңірге Атырау және Шығыс Қазақстан облысы енген. Ең сорақысы, Солтүстік Қазақстан облысында былтыр бұл салаға мүлде инвестиция құйылмаған екен.