Мамандығы бөлек педагогтер
Мамандығы бөлек педагогтер
1,195
оқылды
Білім саласы қашанда білікті мамандарға мұқтаж. Қазір елі­міз бойынша 3 733 мұғалім жетіспейді. Ал сұраныс жыл өт­­кен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Маман тапшылығын шешу үшін өзге мамандық өкілдерін мұғалімдікке тарту бойын­ша арнайы заң да қабылданған. Жоба аясында нақты қай мамандықтар мұғалімдікке қайта даярланады? 4 жыл көз майын тауысып оқыған мұғалімнің орнын басқа ма­мандар баса ма? Белгілі бір салада техникалық білім алып, бірақ екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыз жүрген жан­дар көп. Әсіресе, биотехнология секілді техникалық мамандықтарды бітіріп, мардымсыз жалақыға жұ­мыс істегісі келмейтін жастар бар. Өз саласын жақсы меңгерген осын­дай азаматтар үшін тағы бір мүм­кіндік – мұғалім болу. Жақында Бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім тап­шы­лы­ғын шешу үшін басқа мамандық өкіл­дерін мұғалімдікке қайта даяр­лауды тапсырды. «Болашақ педа­гог­терді дайындау сапасын арттыру үшін, салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талап­та­рына сай өз­гертеміз. Пән мұғалім­дерінің тап­шы­лығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қол­да­намыз. Мысалы, мамандығы мұға­лім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдік­ке қайта даярлау арқылы тартыла­ды», – деді Асхат Ай­мағамбетов. Жобаның тағы бір ерекшелігі – қайта даярлау курсынан тек қана жас мамандар өтпейді. Бұған дейін де мамандығы басқа бола тұрып, бірнеше жыл бойы мектепте сабақ беріп келе жатқан педагогтер бар. Олар осы уақытқа дейін өздерін толыққанды мұғалім сезіне алмай келді. Өйткені мектепке тексеру келгенде дипломында өзге маман­дық жазылған мұғалімдерді жұмыс­тан шығарып, зейнетақы қорына аударымдарын дұрыс түсірмейтін. Бұл жоба осындай мұғалім емес, мұғалімдерге де тиімді. – Министр сөзінде математика пәнінің мұғалімдеріне нақты тоқ­талды. Мысалы, математиканың ішін­де педагогика емес, бірақ тех­никалық бағытты бітірген жоғары санаттағы педагогтер бар. Егер олар жоғары оқу орнында саланы толық­қанды меңгеріп, кейін мектепте педагогикалық біліктілік артты­ратын курстардан өтсе, мұғалім бо­­лып жұмыс істеуіне мүмкіндік бе­ру керек. Бірақ оларға да педа­гог­терге қойылатын талаптар қойылуы қажет. Олар да ұлттық біліктілік тес­тінен өтіп, мектепке қабылда­нуға тиіс. Менің ойымша, бұл өзге­рістен білім саласы ұтылмайды, – дейді Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзұмбеков.

Мұғалімдікке кімдер дәмелі?

Аталмыш жобаның қабылдан­ғанына 2 жылға жуық уақыт болған. Осы аралықта биология, матема­ти­ка, информатика, ағылшын тілі, хи­­­мия, физика, тарих, орыс тілі және әдебиет, педагогика және пси­холо­гия, бейнелеу өнері, көр­кем еңбек және график, әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану, баста­уышты оқыту педагогикасы мен әдіс­темесі, мектепке дейінгі тәр­бие­леу және оқыту бойынша 203 мұға­лім қайта даярланыпты. Яғни, жоба аясында кәсіби білімі бар, бірақ педагогика­лық білім алмаған, педа­гог қызме­тіне енді кірісіп жат­қан тұл­ғалар педагогикалық қайта даяр­лаудан өтеді. Қайта даярлау педа­го­гика ғылымы бойынша ма­ман да­йын­дауға арнайы лицензия­сы бар жо­ғары оқу орындарында жүргізіледі. Педагогикалық кадрларды қай­та даярлау күндізгі бөлімде өтеді. Қайта даярлауды іске асыратын жоғары оқу орындарында ол үшін қабылдау комиссиясы құрылады. Қайта даярлаудан өткісі келетін тұлғалар қабылдау комиссиясына ті­зімде көрсетілген құжаттарды тап­сыруға тиіс. Барлық құжаттар уа­қытында тапсырылған соң, қа­былдау комиссиясы педагогтерді қайта даярлау курсына кімдердің өткенін шешеді. Яғни, тура оқуға түсетін талапкерлер тәрізді педа­гог­тер де қабылдау комиссиясының сүзгісінен өтеді. Сүлеймен Демирел универси­тетінің біліктілікті арттыру және инновация орталығының дирек­торы Алмаз Жұмагелдінің айтуын­ша, кандидатураңыз қабылданған жағдайда университет, тыңдаушы­ның өзі және мектеп тарапынан үшжақты келісімшартқа отырасыз. Егер мектепте сабақ беріп жүрген болсаңыз, бағдарлама сабақ өту процесіне еш кедергісін келтір­мейді. Сабақ беретін мектебіңізден практикадан өтіп, университеттен педагогикалық білім алуыңызға барлық жағдай жасалады. Ментор ретінде мектеп пен жоғары оқу ор­нынан арнайы адам тағайын­далып, қадағаланып отырады. Мұғалім­дер­ді қайта даярлау курсының ұзақ­ты­ғы – 6 ай. Шыны керек, бағдарлама ережелері де жиі өзгеріске ұшы­рай­ды. Соған қарамастан оқимын деген өтініш білдірушілер көп. инфографика – Биыл 100 адам тіркелді. Біз бәрін бірдей ала бермейміз. Тек 20-сын қайта даярлауға алдық. Кейбір жағдайда физика пәнін бітіріп, ағылшын тілінен мұғалім болсам дейтіндер де бар. Біз мұндай талапкерлерді қабылдамаймыз. Өйткені бакалаврдегі білім мұғалім болатын пәннің бағытымен сәйкес келуі керек. Көбінесе бізге мате­матика, ағылшын тілі мен STEM бағытының өкілдері хабарласады. Оқып жүргендердің 10 пайызы бірінші бакалаврын бітіріп, ең ал­ғашқы жұмысын мұғалімдіктен бас­тағысы келетіндер. Олардың ішінде педагогтің айлығының өсіп жатқанын байқап, салада нәтижелі еңбек еткісі келетіндер де бар, – дейді Алмаз Жұмагелді. Министрлік қай мамандықты бітіріп, қай пәннен мұғалім болуға болатынын анықтайтын арнайы тізім бекітпеген. Яғни, қатып қал­ған ереже жоқ. Тек өз салаңыз­дың ауылынан алыстап кетпеуіңіз ке­рек. Педагогтерді қайта даяр­лайтын әр оқу орнының өз жол картасы бар. Бакалаврдегі транс­крипте көрсетілген пәндердің 30 пайызы таңдаған салаңызбен ұқсас болса қайта даярлаудан өтуге бо­лады. Қазір мұғалімдікке қайта даяр­лау курсы ақылы түрде жүр­гізіліп жүр. Аймақтарда 200 мың­нан басталса, ірі қалалардағы жо­ғары оқу орын­дарында 400 мыңнан басталады. – Біздің университетте 6 айға курс бағасы – 450 мың теңге. Кей­бір мұғалімдердің қалтасына бұл ауыр болуы мүмкін. Ал жекеменшік мек­тептер өз педагогтерін қайта даяр­лаудан өткізу үшін қаржылай кө­мектеседі екен. Сондықтан пе­да­гог тапшылығын шынымен шеш­кіміз келсе, осы бағдарламаға да арнайы гранттар бөлуіміз керек, – деді Сү­леймен Демирел универ­си­те­тінің біліктілікті арттыру және инновация орталығының директоры Алмаз Жұмагелді.

Оқығаны басқа, өзі – мұғалім

Қайта даярлау курсы аяқтал­ған­да оған қатысқандардың бағдарла­маны қаншалықты меңгергені тексеріледі. Курс қатысушыларын қалай аттестациялауды оған жауап­ты жоғары оқу орнының өзі шешеді. Аттестация нәтижесінде одан сәтті өте алған педагогтерге курсты бі­тіргенін растайтын сертификаттар беріледі. Осылайша, кәсіби білімі бар болғанымен, педагогикалық білімі жоқ, бірақ балаларға білім бергісі келетін азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Қайта даяр­лау курсынан өтіп, мұғалім бо­лып қызмет етіп жүрген педагогтің бірі – Қырмызы Сейітова. Ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы №44 мектепте биология пәнінен сабақ береді. Бакалаврдағы негізгі маман­дығы – балық шаруашылығы. – Қайта даярлау курсы туралы танысымнан естідім. Осылайша, Абай атындағы педагогикалық уни­верситетке өтінішім мен құжат­та­рымды жолдадым. Қабылданғаннан кейін арнайы платформада сабақ оқыдық. Қазір өзім сабақ беретін мектепте практикадан өтіп жүрмін. Мектепке келіп ұстаздық ете бас­тағанда «өзімді енді ғана тапқан­дай» болдым, – дейді Қырмызы Сейітова. Қайта даярлау курсы еліміздегі мұғалім тапшылығын шешуде маңызды рөл атқаратынын түсіндік. Ал 6 айлық курстан өтіп, бір сәтте педагог атанатын мұғалімнің бі­ліктілігі қаншалықты? Мәжіліс де­путаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ядролық физика маман­дығын бітірген жастар зияткерлік мектептің жоғары сынып оқушы­ларына физиканы ағылшын тілінде жоғары дәрежеде бере алады. Олар­дың педагогикалық бағыты, бейіні жоқ. Бірақ заңда көрсетілгендей олар 6 ай көлемінде өздері оқыған университетте біліктілігін артты­ратын болса, мектепке мұғалім болып орналасады. – Биомолекулалық инженерия, радиотехника, ядролық физика мамандықтарында математика, физика пәндері жоғары дәрежеде оқытылады. Сондықтан мұндай ма­мандардың білімі мен біліктілігін ұрпақ тәрбиесінде дұрыс пайда­ла­нуымыз керек. Басқа мамандық­тарды мектепке тартпасақ та, осы саладағы техникалық мамандарды шақыруымыз қажет. Еңбек нары­ғында бала ЖОО қабылданған кездегі өзекті мамандық кейін сұ­раныста болмай қалуы мүмкін. Сондықтан балаға алған біліміне қарамастан, қабілетіне байланысты мамандық таңдауда жеке даму траекториясын қалыптастыруға көмектесетін профориентаторлар керек. Олар қазіргі экономика мен ағылшын тілін жетік білетін ма­мандар болғаны жөн. Сол себепті мектептегі кәсіптік бағдар саласына педагогикалық білім алмаған, заң аясында біліктілігін арттырған мамандарды тартуымыз керек, – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Иә, бұған дейін кадр таңдауда дипломдағы мамандығына байла­нысты мәселелер жиі кездесетін. «Ядролық физика» мамандығын бітірген перспективасы жақсы ма­ман келсе де, педагог болмаған­дық­тан, жұмысқа тұра алмайтын. 6 айлық қайта даярлаудың бір артық­шылығы мықты маманды мектепке қабылдауға мүмкіндік бар.

Көктем ҚАРҚЫН