Білім саласы қашанда білікті мамандарға мұқтаж. Қазір еліміз бойынша 3 733 мұғалім жетіспейді. Ал сұраныс жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Маман тапшылығын шешу үшін өзге мамандық өкілдерін мұғалімдікке тарту бойынша арнайы заң да қабылданған. Жоба аясында нақты қай мамандықтар мұғалімдікке қайта даярланады? 4 жыл көз майын тауысып оқыған мұғалімнің орнын басқа мамандар баса ма? Белгілі бір салада техникалық білім алып, бірақ екі қолға бір күрек таба алмай жұмыссыз жүрген жандар көп. Әсіресе, биотехнология секілді техникалық мамандықтарды бітіріп, мардымсыз жалақыға жұмыс істегісі келмейтін жастар бар. Өз саласын жақсы меңгерген осындай азаматтар үшін тағы бір мүмкіндік – мұғалім болу. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалім тапшылығын шешу үшін басқа мамандық өкілдерін мұғалімдікке қайта даярлауды тапсырды. «Болашақ педагогтерді дайындау сапасын арттыру үшін, салалық біліктілік шеңберін және «Педагог» кәсіби стандартын бүгінгі заман талаптарына сай өзгертеміз. Пән мұғалімдерінің тапшылығы проблемаларын шешу үшін қайта даярлау тетігін қолданамыз. Мысалы, мамандығы мұғалім емес, бірақ кәсіби білімі мен тәжірибесі жеткілікті мамандар мұғалімдікке қайта даярлау арқылы тартылады», – деді Асхат Аймағамбетов. Жобаның тағы бір ерекшелігі – қайта даярлау курсынан тек қана жас мамандар өтпейді. Бұған дейін де мамандығы басқа бола тұрып, бірнеше жыл бойы мектепте сабақ беріп келе жатқан педагогтер бар. Олар осы уақытқа дейін өздерін толыққанды мұғалім сезіне алмай келді. Өйткені мектепке тексеру келгенде дипломында өзге мамандық жазылған мұғалімдерді жұмыстан шығарып, зейнетақы қорына аударымдарын дұрыс түсірмейтін. Бұл жоба осындай мұғалім емес, мұғалімдерге де тиімді. – Министр сөзінде математика пәнінің мұғалімдеріне нақты тоқталды. Мысалы, математиканың ішінде педагогика емес, бірақ техникалық бағытты бітірген жоғары санаттағы педагогтер бар. Егер олар жоғары оқу орнында саланы толыққанды меңгеріп, кейін мектепте педагогикалық біліктілік арттыратын курстардан өтсе, мұғалім болып жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Бірақ оларға да педагогтерге қойылатын талаптар қойылуы қажет. Олар да ұлттық біліктілік тестінен өтіп, мектепке қабылдануға тиіс. Менің ойымша, бұл өзгерістен білім саласы ұтылмайды, – дейді Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзұмбеков.
Мұғалімдікке кімдер дәмелі?
Аталмыш жобаның қабылданғанына 2 жылға жуық уақыт болған. Осы аралықта биология, математика, информатика, ағылшын тілі, химия, физика, тарих, орыс тілі және әдебиет, педагогика және психология, бейнелеу өнері, көркем еңбек және график, әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану, бастауышты оқыту педагогикасы мен әдістемесі, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту бойынша 203 мұғалім қайта даярланыпты. Яғни, жоба аясында кәсіби білімі бар, бірақ педагогикалық білім алмаған, педагог қызметіне енді кірісіп жатқан тұлғалар педагогикалық қайта даярлаудан өтеді. Қайта даярлау педагогика ғылымы бойынша маман дайындауға арнайы лицензиясы бар жоғары оқу орындарында жүргізіледі. Педагогикалық кадрларды қайта даярлау күндізгі бөлімде өтеді. Қайта даярлауды іске асыратын жоғары оқу орындарында ол үшін қабылдау комиссиясы құрылады. Қайта даярлаудан өткісі келетін тұлғалар қабылдау комиссиясына тізімде көрсетілген құжаттарды тапсыруға тиіс. Барлық құжаттар уақытында тапсырылған соң, қабылдау комиссиясы педагогтерді қайта даярлау курсына кімдердің өткенін шешеді. Яғни, тура оқуға түсетін талапкерлер тәрізді педагогтер де қабылдау комиссиясының сүзгісінен өтеді. Сүлеймен Демирел университетінің біліктілікті арттыру және инновация орталығының директоры Алмаз Жұмагелдінің айтуынша, кандидатураңыз қабылданған жағдайда университет, тыңдаушының өзі және мектеп тарапынан үшжақты келісімшартқа отырасыз. Егер мектепте сабақ беріп жүрген болсаңыз, бағдарлама сабақ өту процесіне еш кедергісін келтірмейді. Сабақ беретін мектебіңізден практикадан өтіп, университеттен педагогикалық білім алуыңызға барлық жағдай жасалады. Ментор ретінде мектеп пен жоғары оқу орнынан арнайы адам тағайындалып, қадағаланып отырады. Мұғалімдерді қайта даярлау курсының ұзақтығы – 6 ай. Шыны керек, бағдарлама ережелері де жиі өзгеріске ұшырайды. Соған қарамастан оқимын деген өтініш білдірушілер көп.Оқығаны басқа, өзі – мұғалім
Қайта даярлау курсы аяқталғанда оған қатысқандардың бағдарламаны қаншалықты меңгергені тексеріледі. Курс қатысушыларын қалай аттестациялауды оған жауапты жоғары оқу орнының өзі шешеді. Аттестация нәтижесінде одан сәтті өте алған педагогтерге курсты бітіргенін растайтын сертификаттар беріледі. Осылайша, кәсіби білімі бар болғанымен, педагогикалық білімі жоқ, бірақ балаларға білім бергісі келетін азаматтарға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Қайта даярлау курсынан өтіп, мұғалім болып қызмет етіп жүрген педагогтің бірі – Қырмызы Сейітова. Ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы №44 мектепте биология пәнінен сабақ береді. Бакалаврдағы негізгі мамандығы – балық шаруашылығы. – Қайта даярлау курсы туралы танысымнан естідім. Осылайша, Абай атындағы педагогикалық университетке өтінішім мен құжаттарымды жолдадым. Қабылданғаннан кейін арнайы платформада сабақ оқыдық. Қазір өзім сабақ беретін мектепте практикадан өтіп жүрмін. Мектепке келіп ұстаздық ете бастағанда «өзімді енді ғана тапқандай» болдым, – дейді Қырмызы Сейітова. Қайта даярлау курсы еліміздегі мұғалім тапшылығын шешуде маңызды рөл атқаратынын түсіндік. Ал 6 айлық курстан өтіп, бір сәтте педагог атанатын мұғалімнің біліктілігі қаншалықты? Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, ядролық физика мамандығын бітірген жастар зияткерлік мектептің жоғары сынып оқушыларына физиканы ағылшын тілінде жоғары дәрежеде бере алады. Олардың педагогикалық бағыты, бейіні жоқ. Бірақ заңда көрсетілгендей олар 6 ай көлемінде өздері оқыған университетте біліктілігін арттыратын болса, мектепке мұғалім болып орналасады. – Биомолекулалық инженерия, радиотехника, ядролық физика мамандықтарында математика, физика пәндері жоғары дәрежеде оқытылады. Сондықтан мұндай мамандардың білімі мен біліктілігін ұрпақ тәрбиесінде дұрыс пайдалануымыз керек. Басқа мамандықтарды мектепке тартпасақ та, осы саладағы техникалық мамандарды шақыруымыз қажет. Еңбек нарығында бала ЖОО қабылданған кездегі өзекті мамандық кейін сұраныста болмай қалуы мүмкін. Сондықтан балаға алған біліміне қарамастан, қабілетіне байланысты мамандық таңдауда жеке даму траекториясын қалыптастыруға көмектесетін профориентаторлар керек. Олар қазіргі экономика мен ағылшын тілін жетік білетін мамандар болғаны жөн. Сол себепті мектептегі кәсіптік бағдар саласына педагогикалық білім алмаған, заң аясында біліктілігін арттырған мамандарды тартуымыз керек, – дейді Жұлдыз Сүлейменова. Иә, бұған дейін кадр таңдауда дипломдағы мамандығына байланысты мәселелер жиі кездесетін. «Ядролық физика» мамандығын бітірген перспективасы жақсы маман келсе де, педагог болмағандықтан, жұмысқа тұра алмайтын. 6 айлық қайта даярлаудың бір артықшылығы мықты маманды мектепке қабылдауға мүмкіндік бар.Көктем ҚАРҚЫН