Шаңғышылар «жолды» кінәлап жүр
Шаңғышылар «жолды» кінәлап жүр
186
оқылды
Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиадада қазақстандық шаңғышылар жарыс жолына шықты. Жүлдеден дәмелі болмасақ та жақсы нәтиже күттік. Спортшылар үмітті ақтамады. Спринтерлік қашықтықта ер­лер арасында ел намысын Евгений Величко мен Виталий Пухкало қорғады. 90 үміткердің арасынан 30 шаңғышы финалдық кезеңге жолдама алатын. Осы отыздықтан көріну былай тұрсын, жігіттер мәре сызығын 64-65-ші болып қатар кесті. Ал жарыстан соң пікір айт­қан ұлттық құрама мүшесі Виталий Пухкало жеңілісі үшін «жолдарды» кінәлады. – Жақсы нәтиже көрсету үшін үнемі жарыстарға шығып, жоғары сапалы трассаларда жаттығу керек. Біздің елде ондай жолдар жоқ, – деді ол. Қыздар арасындағы спринтер­лік жарыста қыздарымыз да ұтыл­ды. Ең үздік нәтиже көрсеткен Надежда Степашкина 51-өші болып келді. Ұлттық құрама мүшесі Надежда Степашкина «демалудың қиын» болғанын айтып, ақталған. – Мен үшін бұл трасса өте ауыр болды. Өйткені ол тым биік. Демалу қиын болды. Бірақ бұл жарыс маған ұнады. Атмосферасы жақсы. Қол жеткізген нәтижем жаман емес, – деген спортшы.