Бейжіңде сынға түскен қазақтар
Бейжіңде сынға түскен қазақтар
© коллаж: Елдар Қаба
224
оқылды
Төрт жылда бір өтетін биылғы ақ Олимпиада ойындарында өзге елдің намысын қорғап жүрген төрт қазақ спортшысы барын білдік. Оның үшеуі – Қытай, біреуі – Беларусь атынан сынға түсіп жатыр. Алдымен жарыс қожайындары саналатын Қытай құрамасының сапында бақ сынап жатқан үш қандасымызға тоқталайық. Бүгінге дейін Бейжіңде коньки спортынан – Ақнар Ардаққызы, шаңғы спортынан – Баян Жалын және Қадыс Беделхан жарыс жолына шығып үлгерді. Бәрінен бұрын мұз үстінде желдей жүйткіп, көпшілікті өнерімен тәнті еткен конькиші Ақнар қазақстандықтардың ерекше ықыласына бөленгенін айта кетейік. Бір қызығы, Шыңжаң өлкесі Құтыби ауданы Тасбаспалдақ ауылының тумасы бастапқыда шорт-трекпен айналысыпты. Кейін бұл спорт түрінен Қытай ішіндегі бәсекелестік тым жоғары болған соң 2018 жылы конькиге ауысқан. Алты айдан соң Хельсинкиде өткен жастар арасындағы әлем кубогында 1 500 метрде күміс медальды мойнына тақты. 2019 жылы конькиден алғаш рет Қытай чемпи­онатына қатысып, 5 000 метрде алтын, 3 000 метрде күміс медаль иегері атанды. 2020 жылы төрт құрлық чемпионатының масс-старт жарысында төртінші, 3 мың метрге жарыста алтыншы орыннан көрінді. Оның конькимен жүгіруде Олимпиадаға дейін жетуіне бапкері Синь Цяшань әсер еткені көп айтылады. Қытайдың қысқы Олимпиададағы алғашқы чемпионы Ян Янды кезінде осы бапкер жаттықтырған. Конькимен жүгіруден Қытай құрамасы­ның мүшесі Ақнар Ардаққызы Qazsport арнасының тілшілеріне берген сұхбатында «Мені қолдап жатқандарыңызға ерекше алғысымды білдіремін», – деп қазақстандық­тарға сәлемін де жолдады. Ол сондай-ақ бұл Олимпиадада жүлде жайлы ойламайтынын, жарысқа қатысып, өз нәтижесін жақсартуды, мықты спортшылармен сынға түсіп, мол тәжірибе жинауды мақсат тұтатынын айтты. 22 жастағы спортшы қыз Олимпиада ойын­дарында 2 қашықтықта сынға түсті. 5 ақпанда 3 000 метр қашықта германиялық 49 жастағы Клаудия Пехштейнмен бірге жарыс жолына шығып, мәре сызығын тәжірибелі қарсыласынан бұрын кесті. Алайда ол жал­пы­командалық есепте 17-орынға тұрақтады. Бұл қашықтықта қазақстандық конькиші Надежда Морозова жарысты 13-орынмен аяқтады. Ақнар мұндай ірі жарысқа алғаш рет қа­ты­сып отыр. Ал Пехштейн үшін бұл – тоғы­зын­шы Олимпиада. Германия конькишісі 1994 жылы Лиллехамерде, 1998 жылы Нага­нода Олимпиада чемпионы болған кезде Ақнар дүниеге келмеген еді. Енді қазақтың қаршадай қызы 10 ақпанда 5 000 метр қашық­тықта бақ сынайды. Қытай құрамасында Олимпиадаға қа­тысқан шаңғышы Баян Жалынқызы Шың­жаң өлкесі Алтай аймағы Жеменей ау­данында дүниеге келген. Қытай бірін­шілік­терінің жарыстарына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанған. 2020 жылы Дрезденде өткен әлем кубогында 9-орын алған. Кейін Қытай ұлттық құрамасының мүшелігіне өткен. Былтыр шаңғы жарысы­нан Германия­ның Оберстдорф қаласында өткен әлем чемпио­натында бақ сынап, коман­далық жарыста 13-орын, 10 ша­қырымға жекелей жарыста 38-орынды иеленген. Олимпиадаға үш жыл бойы Норвегияда дайындалған Баян Бейжіңде 15 шақырымдық скиатлон финалына қатысып, 46-орынға ие болды. Ал бұл сында еліміздің намысын қорғаған шаңғышыларымыз Ксения Шалы­гина – 48, Ангелина Шурыга – 49, Валерия Тюленева – 51, Надежда Степашкина 58-орыннан көрінді. Енді Баян еркін стиль­дегі спринт жарысының іріктеу кезеңіне қатысады. Тағы бір шаңғышы қандасымыз Қадыс Беделхан 1999 жылы 3 қаңтарда Шыңжаң өлкесі Санжы облысында дүниеге келген. Қытай біріншілігінің жеңімпазы. 2017 жылдан бері Қытай ұлттық құрамасының үздік спортшыларының бірі саналады. Спортшының үлкен жарыстардағы дебюті 2018 жылы Контиолахтидегі FIS турнирінде өткен. Сол кезде 15 шақырымдық жарыста 69-орын алды. Ал былтыр 50 шақырымға ер­кін жүріспен жарыста Қытай ұлттық чем­пионатында топ жарған. Спортшы Бейжің Олимпидасында ерлер арасында өткен 30 шақырымдық скиатлон жарысында мәре сызығын 50-ші болып кесті. Қазақстан атынан бұл сынға екі шаңғышы түскен болатын. Виталий Пухкалов төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-орынға тұрақтады. Ал екінші спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алған жоқ. Байрақты бәсекеде Беларусь құрамасы­ның атынан жарысқа қатысқан Динара Әлімбекованы бірі білсе, бірі біле бермейді. Естеріңізде болса, Динара осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчан қала­сында өткен Олимпиада ойындарында чем­пион атанған болатын. Онда ол чемпиондық атаққа биатлоннан әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста қол жеткізген. Сол тұста Беларусь құрамасында Динара Әлімбековамен бірге Надежда Скардино, Ирина Кривко және Дарья Домрачева есімді спортшылар өнер көрсетті. Әлімбекованың әкесі – қазақ, шешесі – беларусь ұлтынан. 1996 жылы 5 қаңтарда Қара­ғанды қаласының іргесіндегі Абай ау­данында дүниеге келген спортшы үш жасында Беларусь еліне қоныс аударды. Кішкен­тайынан би, музыка үйірмелеріне қатысқан. Кейін денешынықтыру мұғалімінің кеңесі­мен шаңғы үйірмесіне барып, кейін өмірін биатлон спортына арнаған. Күні кеше биатлоннан сынға түскен қазақ қызы Бейжің Олимпиадасында 15 шақырым­дық жекелей сында 5-орын алды. Бірақ із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшы­ның қатарына енді. Демек, оның алдағы уақытта медальға таласуға мүмкіндігі бар. Біз, Бейжің төрінде өзге елдің атынан сынға түсіп жүрген төрт қандасымызға да сәттілік тілейміз. Әлемдік додада қазақстан­дық спортшылармен қатар көрші елдегі «жақындарымыздың» да жолына үмітпен қараймыз.