Төрт жылда бір өтетін биылғы ақ Олимпиада ойындарында өзге елдің намысын қорғап жүрген төрт қазақ спортшысы барын білдік. Оның үшеуі – Қытай, біреуі – Беларусь атынан сынға түсіп жатыр. Алдымен жарыс қожайындары саналатын Қытай құрамасының сапында бақ сынап жатқан үш қандасымызға тоқталайық. Бүгінге дейін Бейжіңде коньки спортынан – Ақнар Ардаққызы, шаңғы спортынан – Баян Жалын және Қадыс Беделхан жарыс жолына шығып үлгерді. Бәрінен бұрын мұз үстінде желдей жүйткіп, көпшілікті өнерімен тәнті еткен конькиші Ақнар қазақстандықтардың ерекше ықыласына бөленгенін айта кетейік. Бір қызығы, Шыңжаң өлкесі Құтыби ауданы Тасбаспалдақ ауылының тумасы бастапқыда шорт-трекпен айналысыпты. Кейін бұл спорт түрінен Қытай ішіндегі бәсекелестік тым жоғары болған соң 2018 жылы конькиге ауысқан. Алты айдан соң Хельсинкиде өткен жастар арасындағы әлем кубогында 1 500 метрде күміс медальды мойнына тақты. 2019 жылы конькиден алғаш рет Қытай чемпионатына қатысып, 5 000 метрде алтын, 3 000 метрде күміс медаль иегері атанды. 2020 жылы төрт құрлық чемпионатының масс-старт жарысында төртінші, 3 мың метрге жарыста алтыншы орыннан көрінді. Оның конькимен жүгіруде Олимпиадаға дейін жетуіне бапкері Синь Цяшань әсер еткені көп айтылады. Қытайдың қысқы Олимпиададағы алғашқы чемпионы Ян Янды кезінде осы бапкер жаттықтырған. Конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі Ақнар Ардаққызы Qazsport арнасының тілшілеріне берген сұхбатында «Мені қолдап жатқандарыңызға ерекше алғысымды білдіремін», – деп қазақстандықтарға сәлемін де жолдады. Ол сондай-ақ бұл Олимпиадада жүлде жайлы ойламайтынын, жарысқа қатысып, өз нәтижесін жақсартуды, мықты спортшылармен сынға түсіп, мол тәжірибе жинауды мақсат тұтатынын айтты. 22 жастағы спортшы қыз Олимпиада ойындарында 2 қашықтықта сынға түсті. 5 ақпанда 3 000 метр қашықта германиялық 49 жастағы Клаудия Пехштейнмен бірге жарыс жолына шығып, мәре сызығын тәжірибелі қарсыласынан бұрын кесті. Алайда ол жалпыкомандалық есепте 17-орынға тұрақтады. Бұл қашықтықта қазақстандық конькиші Надежда Морозова жарысты 13-орынмен аяқтады. Ақнар мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Ал Пехштейн үшін бұл – тоғызыншы Олимпиада. Германия конькишісі 1994 жылы Лиллехамерде, 1998 жылы Наганода Олимпиада чемпионы болған кезде Ақнар дүниеге келмеген еді. Енді қазақтың қаршадай қызы 10 ақпанда 5 000 метр қашықтықта бақ сынайды. Қытай құрамасында Олимпиадаға қатысқан шаңғышы Баян Жалынқызы Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы Жеменей ауданында дүниеге келген. Қытай біріншіліктерінің жарыстарына қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанған. 2020 жылы Дрезденде өткен әлем кубогында 9-орын алған. Кейін Қытай ұлттық құрамасының мүшелігіне өткен. Былтыр шаңғы жарысынан Германияның Оберстдорф қаласында өткен әлем чемпионатында бақ сынап, командалық жарыста 13-орын, 10 шақырымға жекелей жарыста 38-орынды иеленген. Олимпиадаға үш жыл бойы Норвегияда дайындалған Баян Бейжіңде 15 шақырымдық скиатлон финалына қатысып, 46-орынға ие болды. Ал бұл сында еліміздің намысын қорғаған шаңғышыларымыз Ксения Шалыгина – 48, Ангелина Шурыга – 49, Валерия Тюленева – 51, Надежда Степашкина 58-орыннан көрінді. Енді Баян еркін стильдегі спринт жарысының іріктеу кезеңіне қатысады. Тағы бір шаңғышы қандасымыз Қадыс Беделхан 1999 жылы 3 қаңтарда Шыңжаң өлкесі Санжы облысында дүниеге келген. Қытай біріншілігінің жеңімпазы. 2017 жылдан бері Қытай ұлттық құрамасының үздік спортшыларының бірі саналады. Спортшының үлкен жарыстардағы дебюті 2018 жылы Контиолахтидегі FIS турнирінде өткен. Сол кезде 15 шақырымдық жарыста 69-орын алды. Ал былтыр 50 шақырымға еркін жүріспен жарыста Қытай ұлттық чемпионатында топ жарған. Спортшы Бейжің Олимпидасында ерлер арасында өткен 30 шақырымдық скиатлон жарысында мәре сызығын 50-ші болып кесті. Қазақстан атынан бұл сынға екі шаңғышы түскен болатын. Виталий Пухкалов төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-орынға тұрақтады. Ал екінші спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алған жоқ. Байрақты бәсекеде Беларусь құрамасының атынан жарысқа қатысқан Динара Әлімбекованы бірі білсе, бірі біле бермейді. Естеріңізде болса, Динара осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчан қаласында өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған болатын. Онда ол чемпиондық атаққа биатлоннан әйелдер арасындағы 4х6 шақырымдық эстафеталық жарыста қол жеткізген. Сол тұста Беларусь құрамасында Динара Әлімбековамен бірге Надежда Скардино, Ирина Кривко және Дарья Домрачева есімді спортшылар өнер көрсетті. Әлімбекованың әкесі – қазақ, шешесі – беларусь ұлтынан. 1996 жылы 5 қаңтарда Қарағанды қаласының іргесіндегі Абай ауданында дүниеге келген спортшы үш жасында Беларусь еліне қоныс аударды. Кішкентайынан би, музыка үйірмелеріне қатысқан. Кейін денешынықтыру мұғалімінің кеңесімен шаңғы үйірмесіне барып, кейін өмірін биатлон спортына арнаған. Күні кеше биатлоннан сынға түскен қазақ қызы Бейжің Олимпиадасында 15 шақырымдық жекелей сында 5-орын алды. Бірақ із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енді. Демек, оның алдағы уақытта медальға таласуға мүмкіндігі бар. Біз, Бейжің төрінде өзге елдің атынан сынға түсіп жүрген төрт қандасымызға да сәттілік тілейміз. Әлемдік додада қазақстандық спортшылармен қатар көрші елдегі «жақындарымыздың» да жолына үмітпен қараймыз.