Жалған ақпарат жарға жығады
Жалған ақпарат жарға жығады
Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Бас про­куратура мен Ішкі істер ми­нистр­лі­гінің өкілдері «Қаңтар оқи­ға­ла­рының» себептерін анықтау, жалпы тергеу барысы туралы айтып берді. ҚР Бас прокуратурасының арнайы проку­рорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың айтуынша, мұндай жұмыстар еліміздің сегіз өңірінде: Алматы мен Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүріп жатыр. Дәл сол жерлерде адам өлімі, бүлікшілік, өрт салу, мемлекеттік және жеке нысан­дарды қирату көп болған. – Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйым­дастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынған. Олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайы, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көз­қарасы және басқа да сипаттайтын де­ректер мұқият зерттелуде, – дейді ол. Осы факторларды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатқан. Қамауға алу, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, үйқа­маққа және жеке кепілдікке ауыстырыл­ды. Олардың арасында екі әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім болған. – Тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ екенін жауап­керші­лікпен мәлімдейміз. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы нақты айғақтар бар адамдар ғана алынды. Біз ұсынып отырған барлық цифрлық деректер тек арнайы проку­рорлардың өндірісіндегі істер бойынша ғана өткендер, – деді Ризабек Ожаров. Оның айтуынша, тергеу болған оқиғалардың қалай болғанын анықтай жатар. Бастапқы кезеңде наразылық білдірушілер өздерін бейбіт ұстаған. «Ол жерлерде қарапайым қызығушылық танытқандар, өтіп бара жатып көре салғандар көп болған. Аяғы тәртіпсіздікке айналады деп ешкім ойламаған. Алайда кейіннен олардың арасына қылмыстық элементтер мен бұзақылар қосылды», – дейді спикер.

Экстремизмнің айқын белгілері анықталған

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, бұл жағдайда саяси экстремизмнің айқын белгілері анықталған. Сонымен бірге, кейбір қоғам белсенділері осы толқынға еріп, наразылық білдіруге тырысқан. – Елді жаппай тәртіпсіздіктерге итермелеп, оған белсенді қатысқан не­гізінен экстремистік ұйымның мүшелері еді, – дейді ол. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мем­лекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу әрекеті туралы қыл­мыстық істерді тергеуде. Ұлттық қауіп­сіздік мүддесінде қылмыстық істерді тергеудің егжей-тегжейлері ашылмайды. – Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК депар­таменттерінің лауазымды тұлғалары да әрекетсіздік танытқан. Күштік құры­лым­дардың бірқатар басшылары құқық­тық тәртіпті қамтамасыз етуге тиіс ар­найы бөлімшелерінің іс-әрекеттеріне әдейі тосқауыл қоюы мүмкін екені жоққа шығарылмайды. Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар сотқа дейін­гі тергеп-тексеру жүргізуде. Со­нымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға әрекет жасау бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр. Бүгінде ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы мен оның екі орынбасары қа­мауға алынды. Қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі директо­рының бірінші орынбасары және осы қызметтің орталық басшысы ұсталды. Қылмыстық іс «аса құпия» санатына жат­қызылған, сондықтан ұлттық қауіп­сіздік мүддесі үшін тергеу деректерін жария етуге болмайды», – деп спикер қысқаша атап өтті. [caption id="attachment_183061" align="alignright" width="1200"]ақпарат © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Арандатушылардың түпкі мақсаты билікті күшпен басып алу болды. Бүгінде тұтқындалғандардың арасында тыйым салынған экстремистік қозғалыстардың 35 мүшесі бар. Мысалы, Алматыда дес­труктивті діни ағымның қылмыстық ба­ғыттағы мүшелері тобы ұсталды. Ұс­талған кезде қолдануға дайын атыс қаруы табылды. – WhatsApp және Telegram арқылы, әсіресе 4-5 қаңтар күндері тәртіп­сіз­дік­терге қатысушылардың жиналу орын­дарын, қозғалу бағыттарын үйлес­тірген қазақстандық чаттар айқындалды. Мы­салы, Алматы қаласында санаулы сағат­тың ішінде бір мессенджерге қа­тысу­шылар саны 140-тан 5,5 мыңға дейін өсті. Осыған ұқсас Жамбыл облысында – чатқа қатысушылар саны 4 мыңға дейін жеткен. Сөйтіп қысқа уақыт ішінде жиналған адамдар басқыншы топтарға айналған. Ұйымдасқан топтар зорлық-зомбылық жасау кезеңіне еліміздің әр аймақтарында бір мезгілде көшкен. Біразы дүкендерді талқандап, тонаумен айналысқан. Олар тіпті тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан үй-жайларды өртеп жібермек болған. Тек тұрғындардың жанқиярлық тойтарыс беру әрекеттері ғана бұдан да ауыр зардаптар мен көптеген құрбандардың алдын алған. Дәл осы уақытта басқалары лаңкестік шабуылды жалғастыра берген. Олар айтарлықтай көп адам жинап, арматура, таяқ, кірпіш, тас және Молотов коктейльдерімен қаруланған. Оларға ғимараттарды өртеу үшін автомобиль дөңгелектері мен бензин жеткізілген. Одан кейін, айтарлықтай сандық артық­шылықты пайдалана отырып, қор­шауларды бұзып, өңірлердегі биліктің ны­шаны ретіндегі әкімдіктер ғимаратта­рын басып алуға кіріскен. Олар қару-жарақ қоймаларын басып алып, атыс қаруын алу үшін полиция ғимараттарына шабуыл жасап, соққыш ретінде қауіп­сіздік күштерінен тартып алынған ар­найы техника мен көліктерді, басқа да құралдарды пайдаланған. Ұрланған қару-жарақты, азық-түлік пен ауызсуды бү­лікшілерге жеткізу және тарату амал­дарын ұйымдастырған. Қару-жарақтың бүлікшілерге қалай жеткізілгенін әлеу­меттік желілерде кеңінен тараған видеолардан көруге болады», – деді Ризабек Ожаров.

Мыңдаған қару бүлікшілердің қолына түсті

1,5 мыңнан астам қару «Қасіретті қаңтардағы» тәртіпсіздік кезінде бүлік­шілердің қолына түсті. Сонымен қатар 1600-дей данасы қару-жарақ дүкенінен ұрланды. Тәртіп сақшылары тек соның жартысын ғана таба алды. Дегенмен әлі де бұл арсеналды табу бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілуде. – Өкінішке қарай, мемлекеттің және қоғам қауіпсіздігінің мүддесіне қайшы іс-әрекет болды. Қызметкерлер ешқан­дай қарсылық көрсетпестен Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаменттерінің ғимараттарын қару-жарақ, оқ-дәрімен бірге тастап кеткен. Нәтижесінде бүлікшілер 1,5 мыңнан астам үлкен арсеналға ие болған. Олар­дың ішінде гранатомет, пулемет, автомат, тапаншалар мен гранаталар бар. Мұның барлығы аңшылық дүкендерден ұрланған қаруларды есептемегенде. Әзірге 967 дана қару табылды, қалғандарының қай­да екені әлі де белгісіз. Полиция оларды іздестіріп жатыр», – деді спикер. Осылайша, жоғалған қару әлі күнге дейін белгісіз адамдардың қолында кеткен. Қазір полиция оны анықтау бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде. Ал жалпы табылған қарудың 723 қыз­меттік қару болса, 244-і қару-жарақ дүкендеріне тиесілі. Сонымен қатар ІІМ Тергеу департа­ментінің бастығы Санжар Әділов тұрғындарға арандатушылыққа бой алдырмау, тек ресми ақпарат көздеріне ғана сену және қауесет таратпауға шақырды. Оның сөзіне қарағанда, ақ­па­рат­тық кеңістікте оқиғалар бұрмаланып беріліп жатыр. Митингілердің бейбіт сипаты мен құқық қорғау күштерінің заңсыз әрекеті туралы түрлі қауесеттерге жол беріліп, билік қабылдаған ше­шімдердің беделін түсіру, ең бастысы жаппай тәртіпсіздіктердің ұйым­дас­тырушылары мен қатысушыларын жауапкершіліктен бойтасалауы үшін жасалып жатқаны да аңғарылып жатыр. Сондай-ақ спикер қызметтік өкі­леттіктерін теріс пайдалану және билікті асыра пайдалану бойынша әрбір шағым жіті тексерілетінін жеткізді. «Әрбір шағымға ІІМ жеке қауіпсіздік қызметі мен арнайы прокурорлар тексеру жүргізеді. Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссиялары өкілдерінің барлық арнайы мекемелерге кедергісіз қолжетімділігі бар», – деп түсіндірді. Ал жаппай тәртіпсіздікте ұсталған және қамауға алынған қатысу­шылардың кінәсі заттай дәлелдеме­лермен, бейнебақылау камераларының жазбаларымен, куәлардың айғақтарымен толық дәлелденеді. Қазір қылмыс жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысына 887 адам ұсталып, оның 789-ы қамауға алынған. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 8-і іздеуде жүрген адамдар. Бүлікшілер бейбіт тұрғындар мен өтіп бара жатқан адамдарды өздерінің соңы­нан еруге мәжбүрлеген. Бас прокурату­раның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Алматыда қарақшылар көлігін бермей қойғаны үшін белгілі музыкант, продюсерді атып тастағанын тілге тиек етті. «Тіпті, дәрігерлерге шабуыл жасап, 46 жедел жәрдем, 551 полиция көлігін қиратып, 5 өрт сөндіру машинасын өртеп жіберген. Осы іс-қимылдардың барлығы, соның ішінде әкімдіктердің, Президент Резиденциясының, ҰҚК, полиция және басқа да объектілер ғимараттарын қарулы басып алу үшін шабуыл жасау заң жүзінде терроризм актісі болып саналады. Олар халық арасында үрей мен қорқыныш тудыруды, Үкімет пен басқару органда­рының қалыпты жұмысын істен шығару­ды көздеген. Бейбіт шерулер ешқашан мұндай әрекетке бармас еді. Заңға бағынатын адамдар бұл уақытта үйде отырды. Кейбір саналы азаматтар тұт­қынға түскен және жараланған қызмет­керлер мен әскерилерге көмек көрсетіп, оларға тобырлардың тиісуіне жол бермеді», – деді спикер. Оның айтуынша тәртіпсіздіктердің ең қызу кезеңінде де тәртіп сақшылары қару қолданбаған. Ауруханаға түрлі жарақаттармен 3 393 қызметкер жеткізілген. Олар қызметтік және әскери міндеттерін атқарып, құ­қықтық тәртіп пен тыныштығын қам­тамасыз еткен.