Қазақстаннан оффшор аймақтарға 160 млрд доллар шығарылған деген дерек жарияланды. Ғаламат ақша. Бұған дейін де заңды, заңсыз жолмен нарықтан біраз қаражат қыр асып жатқанын Бас прокуратура да мәлімдеген еді. Енді оларды қайтару мүмкін бе? Ол үшін не істеу қажет? Тағы да Статидың ісі секілді сансыз әрі құны қымбат сот бастала ма? Ресми дерекке сүйенсек, соңғы бес жылда республиканың құқық қорғау органдары шетелге заңсыз қаржы шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда тексеріс нәтижесі қалай болғаны, ақша жымқырғандарға қандай шара қолданылғаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сондай-ақ кейбір олигархтардың «қасіретті қаңтар» кезінде Қазақстаннан жеке ұшақтармен өздері ғана кетіп қалмай, шетелдегі есепшоттарға қыруар қаржы аударғаны туралы деректер айтылып жүр. Осы жайттарға байланысты Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Үкіметке сауал жолдады.
Шекара асқан қаржыға тоқтам бар ма?
«Қаржы мониторингі агенттігі құрылғаннан бері Қазақстан экономикасына оффшорлық аймақтардан нақты қанша қаражат қайтарылды? Қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде қандай елдерге ірі көлемде қаражат аударылды, оны кімдер шығарды, ол кімдердің шотына түсті? Осы күрделі күндері көлеңкелі капиталдар шығарылды деген күдігіміз бар. Ол адамдар өздерінің тағдырын Қазақстанмен байланыстырмаса, қалаған жерлерінде қала берсін. Бірақ шығарылған қаражат халықтан ұрланған болса, елімізге қайтарылып, экономикаға жұмыс істесін»,– деді депутат. Ол сондай-ақ мұндай фактілер бойынша құзырлы органдар қаржының шығу заңдылығын анықтауға және олардың тиісті салықтарды төлеген-төлемегенін тексеруге міндетті екенін еске салды. Айтса айтқандай, қаңтар дүрбелеңі кезінде ел аумағынан ақша алып шығу әрекеттері жиілеген. ҰҚК Шекара қызметі аймақтық бөлімі таратқан мәліметте 24 және 31 қаңтар аралығында елден заңсыз ақша шығармақ болғандардың жолы кесілгені айтылады. Тек бір апта көлемінде мұндай 24 дерек тіркеліп, шетелдік валютадағы 311 526 967 теңге тәркіленген. Мұндай фактілер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Түркістан және Өскемен қалаларында тіркелген. Материалдар Экономикалық тергеу қызметі мен мемлекеттік табыстар органына жіберілді. «ҰҚК Шекара қызметі шетелге шығатын азаматтарға ақшаны алып шығу кезінде заңды бұзбауды және қаржыны мағлұмдау керегін еске салады», – делінген ведомство таратқан хабарламада. Ал Global financial integrity халықаралық ұйымының мәліметінше, 25 жылда республика аумағынан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл республиканың біржылдық жалпы ішкі өніміне немесе оның сыртқы қарызына пара-пар қыруар сома. Ол ақшаның қаншалықты көп екенін көзге елестету үшін мынадай мысал келтіре кеткен жөн:160 миллиард доллар – бұл Қазақстанның үш Ұлттық қорының мөлшерімен бірдей. Ол төрт республикалық бюджеттен көп. Осы ақшаға Назарбаев интеллектуалдық мектебі стандартымен 9 мың мектеп салуға немесе бір және екі бөлмелі 4 миллион пәтер сатып алуға болады, нәтижесінде қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін біржолата және түбегейлі шешіп тастар едік. Ал Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпары бойынша, бүгінде республикада 2 миллион адам баспанаға мұқтаж. Өздеріңіз байқап отырғандай, бай-бағландар шетел асырған қаржыны елге әкелсе, талай мұқтаждық өтелер еді. Алайда халыққа керек болған қайран ақшаның тағдыры атқамінерлерді онша толғантпайтын сияқты. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз осындайда айтылса керек. Өйткені есепсіз, сұраусыз ұрланған миллиардтарды іздеп жүрген құзырлы органдар туралы еміс-еміс естігенімізбен, оның қайтымы туралы фактіні кездестірмедік. Бейқамдықтың кесірінен есепсіз миллиардтар шекара асып, шетел банктеріне барып «шөгіп» қалып жатыр. «Ақша оффшорға әртүрлі әдістермен жылыстатылады. Оның үстіне капитал қозғалысына бақылау орнату кейінгі жылдары ғана қолға алынып отыр. Ал оған дейін кез келген адамның өзінің банк есепшотынан басқа шотқа кез келген соманы аударуына тыйым салынбаған. Ешкімде ешқандай органның жұмысы болған жоқ. Сондықтан осы уақыт ішінде Қазақстанның біржылдық ЖІӨ-не пара-пар соманың шетелге шығарылғанына таңданудың еш реті жоқ. Әлбетте, жоғары биліктегілер қаржы саласында қандай ойындар жүріп жатқанын білді, тек оған көз жұма қарады»,– дейді қаржы сарапшысы Арман Бейсембаев. Оффшордағы ақша – құмға сіңген су емес, оның қайдан шығып, қайда барып тұрақтағанын тауып алу қиынға соқпас. Байшыкештер ақшаны қаппен, көлікпен, вагонмен тасыған жоқ. Ақшаны банк арқылы нақты деректемесі бар есепшоттан аударады. Цифрлық операцияның ізі жоғалмайды. Транзакцияның дерегі қалады, оның тарихы, күні қойылады. Ниет болса, оны табудың еш қиындығы жоқ. Ал оны елге қайтару – іздеп табуға қарағанда анағұрлым машақаты көп. Бас прокуратура бес жыл бұрын оффшорға кеткен сома 100 миллиард теңгеден немесе 230 миллион доллардан асты деген ақпарат таратқан еді. Қазір бұл сома бес жылғы мөлшерден 700 есе (!) өскен. Осыдан-ақ бұл процестің жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқанын көруге болады.Тыйым салынбағанның бәріне рұқсат па?
Депутаттар соңғы жылдары «Панама тізімі», «Жұмақ құжаттары» («Райское досье») және Швейцария банктеріндегі қазақстандықтардың шоттарына қатысты бірнеше рет мәселе көтергенін білеміз. Оффшордағы ақшаның әшкере болуы көп жылдар бойы салықтық жеңілдіктердің игілігін көріп келген салық айлағын пайдаланушылардың мазасын кетірді. Оффшорды жекелеген байшыкештер, көптеген компания мен тіпті кейбір мемлекеттер өздерінің экономикалық саясатының маңызды құралы ретінде қолданады. «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарда мемлекеттік органдардағы немесе квазимемлекеттік сектордағы лауазым иелерінің шетелде шоттарының және активтерінің болуына ешқандай шектеу қойылмайды. Шенеунік есепшотын Эмираттан аша ма, Панамадан аша ма, өз еркі. Тек мемлекеттік қызметкерлердің тікелей кәсіпкерлік қызметпен айналысуына және бизнесті басқаруына ғана тыйым салынған. Рас, шенеуніктер декларацияда шетелдегі мүліктер мен қаражатын көрсетуге міндетті. Алайда шенді-шекпен оффшорды түрлі құйтырқы амалдар арқылы нақ сол ұрланған қаржыларын бүркемелеу үшін ұтымды пайдаланады»,– дейді экономист Тимур Исаев. Сондай-ақ ұлттық компаниялардың оффшордан әлдебір құрылымдық бөлімшесін ашып, қандайда бір мәміле жасауына шектеу қойылмаған. Мәселен, Қазақстанның стратегиялық активтерінің бірі – Солтүстік Каспий жобасындағы үлесі Cooperative KazMunaiGaz U.A-ға тиесілі KMG Kashagan B.V компаниясының атына тіркелген, бұл екі заңды тұлға да Нидерландта тіркелген. Сондай-ақ Каспий құбыры консорциумының Қазақстанға тиесілі бөлігіне АҚШ-тың Делавер оффшорлық штатында тіркелген Kazakhstan Pipeline Ventures компаниясы иелік етеді. Мұндай мысалдар көп. Экономист Тимур Исаевтың айтуынша, қолданыстағы салық заңнамасында «оффшор» деген ұғым жоқ, оның орнына «салықтық жеңілдігі бар мемлекеттер» деген термин қолданылады. Қаржы министрінің ертеректегі бұйрығымен мұндай 60 мемлекеттің тізімі бекітілген. Олардың ішінде Панама, Кариб және басқа да аралдық мемлекеттер, Монако, Ливан, Лихтенштейн, Филиппин, Гонконг, Черногория, бірқатар америкалық, француздық және британдық аймақтар бар. Тізім табыс салығы 10 пайыздан төмен және актив иесінің аты-жөні мен байлығы құпия сақталатын мемлекеттер бойынша жасалған. Сондай-ақ «Қылмыстық жолмен тапқан және терроризмді қаржыландыруға арналған кірісті заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы тұру туралы» заң бойынша да оффшорлардың тізімі бекітілген. Аталған заң аясында оффшор аймағында тіркелген, тұратын жеке және заңды тұлғалардың ақша аударымдарына қаржылық мониторинг жүргізіледі. Бірақ қаржылық операцияларға қатысатын бірнеше заңды тұлғалардың тізбегін құру арқылы заңның бұл талаптарын оп-оңай айналып өтуге болады. Ондай компаниялар оффшор елдерде де, Қазақстанда да жариялы түрде емін-еркін жұмыс істеп отыр. Жалпы, кез келген оффшор екі мақсатты көздейді – салықтық жүктемені азайту және жекеменшіктің құпиялығын сақтау. Бұл екі шарт та ел экономикасы үшін тиімді емес, ал меншік иелері үшін ол таптырмас олжа. Сондай-ақ ақша-мүліктің құпиялылығы мемлекеттік немесе квазимемлекеттік сектордағы лауазымды тұлғаның активтері туралы шынайы мәлімет алуға кедергі келтіреді. Бұл мемлекеттің әділ заң үстемдігі принципіне шіркеу түсіріп, қоғамда жемқорлық кеселін одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін. Әрі бұл ақша Қазақстанның емес, шетелдердің экономикасына қызмет етіп жатыр.Рақымшылық науқанының нәтижесі қандай?
Бай-бағландардың шетелдерге жасырған ақша мен мүлкін әкеліп, ел игілігіне жарату үшін Қазақстанда үш рет рақымшылық науқаны жарияланды. Соның арқасында мыңдаған азаматтар ақша қаражатын заңдастырып, бар табысын ақша түрінде көрсетуге, жылжымайтын мүліктерін көлеңкелі айналымнан шығаруға, оны жариялауға мүмкіндік алды. Ең алғаш рет капиталды заңдастыру қолға алынған 2001 жылы небәрі 480 миллион долларға жуық қаражат жиналды. Жария ету науқаны бір айға созылды. Рақымшылық нәтижесінде сол жылы 3 мыңға жуық азамат 480 миллион долларын жария етті. Екінші науқан 2006-2007 жылдары өткізілді. Ол кезде рақымшылық шарасына тек ақша ғана емес, жылжымалы және жылжымайтын мүлік те ілікті. Сондықтан бұл процесс созылмалы сипатта жүрді. Әуелгісінен ерекшелігі сол, азаматтар заңдастырылған мүліктің құнынан 10 пайыз мөлшерінде салық төледі. Нәтижесінде, 845 миллиард теңге, яғни 7 миллиард долларға жуық дүние-мүлік заңдастырылды. Оның ішінде ақшалай сома – 538 миллиард теңге, ал жылжымайтын мүлік – 236 миллиард теңге. Алымнан шамамен 60 миллиард теңге ел қазынасына түсті. Үшінші, 2014-2016 жылдардағы рақымшылық науқаны тіпті 2 жылға созылды. Заңдастырған ақшаны жинақ шоттарында 5 жыл ұстауға, одан нарықтық мөлшерлемемен сыйақы алып тұруға мүмкіндік берілді. Үкімет бұл жолғы заңдастырудан 12 млрд доллар шамасында қаржы түсіруді жоспарлап қойған еді. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізе алған жоқ, әйтсе де заңдастырылған сома аз емес – 4,1 трлн теңгені құрады (9,5 млрд доллар). Жалпы, көлеңкелі экономиканы ауыздықтау үшін жария ету науқанын жаһан жұрты да жиі жасап тұрады. Өйткені бұл бізге ғана емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Әлбетте, әр елдің жүзеге асыру тетіктері түрлі болғанымен, діттегені бір. Мәселен, заңдастыру АҚШ тарихында 1982 жылдан бері бар. Бүгінге дейін 62 рет өткізілді. Ал Үндістанда 5, Португалияда 4, Франция, Аустрия және Ирландияда 2 рет жүргізілді. Әлемдік тәжірибеде ең сәтті заңдастыру науқаны 2006 жылы Италияда тіркеліпті. Мемлекетке тек салық ретінде 25 миллиард еуро түскен. Ал Грузиядағы шара нәтижесіз өткен. Бар-жоғы 8-ақ адам құжат тапсырып, небәрі 35 мың АҚШ доллары жарияланған. Сөз соңы. Оффшордағы ақшаны жариялау арқылы адамдар ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық түрде тұрақты табыс тауып, қазынаға салық төлейді. Сол арқылы мемлекетке де, халыққа да көмектесе алады. Бүгінде Қазақстан үшін ең маңыздысы – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Егер «Қасіретті қаңтардағы» қантөгісті оқиғалардың туындауына жанама түрде болса да елдегі бай-кедей табысы аражігінің алшақтығы, әлеуметтік әділетсіздіктер түрткі болғанын ескерсек, бұл проблема Қазақстан үшін әлі де көкейкесті болып қала бермек.