Қауқарсыз қалған құрылым
Қауқарсыз қалған құрылым
© коллаж: Әсел Балтақызы
336
оқылды
Қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыру үшін атқа­рылып жатқан жұмыстар аз емес. Әйткенмен, бұл бағытта қанша жер­ден жұмыс жүргізілгенімен, құқықтық саясаттың жоспарға сай жүзеге аспағанын соңғы оқиғалар көрсетіп берді. Әлеуметтік жағы­нан артықшылығы аз маман­дық­қа білікті кадрларды ұстап тұру мүм­кін бе? Ал бұған дейін айтылып жүр­ген «құқықтық мәдениет» пен «ха­лыққа жақын полиция» қағи­да­тының іске аспауына не кедергі? Бүлік кезінде біліктілігін көрсете алмаған күштік құрылымға қандай реформа керек? Жақында Мемлекет басшысы күштік құрылымдардың санын арттырып қана қоймай, жауынгерлік дағдылары шың­далған, қорғаныс пен шабуылдаудың тиімді құрал-жабдықтарымен жабдықталған қо­сымша жасақ құру керегін айтты. Сондай-ақ арнаулы бөлімше қызметкерлерінің жалақысын арттырып, полицейлердің құ­қықтық қорғалуын арттыру да кезек күт­тірмеу керегі тапсырылды. Саладағы қор­даланып қалған мәселенің түйінін тарқату үшін бұдан бұрынғы қабылданып кеткен шикі жүйелерді қайта қарау керек пе? Өйт­кені осы жылдарға дейін қос палата ма­құл­дап жіберген кейбір реформалардан кейін құрылымдағы кадр жеткіліксіздігі 10 пайыз құрайды. Бұдан бөлек, өз еркімен ішкі істер сапынан басқа күш құрылымдарына немесе азаматтық ұйымдарға кету жағдайы жиі­леген. Мәселен, былтырдың өзінде ғана құқық қорғау саласынан 2,5 мыңнан астам қызметкер өз еркімен кеткен.

Баспана жайы бас қайғы

Полиция қызметкерінің оң имиджін көтеріп, оларға деген азаматтардың құрметі мен сенімін арттыру – өзекті мәселе. Пар­ламент Сенатының депутаты Нұрлан Бек­назаров осылай дейді. «Қазір ішкі істер органдарының қатарында аттестациялаудан өткен 72 мыңға жуық қызметкер бар. Қаңтар оқиғасында 3 000-ға жуық полиция қызметкері зардап шекті, 6 полиция қыз­меткері қаза тапты, 100-ден астамы әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алды. Бұл по­лиция қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығын қамтамасыз етумен қатар, бұл бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттігін көрсетті», – дейді депутат. Айтуынша, по­лицейлердің жалақылары да, әлеуметтік кепілдіктері де көңіл көншітпейді. Сол себептен құқық қорғау сапынан білікті кадрлар кетіп жатыр. Мәселен, бүгінде ішкі істер органдарындағы ең төменгі жалақы өзге құқық қорғау органдарына қарағанда 2 есе төмен. «Сондықтан ішкі істер орган­дары қызметкерлерін материалды ын­таландыру мақсатында қызметкерлерді қаржылық және материалды қамтамасыз етуді теңестіру, бағаның және инфляцияның өсуін ескере отырып, жалақысын арттыру, сондай-ақ лауазымдық айлық ақыларының қажетті ең төменгі шегін нормативтік бе­кіту мәселесін қарау қажет», – дейді Нұрлан Бекназаров. Оның сөзінше, қызмет атқару кезеңінде мұқтаж қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету заңмен айқындалса да, ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сол үшін қызмет­керлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төленеді. Оның өзінде бұл төлемді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің же­келеген санаттарының тізбесін Үкімет ай­қындайды. Салдарынан саптағы сарбаз­дар­дың 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. Ішкі істер органдарының барлық салалық бөлімдерінің қызметкерлері қоғамға қауіп-қатер төндіретін төтенше жағдайда тең қыз­мет атқаратынын ескерсек, олардың же­келеген санаттарын тұрғын үй төлем­дерімен қамтамасыз етудегі мұндай таңдау тәсілі кадрлардың тұрақтамауына, жауап­кершілік пен ынтаның төмендеуіне және ұжымдағы ішкі ахуалға да әсер етеді. Де­путат 2009 жылдан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 3 739 теңге көлемінде коммуналдық шығындарды өтеу қарастырылғанын айтады. Алайда қазіргі коммуналдық қызметтің құны орта есеппен 20 мың теңгені құрайды, ал өтемақы мөлшері жылдар бойы қайта қаралмаған. Сенатордың айтуынша, Үкімет ең алдымен ішкі істер органдарының барлық санаттағы қызметкерлеріне лауазымына қарамастан тұрғын үйді жалдағаны үшін өтемақы төлеуді қамтамасыз етіп, жылдар бойы өзгертілмеген коммуналдық шығындарды өтеуді қайта есептеу мәселесін қарау керек.

Кадрдан қадір кетті

Соңғы жылдары ішкі істер органдарын қайта жасақтау, штат санын қысқарту сәнге айналды. Құдды күштік құрылымға оңтай­ландыру мен жаңғырту енгізу еріккеннің ермегіне айналғандай. Бірақ өзіндік бағыты қалыптасқан жүйені өзгертуден өзгеріп, оң­тайланып кеткен күштік құрылымды көр­медік. Керісінше, сыннан көз ашпайтын құ­қық қорғау қызметкерлерінің біліктілігі жиі айтылады. Бұған дейін реформатор­лар­дың қысқарту туралы ойын құп алған де­пу­таттар қазір күштік құрылымның сапын­дағы білікті кадрлардың жоқтығын өздері көтеріп жүр. Соның бірі – министрлікке тие­сілі 12 оқу орнының 5-ке дейін қысқартылуы. Отставкадағы полиция генерал-майо­ры, профессор Мирлан Қызылов қазақ­стан­дық полицияға жасалған қастандықтың басы күштік құрылымдарға тиесілі оқу орын­дарын қысқартудан басталғанын айт­ты. 30 жылын полиция офицерлерін даяр­лауға арнаған ол «Егер қысқарту болмағанда кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай акаде­мия­сы – 1 000, М.Есболатов атындағы Ал­маты академиясы – 1 000 және Ақтөбе заң институты 1 000 кәсіби шыңдалған, төзім­ділікке үйретілген, батыл курсантын сапқа қоюға дайын болар еді», – дейді. Оның айтуынша, ведомстволық білімді оңтайландыру нәтижесі опық жегізген. Шикі жүйені дайындағандар мен қабылдап жібергендер күштік құрылымдағы кадр тапшылығының артуына себеп болды. «Қаулының 3-тарауы 17-тармақшасында «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оң­тайландыру» дей отырып, «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар» деген бөлігінде «қаражат талап етілмейді» деп бе­кіткен. Заманға сай жабдықталмаған құ­рал-жабдық болмаса, заманауи академияда білікті кадрларды дайындай алмаймыз. Қа­зір учаскелік полиция инспекторы мен же­дел іздестіру уәкілдерін 3-6 айда дайын­даймыз. Ресейде 5 жыл оқытады. Бізде ІІМ арнаулы оқу орнында 4 жыл оқитын кур­сант­тың қызметтік қаруды атуға дағды­ла­нуына шамамен «Макаров» тапаншасымен – 513, ал «Калашников» автоматымен небәрі 243 оқ беріледі. Ал 3 айлық алғашқы кәсіби дайындығында қанша оқ-дәрі жұмсалады? Ол полиция қызметкері тиісті кәсіби біліктілік иеленбейді», – дейді Мирлан Қызылов.

Қызметкердің құны көк тиын

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтық кепілдіктері тіпті күл­кілі. Қазір казармада тұратын ұлдар 1 курс – 9 472 теңге, 2 курс – 9 472, 3 курс – 16 436, 4 курс -16436 теңге стипендия алады. Курсанттар қызметтiк мiндетiн атқарып жүргенде қаза тапса немесе мертiксе асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi. Сонда 1-2-кур­сантының құны – 568 320 теңге. Ресейде 3 000 000 рубль, теңгеге шаққанда 17 040 000. Саптағы қызметкерлердің де өмірі айлық көрсеткішпен есептеледі. Ал өмір сүру деңгейі бойынша әлемнің 115 елінің тізімінде 110-шы болып тұрған Таиландтың өзінде жергілікті полиция қызметкеріне екі жыл қызмет еткен соң пәтер береді. Ерлігімен есте қалған Бақытжан Бәкіров өз өмірін қатерге тігіп, күдіктіні ұстау үшін 13 қабаттан секірді. Абырой болғанда аман қалды. Ал міндетіне мінсіз берілген сол қызметкер көпбалалы отбасы ретінде алған баспанасы болғаны үшін мемлекет ай сайынғы өтемақыдан қағады. Заң бойынша барлығы дұрыс. Бірақ қылмыскерді ұстау үшін көзсіз ерлікке барған қызметкерге өтемақы емес, бір баспана беруге Үкіметтің шамасы жетер еді. Өкінішке қарай, бізде қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда бе­рiлетiн кепiлдiктің өзі күлкілі. Жара­қа­тына байланысты қызметін жалғастыра алмаса, біржолғы өтемақы беріледі. Бірінші топқа – 30 айлық, II топқа – 18 айлық, III топтағы мүгедекке 6 айлық ақшалай қара­жат қарастырылған. Ал ерлікпен қайтыс болған қызметкерлердің балаларына грант бөлу туралы өзгерісті Білім және ғылым министрлігі әлі де пысықтап жатыр.

Құқық қорғаушылар неге өзін қорғай алмайды?

Осы жылдар ішінде қызмет бабында 905 полицей қаза тауып, 5 167-і жараланған. Бейбіт күнде осынша қызметкер қауіпті қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Себебі біздің елде полицейлердің құқықтық қорғалуы қамтамасыз етілмеген. Сол үшін билік өкілдеріне шабуыл жасау мен заңға бағынбайтындар үшін жауапкершілікті күшейту қажет. Мәселен, «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы құқық қорғау қызмет­керлерінің құқығын шектейді. Ресейдің «По­лиция туралы» заңы полиция қызметке­рінің атыс қаруын қолдануға құқылы еке­нін заңмен белгілеп береді. Заңдық тұр­ғыдан да, құрылым тарапынан да қолдау болмаған соң полиция қызметкерлері өз бетінше шешім қабылдауға, батыл қадам жасауға дәрменсіз. Оның үстіне, қызмет барысында әрекеті сыналып, көпшілік тал­қысына түскен қызметкерлерін министрлік қорғамақ түгілі, «алдын ала» жұмыстан шы­ғарып, «керексіз» адамнан бас тарта­тынын көріп жүрміз. Осыдан кейін полиция қызметкерлерінен үлкен ерлік күту, жоғары рух дәмету қисынсыз. «Заң атымен» деген сөздерді естіген азамат полицияға сөзсіз бағынуы керек. «Ал кешегі жаппай бұза­қы­лық пен тәртіпсіздік кезінде «сөзсіз бағы­нудың» көрінісін көре алмадық. Өздерін ұрды, өлтірді. Қоғамнан да заң алдында адамдар теңдігін айшықтап айтатын уақыт жетті. Қоғамда жоқ нәрсені полициядан қалай талап етеміз? Бұл сөзге бағынбайтын болса, мемлекет атынан берілетін мәжбүр­леу шарасына дайын болу керегін түсіндіру керек», – дейді Мирлан Қызылов. Мәселен, Ресейде бүлікшілер полицейлерге 100, 10, 3 метр жақындаса қару қолданады. Ал АҚШ-та полиция көлікті тоқтатқанда қо­лын көлікке қойып тұрмаса, бірден атады. Өйткені оған қауіп төнуі мүмкін. Біздегі жағдайда полиция емес, қылмыскер бірін­ші шабуыл жасауға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, дипломы ішкі істер са­ласының қызметіне бейімделмеген ма­ман­дарын таңдап, жыл сайын маман­дан­ды­рылған оқу орындарын бітіретін білікті кадр­лардан бас тарттық. Сол үшін қар­мақсыз балық аулауға бет бұрған солақай реформаторлардың кадр дайындауда кеткен қателігі сараланып, күштік құрылым қызметкерін құқықтық қорғалуын қамта­ма­сыз ету керек-ақ. Бұдан бөлек, жүрек қа­­лауымен күштік құрылым сапына кел­гендерді АҚШ, Еуропа, Таиланд, Ресей­дегідей мәртебесі мен материалдық қол­да­уын заңмен айқындап берсе, антына адал, міндетіне мінсіз қызметкерлер көбейер еді.