Шымкенттіктер үйін күзетіп отыр
Шымкенттіктер үйін күзетіп отыр
Шымкент қаласындағы Асар-2 шағынаудан тұрғын­дары үрей үстінде отыр. Енді қайтсін, ұры атаулы осы Асар­да жүретіндей. Қаңтар айының өзінде 11 үйді тонап кеткен. Бұл – ресми тіркелгені. Ал арызданбағаны қаншама... Тұрғындар ұрылардың күндіз де, түнде де жорыққа шыға беретінін айтады. Бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан бұл қылмыстың беті қайтар емес. Бірде-бір күдікті ұсталмапты. Полицейден қайран болмаған соң ашынған жұрт енді елді мекенді өздері күзетуге кіріскен. Мұнда 6 жылдан бері тұрып жатқан Жасұлан Ақтаев – ұры­лардың құрбаны болғандардың бірі. Бастапқыда мұнда тұрғын халық аз болған, кейін көшіп келушілер қатары артып, қазір едәуір үлкен ауылға айналыпты. «Отбасыммен 3 бөлмелі кішірек үйде тұрамыз. 21 қаңтар күні кеш­кі сағат 7-11 арасында қонаққа барып келдік. Келгенімізде терезе ашық тұрғанын көрдік. Оған аса мән бермей, терезені ашып ке­тіппіз деп жауып алдық. Ішке кірген соң келіншегім шкафтың шашылып жатқанын көрді. Сөй­тіп, артынша өзінің алтын-кү­міс­терінің қолды болғанын айтып, ойбайлап қалды. Байқасақ, те­резеден бері шкафқа дейінгі аяқ­киім іздері көрініп тұр. Үй де он­шалықты суымапты. Соған қарағанда біздің келуіміздің алдында болған оқиға сияқты. Дереу полицияны шақырттық. Олар тексеріп, «із қалмапты, қол­ғаппен қараған сияқты» деп кетіп қалды. 300 мың теңгенің жоба­сын­да әшекей мен інімнің, келін­шегімнің және менің құжат са­лын­ған сөмкемді алып кеткен. Сол күйі табылған жоқ. Жақында құжаттарымды қайта рәсімде­дім», – дейді ол. Елді мекен тұр­ғы­ны осы жағдайдан кейін ауыл тұр­ғындары ашқан WhatsApp-та­ғы чатқа болған оқиғаны жазып, көршілерін сақ болуға шақырған. Бірақ бұл жағдай бұдан бұрын да болып жүрген және бұдан кейін де талай болған. «Дәл қазір ұр­лыққа түсудің маусымы екен. Біз мұны қайдан білейік? Ұрылар осындай қыстыгүндері адамдар үйлерінен шықпайтын уақытта жорыққа шығады екен. Өкінішке қарай, бірде-бір рет қылмыскер құрықталмаған. Қазір біз ұр­лан­ған затқа емес, балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдап отырмыз. Себебі бір үйге екі реттен ұрлыққа түсу жағдайы болған. Сондықтан үйге тағы айналып келіп қала ма деген қауіппен әйел, бала-шағам үрейде отыр. Сыртқа шығуға жүрексінеді», – дейді ол. Мұнда учаскелік инспектор жиі ауысады. Жуырда тағы басқа инспектор келіпті. Қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз етіп, тұр­ғындардың тыныштығын қам­тамасыз етуі тиіс полицейлердің осы уақытқа дейін ұрыны ұстай алмай қауқарсыз отырғанына күйінеді. Соңғы кездері ғана кө­шеде дабылқаққышын қосып жүретін полицейлердің бұл әре­ке­тіне тұрғындардың көңілі тол­майды. Себебі бұл жағдай көпке созылмайтыны белгілі. Одан да ұрыны астыртын әрекетпен ұстау керек екенін айтады. Бүгінде елді мекендегі кейбір белсенділер көшеде салт жүргендерді тексеріп, бұл іске өздері кіріскен. Ал Нышанәлі Дәуренбековтің үйін ұрылардың үптеп кеткеніне 10 күн болыпты. Баукеспелер теледидар мен ноутбукты қолды еткен. Асардан үй сатып алғанына бір жыл болған Назира апаның өткен бейсенбіде пердесі мен аспашамын ұрлап кеткен. «Мұнда әлі жылу жоқ. Сондықтан ауыл­дан әлі көшіп келмедік. Енді жиі-жиі болатын ұрлықты ести берген соң мұнда тұруға қорқып та отыр­мыз. Сатып, қала ішіндегі көпқа­батты үйлерге көшсем бе деп отыр­мын», – дейді әжей. Тұрғындардың барлығы дер­лік тәртіп сақшыларына сенбейді. Оларды ұрылармен сыбайлас дейтіндер көп. Ұстаған күдіктіні шығарып жіберіпті дегенді де жиі естиді. Тіпті, Гаухар Әбішованың үйіне ұрылар тапа-тал түсте ке­ліпті. «Бұл ұрлық қанша жылдан бері тыйылмай келеді. Екі жыл бұрын үйіме баса-көктеп келген суық қолдылар екі баламды екеуі қабырғаға тақап тұрып, үшіншісі үйден бағалы зат, ақша іздеген. Алғашында кіре сала «ақша қайда, мамаң жіберді» дейді. Одан соң өздері іздеген. Кейін бір балам сытылып, далаға айқайлап шыққанда, бұлар тез көлігіне мініп қашып кетеді. Сүндет той істегелі жүрген едім. Үйде ақша да бар еді, таба алмапты. Соған қарағанда, үйінде адам жоғын, ақшаның кімде бар екенін білетін адамдар шығар», – дейді ауыл тұрғыны. Бала-шағасының аман­дығына шүкіршілік еткен ол арыз­данбапты. Одан кейін мектеп үйінің жанында болса да, бала­ларын сабаққа апарып алып ке­леді. «Асарда қорқатын заман бо­лып тұр. Осы уақытқа дейін «ұры ұсталды» не болмаса, «бі­реу­дің заты табылыпты» дегенді ес­тіген емеспін», – дейді ол. Тіпті, осындай айқай-шу болып, тұр­ғындар жиналып жатқанның өзінде шеткі үйлерді тонап кет­кен. Бұл енді мүлдем шектен шыққандық. Учаскелік полицейлер болса, «қылмыстың өршуіне инфрақұ­рылымның жоқтығы себеп болып отыр», – дейді. Ауылда тіркелген 11 ұрлық қылмысының біреуі де ашылмаған. Бар тапқаны – учас­келік полицейді ауыстыру. Жуыр­да тағы біреуін алып келіпті. Қа­ратау ауданы ПБ жергілікті по­лиция қызметінің бастығы Ба­уыр­жан Оразымбетов жаңадан келген тәртіп сақшысының тә­жірибесі мол екенін айтты. «Жа­ңадан келген учаскелік поли­цейдің қылмыс ашуға бейімі мол. Халықпен жақсы тіл табысып жатыр. Осы жерге жақын маңда тұрады. Осында әдейі қойып отыр­мыз. Енді қылмыс азаяды. Жұмыс атқарамыз. Өздеріңіз бай­қағандай, көшелер асфальттал­ма­ған, су, жарық жоқ. Жарық қою, камера орнату мақсатында әкім­дікке ұсыныс бердік», – деді ол. Ал мұндай жауаптың талайын естіп, зәрезап болған тұрғындар енді кімге барып шағым айтарын білмей отыр.

Шымкент қаласы