"Қасіретті қаңтар" оқиғасына байланысты еліміздің әр облысында тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Бас прокуратураның дерегінше, осы күнде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты деген 467 адам қамауға алынған. Олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттелуде. Адамдардың бүлікке қатысы бар-жоғы тергеліп жатқанын, оның көбісінің босатылғанын адвокат Абзал Құспан да растады.
– “Аманат” комиссиясы қайда, не істеп жатыр дерсіздер. Олай деуге толық құқылысыздар. Біз Талдықорған қаласынан кейін Таразда жұмыс істеп, Шымкент қаласына келдік. Қазір Талдықорғанда кәмелетке толмаған 9 бала босатылғанын естіп, қуанып қалдық. Біздің ықпалымызбен босаған адамдардың жалпы саны 100-ге жуықтаған болар. Біз тек жекелеген адамдарды босату бағытында ғана емес, республикалық органдарға нақты ұсыныстар мен аналитикалық материалдар да жолдап жатырмыз. Жұмыстың көптігінен тізімді қарап, ретке келтіруге де мұршамыз болмай кетті. Сәл қолымыз қалт еткенде ол жұмыстарымыз туралы да хабардар ететін боламыз, – дейді адвокат.
Оның айтуынша, "Аманат" комиссиясы Талдықорғанда болған, сөйтіп кәмелетке толмаған 9 баланың босатуына атсалысқан.
– Қазір Семей, Өскемен жағында комиссия өкілі Ерлан Қалиевтің жұмыс істеп жатқанына бір апта болған. Сол жақтан да жағымды жаңалықтар күтілуде, – деді Абзал Құспан.
Естеріңізге сала кетсек, Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатқанын мәлімдеген. Арасында екі әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім болған.