Талдықорғандағы Сүйінбай атындағы облыстық филармония бұдан 25-30 жыл бұрын зейнетке шыққан бір топ өнер ардагерлерін салтанатты түрде шығарып салды. Бұл туралы Алматы облысы Мәдениет басқармасының жетекшісі Мәрлен Көлбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Дәл осы тақырыппен бүгін өнер ардагерлеріне мәдениетке сіңірген еңбектеріне салтанатты түрде құрмет көрсетіліп, лимузинмен қыдыртып, қызыл кілем жайып қарсы алып, қазақы дәстүрмен шапан жауып, барлығына бірдей бағалы сыйлықтары тапсырылып, дәстүрлі әншілерімізге дәстүрлі әншілер ұжымы, эстрада әншілеріне эстрадалық әншілер ұжымы, оркестрге оркестр ұжымы, кәсіподақ ұжымы өз сыйлықтарын табыстады.
Бұдан 25-30 жыл бұрын зейнетке шыққан өнер ардагерлері бүгінгі салтанатты көріп, дән риза болып, мәдениет басқармасы мен облыстық филармония ұжымына шексіз алғысын білдірді", – деп жазды ол.
Өнер ұжымы шығарып салған өнерпаздар арасында белгілі отбасылық ансамбль Қанат және Айткүл Құдайбергеновтер де бар.