Алматыда болған «Қаңтар оқиғасына» бір айдың жүзі болды. Бүгінде қала қайтадан бейбіт тіршілігіне оралды. Тұрғындардың күйбең тірлігі қайта басталды. Алайда сол бір күндер жүрекке сызат қалдырды. Оны бірден ұмыту да қиын. Кейбірі сол күнді әлі де қорқынышпен еске алады. Соның бірі – алматылық суретші Мими Ильницкая. «Бір түнде бар құндылығыңның күл-талқан болуы кімге де болса ауыр тиеді. Жұмыс орныма келсем, кеңсемнің сау тамтығы қалмаған», – дейді ол.
Суретшінің кеңсесі 6 қабатта, оған жеткенше галерея бүлінбей, іштегі суреттер көрмесі мен кітаптардың самсап тұрғанына үміттенді. «Өнер жолы оңай емес, ал нәзік жандылар үшін ауыртпалығы екі есе. Оған өкінбеймін. Әрине, өзге мамандықтарға қарағанда күнелту қиын. Бірақ бұл – өзімнің таңдауым. Алайда бүкіл еңбегімнің күлге айналғанын көріп, сағым сынып кетті. Әділеттілік қайда? Біздің кеңсені өртеп жібергені қалай? Осыны түсінбедім» , – деді ол.– Ғимараттың бүлінгені көрініп тұр. Ішіне кіре бере ұялы телефонды қосып, видеоға түсіре бастадым. Барынша салқынқандылық танытуға тырыстым. Екінші қабатқа көтерілдік. Баспалдақта бүлінген сейфтардың жатқаны болмаса, айнала таза секілді көрінді. Өзімде кеңсенің кілті жоқ. Әрқашан күзетке тапсырып кететінбіз. Осы жолы да үйреншікті әдетпен күзетке барып, кілтті алмақ болдым. Сол кезде кеңсеге есікті бұзып кірген ғой, кілттің не қажеті бар деген ой сап ете қалды. Жолымыздағы кеңселердің есігі бұзылып, сынып жатқанын байқаған едім, – дейді Мими Ильницкая.