ШҚО-да 45 жол қызметінің басшысы жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Мәлімет бойынша, жыл басынан бері тәртіп сақшылары облыс көшелері мен жолдарындағы қауіпсіздікті бақылау үшін 400-ден астам тексеру жүргізді. Соның нәтижелері бойынша жол қызметтерінің 45 басшысы әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде қала, ауылдық округ әкімдері, тұрғын-үй коммуналдық қызмет шаруашылығы бөлімдерінің басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор өкілдері, мердігерлік ұйымдардың заңды тұлғалары бар.
«Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – жол-көлік оқиғаларының санын азайту, жолдардың қауіпті учаскелерінде жүргізушілерді ескертетін белгілердің орнатылуын қамтамасыз ету. Осы мақсатта Полиция департаментінің ұсынысымен Өскемен және Семейде 6 бағдаршам орнату жоспарланған. Сондай-ақ осы қалаларда 30-ға жуық оң жақ бұрылыс жасау бойынша құрылыс жұмыстары жалғасады», - деп хабарлайды ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.