Стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі
Стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі
180
оқылды
Екіжақты келіссөздің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қазақстан Президенті өз сө­зінде Мәскеуге сапармен келуге шақырғаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. – Келіссөз өте мазмұнды және тиімді болды. Осы мүмкіндікті пай­далана отырып, бүгінгі келіс­сөзге көңілім толатынын айтқым келеді. Биыл мемлекеттеріміз үшін атаулы жыл болмақ. Елдеріміз арасындағы дипломатиялық қаты­нас­тардың 30 жылдығын атап өте­міз. Осы уақыт ішінде достық­қа, ортақ тарихқа және халықтары­мыздың ментальдық тұрғыдан жақындығына сүйене отырып, мемлекетаралық ынтымақтас­тық­тың үлгісін қалыптастырдық. Тиімді саяси диалогтің арқасында барлық бағыт бойынша зор же­тістіктерге қол жеткізд ік. Біздің құрлықтағы шекарамыз – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл бүкіл халық­аралық қоғамдастыққа нағыз тату көршіліктің, сенімді одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісін көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев өте мазмұнды және жемісті келіссөз жүргізілгенін мәлімдеді. Екі ел басшылары қазіргі қазақ-орыс мәселелерін ашық әрі өзара сенім негізінде талқылады. – Елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстардың жоғары деңгейдегі табысты дамуына көңі­ліміз толатынын атап өттік. Өзара тиімді ынтымақтастықтың зор әлеуетін ескере отырып, саяси, эко­номикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге ниет­ті екенімізді нақтыладық. Біз өзара сауда-саттықтың оң қарқы­нын сақтауға уағдаластық. Пан­демия шараларына қарамастан, жоғары нәтижеге қол жеткізілді. Был­тыр тауар айналымы 21 мил­лиард доллардан асты, – деді Қа­зақстан Президенті. Қ.Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан эконо­ми­касындағы же­тек­ші инвестор­лардың бестігіне кіреді және олар­дың салған қар­жы­ларының жалпы көлемі 17 мил­лиард доллардан аса­ды. Елі­мізде шетелдік капитал­дың үлесі бар әрбір үшінші кә­сіпорын Ресей ком­панияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвес­тициялық портфелі барлық саланы қамтыды. – Біз өндіріс кооперациясын кеңей­тудің перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны іске асырды. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзір­ленуде. Келіссөз кезінде құрметті Владимир Владимировичке бұл жобалардың бәрі менің жеке бақылауымда екенін айттым. Олардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, елдеріміздің өнеркәсіп және техно­логиялық әлеуетін нығайтуға бағыт­тал­ған. Өңіраралық ынтымақтастықтың да пайдасы зор. Екі ел арасындағы сауда айна­лымының шамамен 70 пайызын өңір­леріміз арасындағы өзара тиімді сауда-саттықтың үлесі құрайды, – деді Мемлекет басшысы. Тоқаев Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы табысты серіктестіктің жаңа инновациялық өсім нүктелері есебінен кеңейіп отырғанын атап өтті. Бүгін цифрландыру, ғарышты игеру сияқты өзекті мәселелер мен атом энергетикасы саласында мамандар даярлау бойынша елдеріміздің ілгерілеуіне мүмкіндік беретін бірқатар құжатқа қол қойылды. – Қазақстанда инженерлік-техника­лық сала бойынша жоғары білікті маман­дардың қажеттігін ескере отырып, білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерек­ше мән берілді. Келіссөз барысында Владимир Владимировичке Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орын­дарының филиалдарын ашуға келіскені үшін ризашылығымды білдірдім. Бұл қадам еліміздің білім беру саласын дамы­туға сүбелі үлес қосады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев екі тараптың да халықаралық бастамаларды ілгерілетуге өзара қолдау көрсететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан халықаралық EXPO көрмесін 2030 жылы Мәскеуде өткізу бастамасын қолдайды. Қазақстан Президенті Ресей Феде­рациясының аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі рөлін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздіктің тұтастығына қатысты Ресейдің ұстанымын қолдады. Аталған құжат 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумында қол қойылған Декларацияда бекітілгенін еске салды. – Қазіргі әлемде басқа мемлекеттердің қауіпсіздігіне залал келтіре отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес және тиімсіз екенімен келісеміз. Сон­дық­тан халықаралық ауқымдағы қауіпсіздікке қатысты Ресей Федерациясының ұсы­ныстары табысты дипломатиялық келіссөз өткізуге жақсы негіз болады. Келіссөздердің тек сөз үшін емес, нәтижеге қол жеткізу үшін жүргізілгенін қалаймыз. Түптеп келгенде «жақсы жанжалдан, жаман болса да бітім артық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген келіссөзге көңілі толатынын атап өтіп, қонақжайлылық көрсеткені үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді.