АҚШ-та есепшоты барлар да салықтан құтылмайды
АҚШ-та есепшоты барлар да салықтан құтылмайды
220
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысында де­пу­таттар Қазақстан мен АҚШ арасын­да­ғы салықтық қатынасты нығайтатын ке­лі­сімді қабылдады. Соған сәйкес, енді Қазақстан АҚШ-та шоттары бар барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат ала алады. Бұл еліміз үшін салық­тарды жинау мен басқарудың қосымша құралы болмақ. Аталған жаңа нормалар «Қазақстан Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі ара­сынд­ағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңда жазылған. «Қабылданған заң Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы салық бойынша қатынастарды нығайтуды көздейді. Келісім екі мемлекеттің уәкілетті органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа құқықтық тетіктерін қолдануға негіз қалыптастырады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар отырыс барысында сенатор Ләззат Қалтаева ант берді және Сенаттың тұрақты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болып сайланды. «Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саяси өмірге белсенді араласуына үнемі мән беріп келеді. Президент Жарлығымен Ләззат Қалтаеваның сенатор болып тағайындалуы – соның нәтижесі. Бұл – мемлекетіміздің инклюзивтілігінің және Мемлекет басшысының елімізді жаңарту бағдарының іске асырылуының жарқын көрінісі. Мұндай қадам алдағы уақытта мүгедектігі бар адамдардың саяси және қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді жаңа депутатты таныстырған Сенат Төрағасы. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Ләззат Қалтаеваны көпшілік белсенді қоғам қайраткері ретінде жақсы танитынын, ол бұған дейін де заң шығару қызметіне қатысып, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын жолдап келгенін атап өтті. Одан бөлек, Сенат Төрағасы алдағы уақытта әріптесінің бұл бағыттағы жұмыс­тарды сенатор ретінде табысты жалғастыратынына сенім білдіріп, депутаттық қызметіне сәттілік тіледі.