Додаға түскен мұзбалақтар
Додаға түскен мұзбалақтар
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
Қысқы Олимпиадаға 100-ге жуық мемлекет қатысқанымен, олардың көпшілігіне жүлде бұйыра бермейді. Әзірге Бейжің Олимпиадасында бүгінге дейін 20-дан астам елдің өкілдері жеңімпаздар қатарынан көрінді. Олар­дың арасында жас спортшылар да бар. Өкінішке қарай, бұл сапта әзірге қазақ­стандықтар жоқ.

Қазақстан жас могулшыларға сенім артты

Жүлде алмаса да, алғаш рет Бейжің бәсе­кесінде бағын сынап жатқан жас спортшы­ларымыз жетерлік. Олардың басым бөлігі могулшылар. Ұлттық олимпиада комитетінің таратқан ақпаратында, 19 спортшы үшін бұл алғашқы Олимпиада екені хабарланды. Жалпы, құрамадағы ең жас спортшының жасы 16-да болса, ең үлкені 35-те. Әлемдік додаға барған ең жас спортшымыз – әйелдер арасында фристайл-могулдан сынға түскен 16 жастағы Анастасия Городко. Бірінші кезеңде ең жас қатысушымыз қателік істеп мәреге жете алмады. Ал екінші ірік­теу кезеңін­де жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол 67.47 балл жинап, 11-орынға тұрақтады. Дегенмен бұл нәтиже дүбірлі доданың финалына шығуға жеткілікті болмады. Фристайл-могулдан 17 жастағы қазақ­стандық Олеся Граур да жас өрендердің бірі. Өкінішке қарай, жүлдеге таласа алмады. Олеся 57,18 ұпай нәтижесімен 23-орынға тұрақтады. Аталған спорт түрінен Қазақстанның әйелдер құрамасы сапындағы үздік көрсеткіш 20 жастағы Аяулым Әміреноваға тиесілі. Барлық элементтерді сәтті орындаған жерлесіміз 66,82 ұпай нәтижесімен 16-орыннан көрінген болатын. Тау шаңғысы бойынша еліміздің намысын қорғаған жалғыз қатысушымыз Александра Тройцкая да әлемдік жарыста өнер көрсеткен жас саңлақтарымыздың қатарында. 18 жастағы қаршадай қыз 9 ақпанда Бейжіңдегі Олим­пиада ойындарында әйелдер арасында тау шаңғысы жарысына қатысты. Қазақстандық атлет бірінші әрекетінде-ақ жарыстан шығып қалды.

Мәнерлеп сырғанау үздіктері енді қайтпек?

РОК сапында Бейжіңге келген 18 қатысу­шының тоғызы 2001 жылғылар және одан кіші жастағы спортшылар. Мәнерлеп сырғанаушы Камила Валиева – 15 жастағы РОК құрама­сының ең жас мүшесі. Ал фристайлшы Александра Глазкованың Камиладан бір ай ғана үлкендігі бар. Қалған жас спортшылардың көпшілігі мәнерлеп сырғанау спортының өкілдері. Олардың жас шамалары қарайлас. Қыздардан Александра Трусова мен Анна Щербакова – 17-жаста, Марк Кондратюк, Андрей Мозалёв, Евгении Семененко 18 жастағы жеткіншектер. Аталған спортшы­лардың жас та болса мәнерлеп сырғанау спортында көп-көрім жетістікке жеткенін айта кеткен жөн. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Еуропа, әлем бірінші­ліктерінде, ішкі чемпионатта, Ресей кубогында және өзге де халықаралық турнирлерде жүлде алған. Жас таланттардың ендігі мақсаты Бейжің төрінде жүлде алу болатын. Сол мақтаулы мәнерлеп сырғанаушылар­дың басы дауға қалды. Күні кеше Ресей құрамасында сынға түскен Камила Валиева­ның желтоқсанда тапсырған допинг тест сынамасынан күмәнді препараттар табылды. Қазір ХОК пен Халықаралық коньки одағы мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп, жан-жақты тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Аталған спорт түрінен әлемдік додаларда алғашқы орындарды бермей жүрген саңлақ­тардың тағдыры енді қыл үстінде тұр. Ресей құрамасы командалық жарыста алған алты­нынан айырылуы мүмкін. Халықаралық олимпиада комитеті медаль тапсыру рәсімін кейінге қалдырды. Командалық сайыста бірін­ші орын алған ресейлік мәнерлеп сыр­ғанаушы Камила уақытша жарыстардан шет­тетіліп, жекелей сындағы бәсекеге қатыс­пайтын болды. Қазір команда мүшелері осы жағдайға алаңдап, мәселенің оңынан ше­шілуін тілеп отыр.

Олимпиадада көзге түскен өрендер

Биыл бірінші Олимпиадасына қатысқан 19 жастағы ресейлік фристайлшы Анастасия Смирнова үшін Бейжің ерекше есте қалатын болды. Фристайл могулдан сынға түскен Ре­сей­дің төрт дүркін чемпионы жарыс қо­рытындысы бойынша үздік үштікті түйіндеп, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл сында австралиялық Джакар Энтони алтын, америкалық Джелин Кауф күміс медальді мойнына тақты. Бейжіңде 1 500 метрге конькимен жүгіру­ден ерлер арасында жарыс жолына шығып, қола жүлдені еншісіне байлаған оңтүстік кореялық Ким Мин Сок та құрамасындағы жас спортшылардың бірі. Алайда 2000 жылғы Кимнің бұл екінші Олимпиадасы. Ол – 2018 жыл­ғы Қысқы Олимпиада ойындарының командалық есепте күміс жүлдегері, 1 500 метрге жүгіруден өткен қысқы Олимпиаданың екі дүркін қола жүлдегері. 8 жасынан бастап осы спорт түрімен айналысқан кореялық азаматтың бір басына жетерлік жетістігі бар. Айталық, 2016 жылы Лиллехаммерде өткен жасөспірімдер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында 1 500 метрге жүгіруде және масс-стартта, 2017 жылы Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында 1 500 метрге жүгіруде және командалық жарыста алтын медальді жеңіп алды. 2018 жылы Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарында Ким Мин Сок 1 500 метр қашықтықта қола жүлдегер атанды. Кореялық спортшы 22 жасында Олимпия ойындарында жүлдегерлер қатарына еніп, 2022 жылды да сәтті бастады. Хоккейден Словакия құрамасының 2004 жылғы шабуылшысы Юрай Славковский алғашқы ойынында мергендігімен көзге түсіп, көпшілікті үздік ойынымен баурап алды. Бейжіңдегі «Ұлттық» стадионында хоккейден ерлер арасындағы Олимпиадалық турнирдің топтық кезеңіндегі маңдайалды матчында Финляндия қақпасына бірінші болып шайба салды. Осылайша, Финляндия лигасында өнер көрсететін TПС командасының ойын­шысы спорт мамандарының назарын өзіне аударды. Скауттар 17 жастағы жас шабуылшы­ның алдағы ойындарда да өнерін жіті бақылап, назарда ұстамақ. Спортшының Бейжің Олимпиадасынан соң үздік чемпионатта өнер көрсетуге мүмкіндігі арта түсетіні де айтылып жатыр. Айта кетейік, Юрайдың командасы С тобында Швеция, Латвия, Финляндия құрама­ларымен бір топта ойнайды. Біз атап өткен саңлақтар Бейжің Олим­пиадасында бақ сынап жатқан жас өрендердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта олардың қатары толығып, кейбіреулерін жүлдеге қол созған үздіктердің қатарынан көріп қалуымыз әбден мүмкін.