Жаңа Қазақстан. Саясат
Жаңа Қазақстан. Саясат
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні өткен Мәжіліс отырысында азаматтық қоғаммен және сарапшылармен арадағы диалог негізінде саяси реформалардың жаңа топтамасы әзірленетінін мәлімдеген еді. Реформалардың жаңа топтамасында саяси трансформацияға да айрықша көңіл бөлінетіні айтылды. Сөйтіп, «Жаңа Қазақстан» құрудың саяси алғышарттары айқындалмақ. Осы ретте, біз саясаттанушылардан саяси реформалардан не күтетіні жайлы сұра­дық. Дос Көшім Дос КӨШІМ, саясатанушы:

 «Реформалар пакетінен үш нақты бағыт күтемін»

– Президент Қ.Тоқаевтың саяси рефор­маларының ара­сынан үш мәселені көргім келеді. Біріншіден, «Саяси партиялар туралы» жаңа заңды көргім келеді. Онда әрбір қоғамдық топқа саяси партия құруға мүмкіндік берілуі керек. Екінші, сайлау жүйесін толық өзгертетін реформаны күтіп отырмын. Бұл жерде «Сайлау туралы» заң, сайлау комис­сияларының құрамы, қысқасы тұтас сайлау жүйесі өзгеруі керек. Үшінші, тілге байланысты. 30 жыл бойы айта-айта әбден шаршатқан мәселе. Яғни, реформалардың арасынан мемлекеттік тілге қатысты заң күтемін. Меніңше, тұтас ұлттық құнды­лықтар туралы қандай да бір әрекет болуы керек. Өйткені қаңтарда алаңға шыққандар тек газ бағасына бола өре түрегелген жоқ. Көп дүние қордаланып қалды. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты мәселе күйіп тұр. Мұны ескеру қажет. Өз басым саяси реформалар пакетінен күтетінім – осы үш мәселе. Жалпы, сөз басына қайта оралып, азаматтардың сайлау және сайлану құқы, көппартиялық жүйе жайлы ойымды толықтыра кетсек. Егер сөздің ашығын айтар болсақ, Қазақстанда іс жүзінде толыққанды көппартиялық жүйе орнаған жоқ. Саяси сахнадағы санаулы партиялар жоғарыдан рұқсат алған, биліктің ығынан шыға қоймайтын ұйымдар. Біз билікке өткір сын айтып, өзіндік жол ұсынатын партияларды тіркемейтінін жақсы білеміз. Мысалы, тіркеле алмаған бірнеше партия­ны атап өтуге болады. Сондықтан көппартиялық жүйе орнамаған қоғамда Парламенттің партиялық жүйе арқылы жасақталуы дұрыс емес. Егер көппартиялы жүйе толық орнығар болса, азаматтардың партия арқылы сайлануы қалыпты дүниеге айналар еді. Ал қазір партияға кірмеген адамдар сайлауға түсе алмайды. Мұны мен әділетсіздік деп ойлаймын. Қазыбек Қазыбек МАЙГЕЛДИНОВ, саясаттанушы:

Адам құқы мәселесіне қатысты шешімдер қабылдануы ықтимал

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айында жасайтын үндеуі де, күзде болатын Жолдауы да саяси реформаларға арналатыны айтылды. Бүгінге дейін Президент өзінің саяси модернизациялау бағыты аясында үш саяси реформа пакетін қабылдаған еді. Олар сайлау жүйесі, саяси партиялар мен митинг ережелеріне қатысты болған. Менің ойымша, алдағы үндеуде бұл реформалардың негізгі бағыт-бағдары айтылатын болады. Оның негізгі нышаны ретінде күзгі Жол­дауын­дағы нақты қадамдардың алғышарт­тарын айтуы мүмкін. Ол қандай алғы­шарт­тар ? Біріншіден, еліміздегі көппартиялық жүйені дамыту үшін қандай қадамдар жасалатыны төңірегінде болатын шығар деп ойлаймын. Бұл дегеніңіз – саяси партиялар және сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізу болуы ықтимал. Әсіресе, партияларды тіркеуге байланысты қандай да бір межелерді төмендету тұрғысында болуы мүмкін. Ал сайлау жүйесіне байланысты айтсақ, қазір сарапшылар пропорционалды жүйеден аралас немесе тікелей мажоритарлы жүйеге көшу мәселесін айтып жүр. Бұл мәселе қарастырылуы мүм­кін.Мажоритарлы жүйенің алғышарт­тары қазір бар. Мәселен, ауыл, аудан әкімдерін тікелей сайлау Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде облыс, респуб­ликалық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауға алып келетін заңнамалық негіздерді қалыптас­тырудың алғышарттары болуы мүмкін. Сонымен қатар саяси жаң­ғырудың тағы бір маңызды бөлімі саналатын азаматтық қоғамды дамытуға, адам құқын сақтауды күшейтуге бағытталған жаңа іс-әрекеттер пакетін ұсынуы мүмкін. Қаңтар оқиғасы­нан кейін әлемдік қауым­дастық адам құқы мәселелерін жиі алға тартты, сондықтан осы бағытта қандай да бір шешім күтуге болады.