Көресіні кедейшіліктен көреміз әлі
Көресіні кедейшіліктен көреміз әлі
© коллаж: Елдар Қаба
418
оқылды
Кедейшіліктің себебі көп, де­ген­мен оның басты «қоздырғышы» жұ­мыссыздық екені даусыз. БҰҰ есе­бінше, 2021 жылы әлемде еңбек на­рығында қысқартылған жұмыс орын­дарының саны қаржы дағда­рысы болған 2009 жылмен салыстырғанда төрт есеге артқан. COVID індеті жайлаған үш жылға таяу уақыт ішінде Жер шарында жұмыссыздар саны екі есе өсті. Бүгінде 2 миллиард 200 миллион адам кедейліктің құрсауына түскен. Олардың 11 пайызы таза тақыр кедей (780 млн). Осыған орай БҰҰ хатшылығы «әлемде аштық пен жұмыссыздық күрт көбейді» деп дабыл қағып, барлық елдерді кедейшілікпен белсенді күресуге шақырды.

Жалған статистика жарға жығады

Халықаралық норма бойынша күніне 5,5 АҚШ долларына өмір сүретін адам «кедей», ал 1,9 доллардан аз ақшаға күнел­тетіндер «тақыр кедей» деп есептеледі. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 2,8 доллар (Ресейде күніне 6 доллар). Кедейлік көр­сеткіші 2002 жылғы 28 па­йыздан 2019 жылы 9 пайызға дейін тө­мендегенімен, пандемия басталғалы жұмыс­сыздық қайта өршіп кетті. Сарапшылар биыл кедейлер қауымының қарасы 12 пайызға жетуі мүмкін деп қауіп­тенеді. Ал халықтың жаппай кедейленуі мем­лекетке өте қымбатқа түсетінін кешегі «қасіретті қаңтар» оқиғасы айқын көрсетіп берді! «Бүгінде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жет­пейді. Бұл соңғы 10 жылдағы ең нашар көр­сеткіш. Сөйте тұра, жан басына шаққандағы табыс көлемі мен орташа жалақы ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Шы­нында, тек қана жәрдемақымен өмір сүріп жатқан жандар аз емес. Кейінгі 5 жылда халықтың жалпы та­бысындағы еңбек кірістері 80 пайыздан 67 пайызға дейін кеміді. Ал оның орнына әлеуметтік трансферттер 17 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғайды. Бұл тұрғындардың елеулі бөлігінің бюджеттің шығысына тәуел­ді екенін көрсетеді»,– деді Мемлекет бас­шысы Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде. Президент жұмысшылар жалақысы инф­ляция мен нарықтағы бағаға қарағанда ана­ғұрылым баяу өсетінін айтты. Салда­рынан әлеуметтік төлемдердің тиімділігі төмендеген. Мысалы, халықтың әлеуметтік тұрғыдан ең аз қамтылған бөлігі отбасылық бюджетінің 59 пайызын азық-түлікке жұм­сайды. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр республика бойынша табысы күнкөріс дең­гейінен төмен адамдардың саны 998 мыңға жеткен. Ал сарапшылар кедей­лердің 1,5 млн-нан кем емес екенін айтады. Халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі екі индикатормен өлшенеді – ең төменгі күнкөріс шегі және кедейлік шегі. Кедейлік шегі, ең төменгі күнкөріс шегінің, яғни 36 мың теңгенің 70 пайызын құрайды. Бұл өкіметтің халыққа ақшаны аз төлеу үшін істеп қойған қулығы. Яғни, әлеуметтік кө­мек алғың келсе, сіңірі шыққан тақыр кедей бо­луың керек! Ал Еуроодақ аумағында ке­дей­лік ең төменгі күнкөріс шегінің емес, ор­таша табыстың 60 пайыз деңгейінде бел­гіленген. Соған қарамастан Қазақстанда он­­­да­ған жылдар бойы кедейлік шегі кө­терілмей келеді. Қазір біздегі төменгі күн­кө­ріс мөл­шерлемесі Нигерия, Ангола, Венесуэла, Габон сияқты елдердің дең­гейінде тұр. 2020 жылы жұрт жаппай тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне байланысты жәрдем сұраушылар саны артқанына қарамастан, мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандардың са­ны керісінше азая түскен. Бұл фактор өз кезегінде зәру азаматтардың тұрмыстық жағдайын тұралатып жіберді. Сөйте тұра, 2021 жылғы статистикалық деректердің бәрі жағымды динамиканы көрсетті. Мысалы, Ұлттық банк былтыр инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмады. Бұл кезде картоп бағасы 3 есе өскен, басқа тағамдардың да бәрі қымбаттаған. Кейбір құрылыс мате­риал­дарының құны 2-2,5 есе артқан және әлі күнге дейін сол деңгейден түскен жоқ. Сөйте тұра, Сауда және интеграция ми­нистр­лігі жалпы баға өсімі 12 %-дан асқан жоқ деген ақпарат таратты. Ал Ұлттық ста­тистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсы­сын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма ретінде қабылдай салды.

Әлеуметтік төлемдер ұлғайды

Халқымыздың басым көпшілігінің әлеу­меттік жағдайының төмендігі мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіреді. Мем­лекет басшысы 11 қаңтарда Парламентте сөйлеген сөзінде де Үкіметке халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту, азаматтар­дың әл-ауқатын жетілдіру жөнінде тап­сырмалар берген болатын. Содан бері бір ай өтті, атқарушы билік өз деңгейінде ең­бектеніп жатқан шығар, бірақ оның нақты нәтижесі туралы бірдеңе деуге әлі ерте. «Президент Үкіметке кедейшілікке қарсы күрес жөніндегі бағдарламаны әзір­леу­ге екі ай мерзім берді. Алдағы уақытта оны қандай сипатта жасалып шығатынын уақыт көрсете жатар. Бірақ ең алдымен, Үкімет мұндай бағдарламаны жасамас бұрын елдегі жұмыссыздардың санын нақты анық­тап алуға тиіс. Өйткені жергілікті әкім­діктердің тізімінде өзін-өзі жұмыспен қам­тушы, жеке кәсіпкер болып тіркелгендердің көпшілігі қазір жұмыссыз жүр. Әсіресе, пандемия жағдайында көп кәсіпорын жабылып, талай адам жұмыссыз қалды»,– дейді экономист Мақсат Серәлі. Әзірге бір айта кетерлігі, жыл басынан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ( МӘСҚ) төленетін үш әлеуметтік төлемнің көлемі көбейді. Бұл шара 347,7 мың адамның тағдырына ықпалын тигізді. Үкімет қаулысына сәйкес, 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған және асыраушысынан айырылған адам­дарға МӘСҚ-тан төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері 5 пайызға өсті. «Бұл ұзақмерзімді төлемдер, өйткені олар бірнеше жыл бойы төленуі мүмкін: ең­бек ету қабілетінен айырылған жағдайда – адам еңбек қабілеттілігін қалпына кел­тірмейінше, не зейнеткерлік жасқа жеткен­ше; асыраушысынан айырылған жағдай­да – балаларға кәмелетке толғанға дейін және күндізгі оқу нысанының студенттеріне 23 жасқа дейін жүзеге асырылады», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хабарламасында. Сондай-ақ АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты бала күтімінде отырған жан­дарға МӘСҚ-тан берілетін 1 жасқа дейінгі ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақының мөлшері ұлғаяды. Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда атал­ған әлеуметтік төлемнің мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жылдағы ор­таша табыстың 40 пайызын құрайды. Бұл жағдайда әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері баланың туу кезектілігіне қарай белгіленген ай сайынғы мемлекеттік жәр­демақы мөлшерінен кем болмауға тиіс. Аталған барлық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыру МӘСҚ активтері есебінен жүзеге асырылады.

Қытай кедейліктен қалай құтылды?

Әңгімеміздің басында кедейшілікпен күрес біздің ғана емес, әлем елдерінің ба­сындағы ортақ проблема екенін айттық. Осы істе көршілерден, әсіресе Қытайдан үйре­неріміз көп. Мәселен, пандемия жан алқым­нан алып, барша өндірістер тоқтап, жұ­мыс­сыздық көбейіп жатқан кезде былтыр қытай жұртының «біз кедейлікті жеңдік» деп баршаға жар салуы ешкім күтпеген жаңалық бол­ды. 2021 жылғы 25 ақпанда Бейжіңде өткен «Кедейліктен құтылудың шешуші шайқасын бүкіл мемлекет бойынша қоры­тындылау жиналысында» ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: «Біз кедейшілікпен күрестегі шешуші шай­қаста толықтай жеңіске жеттік. 98,99 млн адам кедейліктен құтылды. 832 аудан кедей атауымен қош айтысып, 128 мың қыстақ жоқшылықтан арылды. Біз тұтас өңірлердің мәселесін түбегейлі шешіп, абсолютті кедейлікті жою міндетін орындап, адамзат тарихында тасқа таңбаланатын тағы бір ғажапты жасадық» деп жария етті. БҰҰ-ның санағы бойынша, Қытай 1978 жылға дейін кедей елдердің қатарында болды. Сол кездегі жалпы ішкі өнімі Африка құрлығындағы ең артта қалған Замбияның көрсеткішімен шамалас еді. Алайда қытай реформашысы Дэн Сяопиннің «Реформа жасап, сыртқа есік ашу» саясатынан кейін Қытай жедел дамып, кедей, мешеу елден дамыған елдердің қатарына қосылды, тіпті алпауыт АҚШ-пен үзеңгі қағыстыратын деңгейге жетті. Халқын кедейліктен құт­қарды. Қытай экономикалық реформасын бас­таған өткен ғасырдың 80-жылдары хал­қының 1 млрд-тан астамы кедей санатында тұрған. 40 жылдық даму кезеңінде оның 800 млн-ға жуығы кедейлік қамытынан сытылып шықты. Бірақ ҚХР бұл жетістікке оңай жете қойған жоқ. Тіпті, оның осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайы да мәз емес еді: қытайлар­дың 99 пайызының табысы төмен кірістілер санатында болатын. Қытай Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2012 жылдан бері халықтың жан басына шаққандағы орташа таза табысы екі есеге өсті: ауыл тұрғын­дарының табысы – 15 204 юанға, қала тұр­ғындарының табысы 40 378 юанға жеткен. Қытай экономикасының өсімі жылына орташа есеппен 7 пайызды құрайды. Қытай экономикасының тез дамуына оның ондаған жылдар бойы арзан тауарлар өндірісін жандандыруы ықпал етті. Бұл өз кезегінде әлемдегі ең арзан тауарларды құ­растыруға, сатуға негізделген эконо­миканың өсу стратегиясын қалыптастырды. Соның арқасында қазір Қытай әлемдегі өндіруші әрі жабдықтаушы елге айналды. Сондай-ақ ел билігі жекеменшік өндірісшілерді өнім­дерін экспортқа шығаруға ынталандырып, салықтан босатты, халықаралық бәсекеге төтеп беру үшін қосымша қаражат та бөлді. Бұл кәсіпкерлеріне көп септігін тигізіп, олардың шетелдерге дейін ірге кеңейтуіне мүмкіндік берді. Қытай экспортының 90 пайыздан астамы жекеменшік секторға тиесілі болуының себебі, міне, осы. Бұл Қытай экономикасының өсуінің және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуінің негізгі факторына айналды. Әрі кедейлер санын азайтты.