Бокс федерациясындағы қызметінен кетті

Бокс федерациясындағы қызметінен кетті

Белгілі боксшы, Афина Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев Қазақстан бокс федерациясының вице-президенттігінен және мемлекеттік жаттықтырушы қызметінен кетті. Бұл мәліметті спортшының өзі растады. «Қызметтен кетіп жатқанымды растаймын. Бірақ себебі туралы әзірге ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды спорт менеджері. Бақтияр Артаев 1983 жылы 14 наурызда Тараз қаласында туған. Бокспен 10 жасынан бастап айналысты. Ол 2004 жылы Грекияда өткен Олимпиада ойындарының ширек финалында екі дүркін Олимпиада чемпионы ресейлік Олег Саитовты жеңді.  Ал финалда Артаев Кубаның екі дүркін әлем чемпионы Лоренцо Арагоннан басым түсіп, Олимпиада чемпионы атанды. Спортшы «Барыс» орденімен марапатталған. Артаев кейінгі бір жарым жылда Қазақстан бокс құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы қызметін атқарды.

А.ЖАСАНҰЛЫ