Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Германия Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша уәкілі Маттиас Люттенбергпен кездесті. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Кездесу барысында Ерлан Қарин мен Маттиас Люттенберг Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады. Мемлекеттік хатшы Қазақстан Германияны Еуропа мен Еуропа одағындағы маңызды стратегиялық әріптесі санайтынын, екі ел арасындағы көпжоспарлы ықпалдастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін айтты. Сонымен қатар Ерлан Қарин еліміздің саяси жаңғыруына қатысты жоспарлар мен Мемлекет басшысының жаңа экономикалық бастамаларын жүзеге асыру жайында мәлімет берді. Өз кезегінде, Маттиас Люттенберг Мемлекеттік хатшыға кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Германия арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды ілгерілетудің әлеуеті зор екенін атап өтті.