Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына жасаған жұмыс сапары Татарстанда жалғасты. Мемлекет басшысы алдымен Қазан Кремлін аралап көрді, одан соң Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесу өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-архитектуралық және көркем музей-қорығында «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді. Татарстан Президенті Рустам Минниханов ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларының тізіміне енген осы бірегей тарихи кешен туралы әңгімелеп берді Ал екеуара ресми кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. Қазақстан Президенті мыңжылдық тарихымен, бай мәдени мұраларымен танылған Татарстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Рустам Миннихановқа алғыс айтты. – Мұнда Қазақстан Президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін атап өтті. – Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таңғаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановтың мықты әрі беделді басшылығымен Татарстанның қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, республика халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі. Татарстан Президенті Қазан қаласына іссапармен келгені үшін Мемлекетіміздің басшысына алғыс білдіріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызын атап өтті. – Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады, – деді Рустам Минниханов. Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслык» орденімен марапаттады. Ал кездесудің алдында Қазақстан Президенті «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырған болатын.