Өзбекстан – Қазақстанның орталық азиядағы негізгі сауда серіктесі
Өзбекстан – Қазақстанның орталық азиядағы негізгі сауда серіктесі
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Үкімет басшысы Өзбекстан  Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесіп, аталған елдің Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді. Ш.Мирзиеевпен кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас өзара сенімге және түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті. «Сіздің өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан­ның кең ауқымды ынтымақтастығын дамытуға үлкен серпін берді. Екі елдің үкіметтері Сіздің және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру мақсатында белсенді жұмыс істеп жатыр. Біздің одақтастық қатынастарымыздың қуатты әрі орнықты экономикалық платформасын құруға ерекше көңіл бөлініп отыр», — деді Ә.Смайылов. Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 33%-ға артып, $4,3 млрд құрады. Таяу жылдары аталған көрсеткішті $5 млрд-қа дейін ұлғайтып, ортамерзімді перспек­тивада $10 млрд-қа жеткізу жоспарда бар. Қазақстан мен Өзбекстанда 3 мыңға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан Премьері машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және өңдеуші сектордың басқа да салаларындағы Қазақстан-Өзбекстан ынтымақ­тастығының жоғары серпінін атап өтті. Автомобиль жасауда, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінде және тоқыма саласында 5 бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Құрылыс индустриясы мен машина жасауда $365 млн жуық сомаға 7 жоба пысықталуда. Елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі президенттердің арнайы өкілдерінің тетігі енгізілді. Екі елдің шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік коопер­ация орталығын құру жобасын іске асыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ә.Смайыловтың Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ариповпен келіссөзі барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық, транзиттік-көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, тоқыма, автомобиль жасау, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақ­тас­тықты одан әрі дамытудың көптеген мәселелері талқы­ланды. Сырдария өзені бассейніндегі су шаруа­шылығы жағдайына және Қазақстан Респуб­ликасының оңтүстіктегі өңірлеріндегі суармалы жерлерді вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сапар қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында орта­мерзімді перспективаға арналған екіжақты ынты­мақ­тастықты жандандыру жөніндегі жол картасына қол қойылды. «Азық-түлік келісімшарт корпор­ациясы» ҰК» АҚ өзбек тарапындағы әріптесімен Өзбекстан Республикасынан көкөніс өнімдері мен картопты сатып алуға шекті келісімшарт жасасты. Екі елдің іскер топтарының өкілдері машина жасау, АӨК және логистика салаларында жалпы сомасы $661 млн құрайтын бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойды.