Мемлекет ішіндегі «мемлекет»
Мемлекет ішіндегі «мемлекет»
335
оқылды
Қазақстанда квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесі 60 пайызға жетті. Оны өзіндік менедж­менті, жеке бюджеті мен сатып алу жүйесі бар мемлекет ішіндегі «мем­лекет» деуге болады. Алайда мұн­дай модельден ел экономикасына пайда бар ма? Бюджет кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес, квазимем­ле­кеттік сектор субъектілерінің құрамына мемлекеттің қатысуымен құрылған ұлт­тық компаниялардан, холдингтерден, акционерлік қоғамдардан басқа, мемле­кеттік мекемелер мен кәсіпорындар, се­рік­тестіктер де енеді. Бұл секторды шарт­ты түрде 4-ке бөлуге болады – басқарушы холдингтер («Бәйтерек», «Самұрық-Қазына»), басқарушы компаниялар («Зерде»), ірі ұлттық компаниялар («Қа­зақстан темір жолы», «Қазақтелеком») және төртіншісі жергілікті акционерлік қоғамдар – әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациялар. Міне, егер бюджеттік ұйым­дарды қоса есептесек, республикада квази­мемлекеттік сектордағы 6,5 мыңнан астам ұйымда 1 млн 700 мың адам еңбек етеді. Квазимемлекеттік сектордың құра­мын­да коммерциялық түрге жатпайтын, алайда қоғам үшін аса қажетті әлеуметтік сипатта қызмет көрсететін немесе жолау­шылар таситын ұйымдар бар. Бұлардың шығыны мол және мемлекеттің қаржылай қолдауы арқылы ғана қызмет етеді. Сон­дай-ақ бизнесте жұмыс істейтін, әйтсе де оған қабаттаса әлеуметтік фунциялар жүктелген немесе профильдік емес ша­руа­лармен айналысатын ұлттық компа­ния­лар да жетерлік. Сондықтан бұл сек­тор туралы сөз қозғағанда осының аражі­гін ажыратып алған жөн. Жуырда ірі бизнесмендермен кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев­тың: «Мек­­тептер мен «ҚазМұнайГаз» компа­ниясына бір өлшеммен квазимемлекеттік сектор субъектілері деп бірдей қарауы дұрыс емес. Бұл ақылға сыйымсыз» деуі содан. Сондай-ақ Президент мемлекеттің экономикаға қатысуын азайтып, квази­мемлекеттік секторды түбегейлі рефор­малау қажеттігін айтты. Өйткені респуб­ликада экономиканың негізгі салаларын 2-3 немесе 5-6 ірі компания бақылауда ұс­тап отырғаны жасырын емес, олардың атаулары жұртшылыққа белгілі. Мо­нополиялық жағдайдағы алпауыттардың дені – мемлекеттің қатысуымен құрылған компаниялар. Ал квазимемлекеттік секторды реформалау кезінде олардың ор­нын жекеменшік монополист басса, бұл ел дамуына кесірін тигізетіні даусыз. Өйткені олар нарықтағы басымдылығын пайдаланып, өз қызметтерінің немесе тауарларының құнын әлденеше есе қымбаттатып жіберуі мүмкін.

Ақша жұмыс істеуге тиіс

ОЭСР елдерінде ЖІӨ құрылымының 40-50 пайызын мемлекеттік кіріс құ­райды. Жақын көршілердің өзінде бұл көрсеткіш бізден әлдеқайда жоғары: Украина – 40 пайыз, Ресей – 35,4 пайыз, Қырғыз Республикасы – 31 пайыз. Ал Қазақстанда ЖІӨ құрылымындағы салықтың үлесі кейінгі он жылда 9,9 пайыздан 7,3 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, 2019-2021 жылдар аралығында бюджетті қалыптастыруда Ұлттық қор­дың трансферті артып, 12 трлн теңгенің үстіне шықты. Ал жалпы ішкі өнімде мемлекеттің шығын көлемі неғұрлым көп болса, ел экономикасының орташа өсімі соғұрлым төмендей бермек. Нақты айтқанда, республикада үш бөлек бюджет қалыптасқан: мемлекеттік бюджет, ұлттық компаниялардың бюд­жеті және Ұлттық қор. Сондықтан «эко­номиканы басқару моделін өзгертіп, квазимемлекеттік секторды реформала­ған жөн» деп санайды экономист Айдар Әлібаев. «Квазимемлекеттік секторда тиімсіз әрі шығынды кәсіпорын көп. Кейбіреу­лері басқа елдерде табысты саналатын салалардың өзінде қып-қызыл шығынға батып кеткен. Елімізде жүйеқұраушы алпауыттың бірі саналатын «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның өзінің шығыны шаш етектен. Мұндай жағдайда ештеңе өндірмейтін, тек қазынаның қаржысына қарап отырған қатардағы басқа мемле­кеттік компаниялар туралы не айтуға болады?»,– деді экономист. Ресми дерекке көз жүгіртсек, мемле­кеттің қатысуымен құрылған ұлттық компаниялардың көпшілігі былтырғы жылды шығынмен аяқтаған. Мәселен, «Самұрық-Қазына» бюджетке 7,5 трлн теңге берешек. Бұл ғаламат көп ақша. Салыстыру үшін айтсақ, елорданың үш жылдағы бюджеті (2019-2021) 1 трлн 114 млрд теңгені құраған, сонда оның қарызы астана сияқты 7 қаланы 2 жыл ұстап тұ­руға жетеді екен! Дәл осындай олқылық­тар квазисектордың субъектілері сана­латын «Қазтрансгаз», «Қазтрансойл», «Қа­зақтелеком» және «ҚТЖ», «Бәй­терек», басқа да компанияларда кездесе­тініне күмәнім жоқ. Бұл мемлекеттің нашар менеджер екенін көрсетеді. Сол себептен ұлттық компанияларды жеке­ше­лендіру ісі кезек күттірмейтін көкей­кесті мәселенің біріне айналып отыр. Бүгінге дейін квазимемлекеттік сек­торды «асырау» үшін қазынадан қыруар қаржы жұмсалып келді. 2020 жылы квази­­мемлекеттік секторға республика­лық бюджеттен 817 млрд теңге бөлініп, оның 20 млрд теңгесі игерілмей қалды. 2021 жылғы игерілмей қалған соманы қоса есептегенде, ол 56 млрд теңгеден асып жығылады. Яғни, ел экономикасы инвестицияға зәру қазіргідей қысылтаяң жағдайда мұншама мол ақшаның іске жаратылмай жатуын қалай ақтап алуға болады? Ал бұл қаржыға 1,2 мың орындық 18 жаңа мектеп салуға болар еді. Ақша тек жатпай, жұмыс істеуге тиіс.

Жүйелік проблема жетіп артылады

Президенттің тапсырмасы бойынша, республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің жүргізген аудит кезінде квазисектордың 60 жүйелік проблемалары мен кем­шіліктері, 41 млрд теңгенің қаржылық заңбұзушылығы активтерін тиімсіз басқару салдарынан 340 млрд теңге шығын анықталды. Бұл – жылдан-жылға қайталанып келе жатқан келеңсіздіктер. Өткен 20 жыл ішінде квазимемлекеттік секторды жоғары технологиялық және нәтижелі институтқа айналдыру міндеті орындалған жоқ. Трансформация со­зы­лып кетті, ал компанияларды жекешелен­діруге арналған 2016-2020 жылдардың жоспары тек 62 пайыз орындалды. «Квазимемлекеттік секторды жеке­шелендіруден Ұлттық қорға түскен кіріс 2017-2020 жылдары 40 млрд теңгені немесе 7 пайызды құрады. Қалған ақша ішкі және сыртқы қарыздарды өтеуге жұмсалды. Мемлекетке таза табыстан түскен соманың 7 пайыз көлемінде ғана дивиденд төледі. Әйтсе де, Президент таза табысты 100 пайыз аудару керегін тап­сырған болатын», – деп Есеп коми­тетінің төрайымы Н.Годунова бар кем­шілікті жайып салды. Бұл жерде ұлттық компаниялар өз табыстарын мемлекетке дивиденд ретінде төлеуден гөрі профильді емес объектілерді қаржыландыруға (398 млрд теңге) көп жұмсайтынын айта кеткен жөн. Квази­мемлекеттік секторда профильді емес шығын шамадан тыс көп. Мәселен, мо­торлы яхта, шаңғы трассасы бар спорт­тық-сауықтыру кешендері, дәмханалар, қонақүйлер, ат қоралар және басқа да инфрақұрылымдар бар. Олардың бәрін ұстап тұруға қомақты қаржы қажет. Мұ­ның бәрі орынсыз шығын, егер мем­лекет осы ақшаны әлеуметтік салаға не­месе инфрақұрылымды жетілдіруге бер­се, халыққа міне содан көп пайда болар еді. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор өндірісті дамытуға бағытталған несиені де қазынадан көп жеңілдікпен алып келді. Мәселен, экономиканың әр са­ласы бойынша республикалық бюджет­тен бизнесті қолдауға бөлінген қаржыны жеке кәсіпкерлер 6-9 пайыз мөлшер­лемемен алса, ол квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1 пайыздан төмен мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, квазимемлекеттік сек­тордағы әкімшілік шығының 58 пайызы жалақыға жұмсалады. Директорлар кеңесінің мүшелері компания шығынға батып жатса да, өздеріне мол бонустар мен сыйақы тағайындай беретін болған. Өркениетті мемлекеттерде бонус пен сыйақы компания тек табысты болған жағдайда белгіленеді, бізде ондай «мәдениеттіліктің» жұрнағы да жоқ. Компания штатында тиісті мамандар бола тұра, қазынадан қаржы шығарып, шетелден мамандар шақырту мысалдары да жиі кездеседі. Осы тектес шығындарды азайтпай, дивидендтердің көлемі мен оны төлеу уақытын нақты белгілемей, қазы­наның қалтасын толтырамын деу бекер әурешілік. Ал мемлекеттік сатып алу кезінде ұлт­тық холдинг құралдарының 80 пайызы бәсекелестік емес тәсілмен орналасты­рылады. Мәселен, «Самұрық-Қазына» тек бір тауар – көмірді сату кезінде ашық­тық пен бәсекелестікті қамтамасыз ет­кенде қазынаның қаражатын 20 пайызға үнемдеген болар еді, бұл жылына 1 млрд теңгеге жақын сома. Хлор, дизельді отын­ды сатуға қатысты да осыны айтуға бо­лады. «Сол себепті мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъекті­лерінің сатып алуы туралы бірізді заң қа­былдауды тездету керек. Бұл процедура­лардың бәрі Қаржы министрлігінің е-сатып алу порталындағы орталықтанды­рылған платформасында жүзеге асы­ры­луға тиіс»,– деп санайды Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова. Жоғарыдағы мысалдардан мемле­кеттік кәсіпорындардың ресурстарға, қаржыға және нарыққа басымдылық жағдайында қол жеткізетінін көреміз. Ол жекеменшік компаниялардың дамуына, ел экономикасын әртараптандыруға, тікелей инвестициялардың келуі мен еңбек өнімділігін артуға кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың ас­қынуына жол ашады. Сондықтан бюд­жеттің мойнына масыл болып отырған квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалаудың маңызы зор.