«Қасіретті қаңтар» инвесторды шошытты. Билік KASE, АХҚО биржаларының жұмысын бірер күнге доғаруға мәжбүр болды. Лондон қор биржасында елдің көшбасшы қос банкі Kaspi Bank пен Halyk Bank акциялары алапат ауқымда – тиісінше 25,1% және 17,7%-ға құлдырады. Яғни, құнды қағазға қаражатын салатын инвесторлар да қазақстандық активтен жаппай арылған. Қаржыгерлер қазір жағдай тұрақтанғанын айтады. Алайда жылдар бойы түзілген жағымды инвестклимат зардап шеккені байқалады.
Құты қашқан елге инвестиция құтаймайды
Экономика ғылымдарының докторы, доцент Ербол Сығаев бір мәселеге назар аудартады: тәртіпсіздіктер кезінде тек Алматыда ғана емес, өзге өңірлерде де қаржы секторы пұшайман күйге түсті. «Қаңтардың басында бірнеше күнге интернеттің бұғатталуы салдарынан барлық қаржы институтының, банктердің, сақтандыру, брокерлік-диллерлік компаниялардың және басқа да бизнес нысандарының жұмысы дағдарды. Қаржы субъектілерінің ұялы қосымшалары пайдасыз болып қалды. Ақша аудару, төлем жасау мүмкін болмады. Қазақстан бүкіл қаржылық секторының жұмысы жалғыз осы ресурсқа – интернетке толығымен тәуелді екенін әлемге паш етті», – дейді ғалым. Бұл Үкіметтің экономикалық қауіпсіздік мәселесін жете ойластырмағанын көрсетеді. Мысалы, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов цифрлық теңге іске қосылатынын жариялап та жіберді. Бүгінде соған дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Былтыр Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің пилоттық жобасын қолға алды, платформаның прототипін әзірлеу аяқталған. «Ұлттық төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді. Биыл 1 шілдеге қарай оны толық іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Ғ.Пірматов. Цифрлық ұлттық валютаның енгізілуі де интернетке тәуелділікке қатысты проблеманы көкейкесті ете түседі. Болашақта жұрттың қолында «цифрдан» басқа ақша қалмаса, қағаз ақша болмаса, мемлекет интернеттен ұзаққа ажырап қалса, халық азық-түлік сатып ала алмай, ашықпай ма? Әлеуметтік кернеу бүлік қатерін күшейтпес пе? Ондай елде инвестор тұрақтамасы сөзсіз. «Стратегиялық тұтас секторлардың интернетке тәуелділігінің үлкен қауіп-қатері бар. Сондықтан бұл оқиғалардан сабақ алу керек. Резервтік ІТ шешімдер әзірленгені жөн, олар Қазақстан интернеттен және SWIFT жүйесінен ағытылған жағдайда қаржылық операциялардың үздіксіз жүргізілуіне мүмкіндік беруі тиіс. Әйтпесе, елдің қаржылық жүйесінің тым осалдығы инвесторларды үркітуі мүмкін», – дейді ғалым.Табиғаты таза, халқы тоқ елге – қалталы жақ
Жаңа Үкімет Қазақстанның инвестициялық саясатын өзгертуге ниетті. «Ұлттық экономика министрлігі биылғы ақпан айында 2025 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасын қабылдауды жоспарлап отыр. Оның аясында инвестициялар тарту саясаты қайта қаралады, онда енді ESG, жаһандық энергетикалық және технологиялық трансформация талаптары ескеріледі», – дейді Экономика министрі Әлібек Қуантыров. Бұл жерде әңгіме декарбонизация үрдісі жайында болып отыр. Табиғатты CO2-мен көп ластайтын, жасыл экономикаға ден қоймайтын, көміртек шығарындыларын азайтпайтын елдерден инвесторлар теріс айналмақ. Әйтпесе, олардың өніміне дамыған мемлекеттер шамадан тыс салық салады, сондай-ақ экологиялық қозғалыстар наразылық акцияларымен компанияның беделін түсіреді. Инвестор тартуда Қазақстанды қиын заман күтіп тұрғандай. Өйткені елімізде бүкіл қуат-энергияның 70 пайыздайы көмір мен мазут жағатын, яғни жыл он екі ай ауаға CO2 бөлетін стансалар өндіреді. Қазақстандықтардың үйлерін де негізінен көмір жағылатын қазандықтар мен пештер жылытады. Президенттің байламынша, республика 2060 жылға қарай «климатты-көміртекті бейтарап елге» айналады. Бірақ оған дейін де өмір сүріп, өркендеу керек. Декарбонизация, ESG секілді әдемі сөздерді білу аздық етеді, олардың талабына сәйкес келген маңызды. Өйткені қазіргі заманда шетелдік инвесторлар қандай да бір елге инвестиция құю туралы шешім қабылдағанда ол мемлекеттің немесе жобаның ESG критерийлеріне қаншалықты сай келетінін басшылыққа алады. 2020-2021 жылдары Morgan Stanley, Ernst&Young және McKinsey жүргізген зерттеулер көрсеткендей, сақтандыру, зейнетақы және инвестициялық қорлар түріндегі институционалдық инвесторлардың, сондай-ақ миллениал-инвесторлардың басым бөлігі компаниялардың ESG-рейтингін қадағалайтын болып шықты. Неге? PwC сұрау салған тұтынушылардың 76%-ы «қоршаған ортаға, қызметкерлеріне немесе жергілікті жұртшылыққа нашар қарайтын компаниялардың өнімдерін сатып алуды тоқтататынын» мәлімдепті.ESG ес жиғызбай тастамасын
Қалай болғанда да, Қазақстан «и-эс-джиден» теріс айналмаса, қайта соған бет бұрса, құба-құп. Себебі ESG-күн тәртібіне бағдарланған қорлардағы қаражат орасан зор: шешім қабылдау кезінде экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік ахуалды назарға алатын жаһандық инвест-активтер соңғы 8 жыл ішінде үш еселеніп, 40,5 триллион (!) долларға жеткен. Осы инвестиция дариясының мыңнан бір бөлігін өзімізге бұра алсақ, қазақстандық экономика биік асуға көтеріле алар еді. PwC дерегінше, 2025 жылға қарай басқа барлық қорлардан әлдеқайда көп актив дәл осы ESG қорларының қолында шоғырланады. Жаһандық ESG қорларының саны да еселеп артуда: 2020 жылдың соңында олардың саны 4 153 болса, 2021 жылдың соңында 7,5 мыңнан асты. PricewaterhouseCoopers дерегінше, таяу болашақта ESG талаптарын сақтамау – жекелеген компаниялар және тұтас елдер үшін капитал нарықтары есігінің тарс жабылуына соқтыруы мүмкін. Сонымен бірге осы тұрғыда «лас» елдер үшін шетелдік заем да қымбаттайды. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, «климаттың өзгеруіне әсерінің 10 пайыздық пунктке артуы нарықтық экономикасы жаңа қалыптасқан елдердің ұзақмерзімді мемлекеттік облигациялары бойынша спредтердің 150 базистік пункттен астамға артуына әкеледі». Ал «климаттың өзгеруіне оң үлестің 10 п.п.-ке жақсаруы облигациялар бойынша спредтің 37,5 б.п.-ке төмендеуіне ықпал етеді». Әзірге декарбонизация мәселесінде Қазақстанның жағдайы мәз емес. Әлгінде айтылғандай, елдегі электр қуатының 70 пайыздайы көмір-мазут жағатын стансалар мен ЖЭО-ларда өндіріледі. Кейбір қалаларымызда содан қап-қара қар жауатынды шығарды. Экологиялық жағдай көп жерде сын көтермейді. Қазақстан өткен онжылдықта ЖІӨ-ге шаққанда парник газдарын шығару көрсеткіші бойынша әлемде бірінші орын алды. Мысалы, көрші Өзбекстан осы онжылдықта су және күн электр стансаларынан алынатын энергияның үлесін 25%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Оларда жаңа жобалар іске қосылуда. Ал Қазақстанда шенеуніктер мұның бәрін көзбояушылыққа айналдырып жіберген: былтыр құзырлы органдар жүргізген тергеу барысында әшкереленгендей, өңірлерде шенділер жалған фирмалар құрып, сол арқылы Қытайдан арзанқол күн панельдерін тасыған, оған мол субсидия алған. Ол панельдерді фермерлерге, ауыл тұрғындарына таратыпты, олар болса, бұл «жылтыр тақтайды» қалай пайдалану керегін білмеген.Инвесторға сүйкімсіз өңір әкімі жазаланады
Жалпы, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, Өзбекстан біздің аймақта инвестор тартуда қазаққа мықты бәсекелес болғалы тұр. «Тікелей шетелдік инвестициялар ағыны үшін жаһандық бәсеке шиеленісуде. Әлем елдері инвесторларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысады. Мысалы, Өзбекстан үдемелі инвестиция саясатына көшті. Инвестициялық бағдарламасына сәйкес, Өзбекстан шетелдік инвестиция көлемін 35 миллиард доллардан асыруды жоспарлап отыр», – деді ведомство. Смайылов Үкіметінің 2025 жылға дейінгі жаңа «Инвестициялық саясат тұжырымдамасында» біріншіден, осы төрт жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін ЖІӨ-нің 30%-ына жеткізу, екіншіден, тікелей шетелдік инвестициялардың жыл сайынғы жалпы ағынын 2025 жылға қарай 30 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту белгіленбек. Әзірге Үкіметтің жетістігі мақтанарлық емес. 2 ақпанда Инвестициялық штаб отырысын өткізген Премьер Әлихан Смайылов 2021 жылдың 9 айында ел экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) 49%-ға артқанымен, небәрі 18,7 млрд долларды құрағанын жеткізді. 49% – бір қарағанда, ауыз толтырып айтуға жарамды. Алайда ол «дұрыс салыстырудан» пайда болған көрсеткіш: 2020 жылы Қазақстан бар-жоғы 17,1 млрд доллар ТШИ тарта алды. Ал пандемияға дейінгі 2019 жылы ТШИ көлемі 24 миллиард доллар болды. Яғни, 2019 жылмен салыстырсақ, былтыр ТШИ 22%-дан астамға құлдырады. Топ-10 инвестор қатарында Нидерланд, АҚШ, Швейцария, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания, Бельгия, Түркия, Оңтүстік Корея және Франция қалды. Жаңа жоспар аясында ТШИ көлемін 2022 жылы – 23,9 млрд, 2023 жылы – 25,1 млрд, 2024 жылы – 27,6 млрд, ал 2025 жылы – 30 млрд долларға жеткізу міндеті қойылмақ. Жаңа тұжырымдамада Қазақстанды инвесторларға тартымды етуге бағытталған тың шаралар көзделуде. Мысалы, инвестахуалға ықпал етуі мүмкін заңдардың, нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары алдымен инвесторлардың талқылауына салынып, солардың пікірі де ескерілмек. Сарапшылар инвестор болса да, шетелдіктерді ұлттық заңнаманы түзуге араластыру қауіпті болуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Шетелдік басқарушылық, жоғары білікті және техникалық қызметкер жалдауға шектеуді азайту, шетелдік мигранттар үшін квотаны 50 пайызға дейін ұлғайту мәселесі пысықталмақ. АХҚО-ға инвестиция салғандарға «инвестициялық салықтық резиденттік» ұсынылады: инвесторға және оның отбасы мүшелеріне Қазақстанның көп реттік визасы беріледі, елге еркін келуіне жол ашылады. ESG талаптарын Қазақстан жағдайына бейімдеу бойынша ұсыным-кеңестер әзірленеді, 2023 жылы Бірыңғай қазақстандық ESG-рейтингі құрылуы тиіс. Әкімдер енді өз өңіріндегі инвестклиматқа жауапты болады: өткен жыл қорытындысында инвестиция тарту бойынша ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (нысаналы көрсеткіш 69,6% ғана орындалған) және Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді. Премьердің тапсырмасымен екі өңір әкімдерінің жауапты орынбасарлары тәртіптік жазаға тартылады.