Онлайн несие:«қаржы қақпанынан» сақ болыңыз!
Онлайн несие:«қаржы қақпанынан» сақ болыңыз!
© коллаж: Елдар Қаба
335
оқылды
Халқымыз жүруді жаңа үйренген сәбидің тұсауын «еш­кім­нің ала жібін аттамасын» деп ала жіппен кескен. Мұн­дағысы өзгенің ақысына кіріп, обалына қалмасын дегені. Алайда соңғы кезде бейтаныс адамдардың атынан несие алатын «онлайн алаяқтар» көбейген. Былтыр үш айда 7 мыңға жуық қылмыс тіркеліпті. Ал осыдан 3-4 жыл бұрын мұндай сан бір жылда тіркелетін. Ендеше онлайн алаяққа алданбаудың амалы қандай? Игілігін өзіңіз емес, өзге адам көрген несиені қалай жабуға болады?

Даудың басы микроқаржы

Қазір несие алу үшін бұрын­ғы­дай банк кезегінде тұрып, бірнеше беттік келісімшартты оқу шарт емес. Банктен несие ала алмайтын адамдар микроқаржылық ұйым­дардан жылдам несие рәсімдейді. Ол үшін ұялы телефоныңыз болса жеткілікті. Немесе кез келген дүкен бұрышында тұратын терминал ар­қылы да лезде ақша ала аласыз. Де­генмен соңғы уақытта микро­қар­жылық ұйымның пайдасынан зия­ны көбейді. Айталық, сотта ең көп қаралатын істердің бірі – онлайн займ алып, опық жеп жүргендерге қатысты. Қазір еліміз бойынша 7 миллионнан астам онлайн несие рәсімделген. Бұл әрбір екінші қа­зақ­стандықтың мойнында қарыз бар деген сөз. Бірақ солардың кей­бірі өздері қолына алмаған ақшаны өтеумен әлек. Кейіпкеріміз Уатхан да солардың қатарынан. Ол өз қа­жет­тілігіне деп несие тарихын, құ­жат­тарын реттеп жүрген. Содан банк­­ке барып, қарыз алайын десе, төлен­бе­ген кредиті бар екенін естиді. – 5 ай бұрын микроқаржы бере­тін мекемеде менің атымнан 145 мың теңге онлайн несие рәсімдепті. Ол күні мен ауылда болғанмын, еш­теңені банкке дәлелдеп, ақтал­мадым. Алған несиенің пениясы біраз сомаға дейін өсіп кетіпті. Дереу іске кірістім. Содан банктен несие рәсімдеген мекеменің атауын тауып алдым. Қостанай қаласынан ақшаны шешіп алыпты.Сол меке­меге хабарластым, маған еш саспас­тан полицияға барып арыз жазып, сол талонмен келіңіз, қарызыңызды жабамыз деді. Сөздеріне қарағанда, мұндай жағдай бұл мекемеде жиі болатын тәрізді, – дейді Уатхан Біләл. Кейіпкеріміз Полиция депар­таментінде онлайн алаяқтарға ал­данып келіп отырған адамдар көп екенін айтты. Талонды алып, мик­роқаржы ұйымына апарған соң «15 күннің ішінде реттеп береміз» деген хабарлама келеді. Тағы бір ескере кететін жайт, Полиция департа­мен­тіне өтініш қалдыр­ғанда Уатхан Біләл жәбірленуші емес, куәгер ретінде тіркелген. Ал жәбірленуші болып микроқар­жылық ұйым сана­лады екен. Сондықтан да алаяқтарға алданған азамат ары қарай сот процесіне қатыса алмаған. Өз аты­нан нақты кімнің, қалай несие алғанынан да хабарсыз. Ендеше мекеменің біз білмейтін көлеңкелі тұстары көп. «Қаржылық ұйымның қызмет­керлері де сырттай несие рәсімдеуі мүмкін. Өйткені көп адам соңына дейін бармайды. Бір қы­зығы, тө­ленбеген несие бар деп коллек­торлар да хабарласпады. Ал көр­сетілген нөмір менің атыма тіркел­меген», – дейді Уатхан Біләл. Микроқаржы беретін мекеме­лердің сайтына кіріп қарағанымызда онлайн несие алудың оңай екенін байқадық. Небәрі ЖСН мен теле­фон нөміріңізді жазсаңыз болды, 150-300 мың теңгеге дейін несие береді. Бір қызығы, Уатқан Біләлға ешкім хабарласып, жеке ақпарат­тарын сұрамаған. Ендеше жекеле­ген қаржы ұйымдары сіздің жеке мәліметтеріңіздің құпия сақта­луына кепілдік бермейді. Мұндай шағын ұйымдар хакерлік ша­буыл­дан толық қорғалмағандықтан, қарыз алушының жеке мәліметтері алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін. Микроқаржы ұйымда­ры­ның «Бір минутта үйден шықпай-ақ несие ал» деген жарнамалық ро­ликтеріне алданып, сайтқа өтетін­дер де көп. Алаяқтар да осы сәтті аңдып отырады. Ресми сайттан еш айырмасы жоқ фишингтік сайттар сол алаяқтар құрып қойған қақпан болып шығады. Жақында ақтөбелік бір топ тұрғын Үкіметтен онлайн несие беруді тоқтатуды сұрады. Өйт­кені олардың атынан белгісіз біреулер несие рәсімдеп, тақырға отырғызған. Алаяқтың арбауына түсіп, банкке қыруар қарыз бол­ғандар не істерін білмей қина­лып отыр. Тығырыққа тірелген­дер­дің біреуі жалғыз баспанасын сатып жіберіпті. Былтыр сенатор Андрей Лукин микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты кемшіліктерді тізіп шығып, Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігіне де­пу­таттық сауал жолдады. Қаржылық сауаты төмен қарапайым халықты оп-оңай құрығына түсіріп, қан қақсатып жүрген мұндай ұйымдарға мемлекеттік органдар тарапынан қадағалаудың жоқтығын ашық жеткізген депутат: «Жекелеген қар­жы ұйымдарының салдарынан 17 мыңдай азамат зардап шегіп, кел­тірген шығын көлемі 21 млрд теңге­ден асқан», – деп мәлімдеді. Рас, елімізде онлайн займ беру­шілер туралы нақты мәлімет, бі­рың­ғай ақпараттық база жоқ. Әсі­ресе, интернетте қаптап жүрген мұн­дай ұйымдар өз жұмыстары ту­ралы мемлекеттік органдарға есеп бермейді. Займ берушілер ко­миссия көлемін де өз қалауынша құ­былтады. Ба­қылаусыз, бет-бетімен кеткен «қар­жы қақпа­ны­нан» аузы күйгендер амалсыздан «қарызымды кешірсе» деп сотқа жүгінеді. Ішкі істер ми­нистрлігінің мәліметінше, елімізде ресми тір­келіп, заңды түрде жұмыс істеп жатқан бар-жоғы он шақты ғана микроқаржы ұйымы бар екен. Ал қазір көшенің кез келген бұ­рышы мен интернеттің бетін жаулап алған онлайн займдардың барлығын есепке алу мүмкін емес. Заңгер Меруерт Қойайд­а­ро­ва­ның айтуынша, осындай мәселе­лерге ұрынбау үшін Қаржы нары­ғын реттеу агенттігі микроқар­жы­лық ұйымдарды қатаң бақылауға алып, берілетін несие көлемін төмендету керек. Сонда адамдардың алдануы да азаяр еді. Себебі кейбір мекемелер 2 миллионға дейін несие рәсімдейді. Қазір заңгердің алдына келетін әрбір екінші адам онлайн алаяқтардың құрбаны екен. Сон­дықтан жұмысын жүйелі түрде жүр­гізе алмаған, осындай бас­сыз­дыққа жол берген микроқаржылық мекемелердің лицензияларын алу да артық етпейді. – Алданған азамат бірден мик­роқаржылық ұйымнан келісім­шартты және ақшаны қандай есеп­шотқа жібергенін талап ету керек. Сонымен қатар өтініштің қандай электронды пошта мен телефоннан түскенін сұрау қажет. Осы мәселе­лерді ескергеннен кейін бұл ұйымға сотқа дейінгі талап-арыз жазу керек. «Есепшот та, нөмір де біздікі емес. Бұл несиені алмадық. Сон­дықтан бұл шартты заңсыз деп та­нып, не­сиеден босатыңыз» деп көрсетеді. Егер босатпасаңыздар, мен сотқа жүгініп, моральдық шы­ғын мен адвокаттарға берген сый­ақыны төлетіп аламын деп айту ке­рек. Кейбір микроқаржылық ұйым­дар бұл мәселені сотқа жет­кізбей ше­ше­ді, – дейді Меруерт Қойайдарова.

Қаржылық сауат қашанда қажет

Микроұйымдарда рәсімделген несиелердің жарасы екінші дең­гейлі банктерде алаяқтар рәсімдеген кредитке қарағанда жеңіл. Өйткені микроұйымдар мәселені ұзаққа созбай, несиені 15 күнде жауып бер­се, банктер арқылы алданған аза­маттардың ісі айлап, жылдап ше­шімсіз қалуы мүмкін. Айталық, елор­да тұрғыны Рүстем Темір­бо­латов банкке 3 миллион теңге қа­рыз болып шыққан. Алаяқтар банк­­тың техникалық бөлімінің қызметкері ретінде хабарласқан. Жеке бас мәліметтеріне қанық. Сөйтіп, оның атына 600 мың теңге несие рәсімдеп беретінін айтады. Артынша Рүстем 2 миллион 800 мың теңгемен несие мақұлданды де­ген хабарлама алады. Келісім­шарттағы нөмірмен қоса ол да жапа шегуші екен. – Ол нөмірдің иесі Оралда тұ­ратын қыз болып шықты. Ол да ештеңе білмепті. Фотоға да, видео­фиксацияға да түсірген жоқ. Соған таңғалдым. Оның алдында банк маған миллионнан артық несие бермейміз деген еді, – дейді Рүстем Темірболатов. Соңғы кездері алаяқтардың көбейіп кеткенін Ұлттық банк рес­ми түрде ескертіп отыр. Банк алаяқ­тардан қорғай алмайды. Одан өзіңіз ғана қорғана аласыз. Банктің аты­нан телефон соққандармен сөй­леспеу керек, ешбір мәліметті олар­ға беруге болмайды. Себебі теле­фон шалып тұрған адамның алаяқ болатын жағдайы жиі кезде­седі. Олар ақша жымқыру мақса­тын­да алаяқ банктің қызметкері ретінде телефон шалады. Сөйтіп, әңгімеге айналдыра келе адамның жеке деректерін біліп алады. Алаяқ­тар телефон арқылы банк шотының нөмірлері мен несиенің бар-жоғы туралы ақпаратты сұрайды. Содан кейін «Техникалық мониторинг» мақсатында деген желеумен аза­маттардан төлқұжат деректерін, атап айтқанда жеке сәйкестендіру нөмірінің мәліметтерін білгісі ке­леді. Сонымен қатар тексеру үшін деп шот ашуға немесе тестік-ре­жимде несие алуға өтініш беруге және үшінші тараптың шотына ақша аударуға үндейді. Ұлттық банк ақша жіберіңіз деген электронды хаттар мен белгісіз нөмірлерден түскен қоңырауларға жауап қат­пауға кеңес берді. Сонда банктің киберқауіпсіздігі қайда қарап отыр? – Кейбір жағдайда банк клиент­тер базасын коллекторларға сатады. Сондықтан банктің кибер­қауіпсіз­дігіне қатты сенім артпау керек. Әр адам қаржылық тұрғыда сауатты болса, мұндай жағдай болмас еді. Азаматтар өздері туралы ақпа­рат­тарды айтып, қарыз рәсімдеуге мүмкіндік береді. Банктен жіберген кодтарды да айтады. Негізі, банк қызметкерлері ешбір адамға өздері хабарласпайды. Өйткені барлық адамның жеке бас ақпараттары базада сақталған, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов. Әдетте жұрт микроқаржы ұйым­­д­ары арқылы тұзаққа түсетін. Енді екінші деңгейлі банктерден де қоңырау шалу басылмай тұр. Арыз­данушылар аз емес. Бірақ зерт­тей келе адамдардың алда­нуы­на аңғал­дығы, қаржылық сауат­сыз­дығы себеп болып жатыр. Сон­­­дықтан еGov.kz сайтында «Кре­­­диттік бюрода» несие жайы­ңызды үнемі бақылауда ұстап оты­рыңыз. Жеке мәлімет­те­ріңіз бен куәлік, банк картаңыздың суретін ешкімге жіберуге болмайды.

Көктем ҚАРҚЫН