Өмірдің өткінші қиындығын еңсеру үшін есірткіге еліккендер көп. Сыныққа сылтау іздейтін бүгінгі қоғамда жаны жаралы жандардың дертіне дауаны есірткіден іздеуін ақтау қиын. Бірсәттік қызық үшін ғана есірткінің буына шырмалғандар жыл санап өсіп келеді. Ал өмірге деген құлшынысы жоғалып, қоғамнан алыстаған нашақорларды ауруынан айықтыруға медицинаның қауқары жете ме? Есірткіге тәуелділік жас талғамайтын болды. Бұрын оңы мен солын танып үлгермеген жаста есірткіге елігіпті десек, қазір етек-жеңін жиып, ақыл айтар жасқа келгенде нашақорлыққа ұрынғандар көп. Мамандардың пайымынша, жастар арасындағы нашақорлық қызығушылықтан басталады. Орта жастан асқан адамдардың есірткіге әуестігі көбіне психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайдың қиындығынан туындайды. Жаны жаралы жандар есірткіні басындағы проблемасын ұмыту үшін тұтынады. Бір рет тұтынған соң тәуелді болады. Оның соңы отбасындағы ұрыс-керіске алып келеді. Жасөспірім мен жастар арасындағы нашақорлықтың артуы да отбасындағы құндылықтың төмендеуінен туындайды. Мысалы, отбасы мүшелері балаға тиісті деңгейде көңіл бөлмейді. Күнделікті күйбең тірліктің соңында жүргенде бала тәрбиесі ұмыт қалады. «Қажеттілікті қаражатпен өтеп жүрмін» деп түсінетін қоғамда әкенің мейірімі мен ананың жылуын сезінгісі келетін балалар көп. Өсіп келе жатқан өскіннің бойындағы өзімшілдіктен психологиялық проблемалар туындайды. Жалғыздығын жеңу үшін де есірткіні тұтынуы мүмкін. Өтпелі кезеңде жүрген жастар есірткіге еліктеп те келеді. Өкінішке қарай, өз өміріне балта шабу оңай болғанымен, тәуелділіктен құтылу тіпті қиын.
Медицина да қауқарсыз
Бұдан бұрын мамандар елдегі нашақорлардың саны жылдан-жылға кеміп келе жатқанын айтып, сендіріп келді. Алайда 2018 жылы Қазақстанда 20 мыңнан астам нашақор тіркелсе, 2022 жылдың 4 ақпанындағы дерек бойынша, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында 110 423 адам есепте тұр. Бұл айналдырған 4 жылдың ішінде елдегі нашақорлардың саны үш есеге өскенін көрсетеді. Өйткені өрімдей ұл-қыздармен бірге үлкендердің де синтетикалық заттарға әуестігі артқан. Арам ақшаның соңына түскендер есірткіні емін-еркін жарнамалап, оңды-солды сатып жатыр. Оңай олжаға кенелгендерге де керегі сол, күйзелісте жүргендер мен қызық қуған жастарға тауарын өткізіп, қалтасын қампайтса болды. Өйткені есірткіге еліккендер еркінен тыс тұрақты тұтынушы боларын олар да жақсы біледі. Бірақ есірткіге тәуелді адам ешқашан өзін «аурумын» деп санамайды. Осындай ойда жүрген нашақорларды қалыпты өмірге қайтарып, ауруынан айықтыру өте қиын. Өмірге деген қызығушылығы жоғалып, есі-дерті есірткіге ауғандарға кейде медицинаның да қауқары жетпейді.Метадон сұйықтығына сенім бар ма?
Елімізде есірткіге тәуелді адамдарды синтетикалық опиоидпен айықтыру көп жылдан бері қолданылып келеді. Алмастыру терапиясын қолданатын елдер көп. АҚШ, Канада, Германия, Нидерланд, Швейцария, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Иран, Беларусь, Украина, Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанда да есірткіге тәуелділерді алмастыру терапиясы арқылы емдейді. Жарты жылдан бері осы терапияны қолданып жүрген Алексей күнде таңертең метадон ішеді. Өйткені оған есірткіден бірден бас тарту қиынға соққан. Үш жыл бойы есірткінің ауыр түрлерін қабылдаған. 90-жылдардың соңынан бері нашаға әуестенген ол кейінгі жылдарда тамырына ине салуды бастаған. Оңалту орталығына отбасы мүшелерінің ықпал етуімен келген Алексей алмастыру терапиясының арқасында есірткіден бас тартып, артық салмақ қосып жатқанын айтты. «Бұған дейін бірнеше рет жекеменшік және мемлекеттік оңалту орталықтарында емделдім. Еркімнен тыс еңбекпен емдеу профилакториясына да күштеп жатқызды. Психологтер мен наркологтер де жұмыс жүргізді. Бірақ ешқандай нәтиже берген жоқ. Қазір метадон терапиясына көштім. Алғашқы айларда есірткі шеккім келіп, тығылып қолданып көрдім. Сөйтсем, бұрынғыдай сезімдер болмады», – дейді ол. Метадон сұйықтығы опиоид есірткілерінің күшін жойып, ағзаға түскен есірткіні суға айналдырады. Яғни, тамырға салынған есірткі ешқандай ләззат бермейді. Метадоннан кейін нашақор адам өзін мүлде басқаша сезінеді, есінен адасу болмайды. Бірақ метадонды күн сайын қабылдамаса, ауырсыну пайда болады. Сондықтан Алексей де бұл терапиядан бас тартқысы жоқ. Алайда мамандар осы терапиямен емделіп жатқандардың арасында да ауруынан айыққандар көп екенін айтады. Ол үшін метадон терапиясына келіскен науқастар есірткі қолданбай, сұйықтық ішу кестесін қатаң сақтауы керек. Уақыт өте келе қабылдап жүрген сұйықтық мөлшерін азайтып, терапиядан шығуына болады. Бірақ бұл терапиядан бас тарту кейбір емделушілердің қолынан келе бермейді. Дегенмен қолданыстағы терапияға қатысты пікір де сан алуан. Біздің елде де алмастыру терапиясы қажеттілігіне қатысты мәселе жиі көтеріледі. Естеріңізде болса, депутаттар 2014 жылы метадонды медициналық мақсатта пайдалануға тыйым салынған заттар тізіміне қосуды сұраған. Бірақ мамандар опиоидпен алмастыру терапиясы – инъекциялық есірткі пайдаланатын азаматтарды ВИЧ инфекциясынан қорғау үшін қолданылатын есірткіге тәуелділікті емдеудің ғылыми негізделген тиімді әдісі ретінде қарастырған. Алайда Бас прокуратура өкілдері метадон ВИЧ-инфекциясына шалдыққан азаматтардың санын азайтпағанын мәлімдеді. Керісінше, халықаралық зерттеулер Литвада опиоидты алмастыру терапиясын енгізгеннен кейін нашақорлық 8 есе артқанын көрсеткен.Емнің нәтижесі емделушіге байланысты
Есірткіге тәуелді болғандар орталықтарға толық емделу үшін келмейді. Көбі есірткіге ақшасы жетпегенде, енді бірі денсаулығы қатты нашарлай бастағанда, біреуі туыстарының ықпалымен мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Алматы қаласы бойынша Психикалық денсаулық орталығының директоры, нарколог Сапар Рахменшеев есірткіге тәуелділіктен арылу адамның өзіне байланысты екенін айтады. Қазір орталықтың бақылауында 4 955 адам тұр. Соның ішінде 1 211-сі есірткіге тәуелді адамдар. «Нашақор есірткіге тәуелді екенін саналы түрде мойындауы керек. Бізде өз еркімен келетіндер мен соттың шешімімен еркінен тыс мәжбүрлеп емдеу бөлімі бар. Бізге келетін науқастар әртүрлі. Мысалы, ішімдік пен есірткіге тәуелді адамдардың көбі жақындарын тыныштандыру үшін келеді. Өз еркімен емес, сол адамдар «миымды ашытып, басымды ауырта бермесін» деп емделетіндер бар. Әрине, ондай адамдарда нәтиже ұзаққа бармайды. Олар ары кетсе 3-4 айдан соң қайтадан есірткіге тәуелді болып кетеді. Ал өздері ниеттеніп, алдарына мақсат қойып емделген адамдардың арасында есірткіні тастап кеткені көп. Кез келген аурудан емделу үшін адамның ниеті түзу болу керек. Сол кезде ғана нәтиже болады», – дейді Сапар Құттыбайұлы. Нарколог маманның айтуынша, орталықта алмастыру терапиясын алып жүрген 29 науқас бар. Олардың көбі бірнеше жылдан бері бақылауда. Метадон әдісіне көшкендер арасында да күнделікті тәртіпке бойұсынып, біразы жұмысқа тұрып, қалыпты өмірге араласа бастағандар көп. «Олар бізге келгенде ата-анасы есірткі қабылдау үшін үйден ақша ұрлап, есіл-дерті есірткі болғанын айтып жылайтын. Қазір, керісінше табыс тауып, өздеріне қарай бастаған. Біраз жылдан бері байқап жүрміз, таңертең емін қабылдап, ары қарай күнделікті жұмысын істеп жүр. Олардың алдарына қойған мақсаты бар, түзелуге жоспар қойған. Еркінен тыс келген науқастар мен есірткінің дозасын азайту үшін келіп емделетіндер көп ұзамай ескі әдетіне басады. Бұрынғы ортасы бірінші дозасын тегін береді, кейін ақшаға сатады. Қайтып тәуелді болады. Емнің нәтижесі емделушіге байланысты. Қазір 1 446 науқасты диспансерлік бақылаудан алдық. Соның ішінде 388-і толық сауығуына байланысты бақылаудан шығарылды», – дейді нарколог. Науқас орталыққа келгенде ең бірінші ауырсыну белгісін кетіретін дәрі-дәрмектер қолданылады. Қаны тазартылып, дәрумендер беріледі. Жүректің қызметі мен ұйқы бұзылуын қалпына келтірген соң ауруды басатын дәрі-дәрмектер қолданылады. Содан кейін ойлау қабілетінің деңгейін анықтау үшін психологтер жұмыс істейді. CZM Freedom оңалту орталығының наркологі әрі психологі Корнелия Караления «нашақорлықтан емделіп шығу қиын» дейтін қасаң түсінікті жоққа шығарады. Айтуынша, орталықта нашақорлықтан айыққандар көп. Олардың көбі отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатыр. «Кез келген есірткі адамның ағзасын улап, өмір сүру қалпына әсер етеді. Жеке адам ретінде қасиетін жоғалтады. Адамның көзқарас құндылығы өзгереді, басқа адамдарға да қауіп төндіреді. Сол үшін науқастағы тәуелділіктің себеп-салдарын біліп алуға күш жұмсаймыз. Себеп-салдарын таппай ем жүргізу мүмкін емес. Қыз балалардың көбі есірткіні көңіл көтеру орындарында, жеке отырыстарында қызық үшін татып көреді. Бір-бірін «батылдыққа» үгіттейді. Ары қарай одан да күштісін көруге құлшынысы артып тұрады. Кейде кездесіп жүрген жігіттер де қыздарына ықпал етеді. Ал үлкендер арасында есірткіге тәуелділік әртүрлі. Бір адамдар жоқшылықтан жадап жүргенде нашақор болып кетсе, кейде тоқшылық та есірткінің буына ұрындырады», – дейді Корнелия Игоревна.«Анам ертіп келді»
Есірткіні ең алғаш 18 жасында тұтынған алматылық Алтынайды оңалту орталығына анасы жетектеп келген. Оның нашақорлардың ортасына түсуіне құрбылары себеп болыпты. «Оқып жүргенде қасымдағы құрбыларым «Қызық үшін көрейік. Бір көргеннен ештеңе болмайды, тәуелді болып кетпейміз» деп азғырды. «Дәмін көр, ұнаса ұнады, ұнамаса тастайсың» деген соң көрдім. Бірінші татқаннан дәмі ұнап қалды. Одан кейін өзім іздеп тұратын болдым. Екі аптада бір, аптасына бір, кейін үш күнде бір, ары қарай күнде-күнде қолданып, соңында бір күнде бірнеше рет қолданбасам, тұра алмайтын ауруға айналдым. Оқуды да тастадым. Анамның бар тапқанын есірткіге жұмсайтын болдым», – деп еске алды сол күндерін Алтынай. Өз еркімен есірткіден бас тарта алмайтынын түсінген Алтынайдың анасы қызын орталыққа алып келеді. Ауырсыну белгілерін кетіріп, психологтермен жұмыс жүргізген соң екі жылдан кейін ауруынан толықтай айыққан ол қазір тұрмысқа шығып, балалы болыпты.Елуге келгенде есірткіге отырған
Ал кейіпкеріміз Марат есірткіге елуден асқанда тәуелді болған. «Бір күн бұрын ішімдік ішіп, ертесі басым мең-зең болып ауырып отырғанда көрші бала келді. «Мына затты бір қолданып жіберіңіз, ештеңе етпейді. Есесіне басыңыз тез жазылады», – деді. Шынында да, басымның ауырғаны қойып, ерекше бір күй кештім. Бірақ уақытша ғана екен. Кейін қалай әуестеніп кеткенімді өзім де білмеймін. Есірткі қабылдамасам болмайтын халге түстім», – дейді ол да. Алпысқа келгенде адасып жүргенін түсінген ол өз еркімен орталыққа келген. Балаларына бағыт-бағдар беретін жасында есірткінің буына елітіп, есін жоғалтқан Марат та бармағын кеш тістегенін мойындайды. Бірақ емделіп кетемін деген ерік-жігері есірткіге тәуелділіктен толықтай айықтырыпты.