Құрмаш Махан: Адамдық борышың – еліңе еңбек қыл
Құрмаш Махан: Адамдық борышың – еліңе еңбек қыл
Құрмаш Маханның әуезді әндері құлақ құрышын қандырады. Әрі есті ән орындайтынын тыңдар­ман да жасыр­майды. Дулы орта, концерттерден де көп көре бер­мейсің. Өз әлемі, өзіндік қалыбы бар ерекше әншінің айтар ойы да бөлек. – «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Әні-міне дегенше, елу де есік қақ­қан секілді. Өткен күндерге көз жүгіртсеңіз, не еске түседі? – «50 деген жасыңыз, ол да бір көшкен ел екен» демекші, айналамдағы дос-жаран, құрбы-құрдастың көбі «50 қалай екен?» деп сұрап жатады. Менің ойым­ша, 50-дің 49-дан айырмасы жоқ секілді. Әрине, 25 пен 30-дағы кезіңізбен салыстыруға келмес. – Әр жастың өз ерекшелігі болады. Әр мүшелге толғанда адам өз-өзіне есеп беретін секілді. Сіз де бағамдап, өзіңізге есеп беріп көр­діңіз бе? – Адам ойсыз бола ма? Ой­ланбай, бағамдамай тұра алмай­сың. Әр күніңе есеп бересің. Өт­кеніңді қазбалайсың. Кем-кеті­гіңді түзейсің. Ең бастысы, бар нәр­сеге шүкір еткен адаммын. Өт­кенге өкінбей, бастысы, нәти­же шығару ғой. Адам амал-әре­кет­те болу керек. Ең алдымен, ниет­тің түзулігі. Бұл 50 жастың тағы бір ерекшелігі – балалар өс­кен, ақыл тоқтатқан, жаңа өмірге қадам басқан, отбасын құрған. Қатарластарымның алды қызын ұзатып, ұлын үйлендіріп, құда-құ­дағи атанып, ата-әже болып жатыр. Мұның өзі – бір белес. Соңғы бір он жыл есейіп, аға буын­ның қатарына қосылып, жас­тар сенен ақыл сұрап, ақы­лыңа құлақ түретін уақытқа келіп қалыппыз. «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең» дейді ғой. Ойсыз, мазмұнсыз іс-әрекет етпейтін жасқа жеттік деп ойлаймын. – Жарқ етіп, «Құрмаш Махан» болып сахнаға шыққан сәт пен бүгінгі кезеңді салыстыру – мүлдем келмес. Бұрын әнге, сөзге деген жауапкершілік бар еді. Қазір «тауардың» өтімді болуы маңызды. Біз осы жауапкершіліктен неге қаштық? – Осындай бір «өтпелі» ке­зеңнен өту де керек шығар. Жа­уап­кершілік деген не? Ең алды­мен, тілге жауапкершілік. Тілдің мәйегін сезінбеген адам сөздің қадірін түсіне ме? Өз ана тілінің ұлт­тық бояуына қанық болып өс­кен адам сөздің де жауапкер­шілігін сезінер еді. Сондықтан қазір «көше әні» эфирге шығып кетті. Орысша-қазақша араласқан қойыртпақ дүниелер де жүр. Өкінішке қарай, сол әнді жастар ұйып, тыңдап отыр. Тыңдарман «ұйып» отырса, кімге ренжисің, неге ренжисің? Талғам өзгерді. Бұрынғыдай «салмақты» дүниеге әйтеуір түбі бір оралатын шы­ғармыз. – Сіз де композиторсыз. Сіз де ән жазасыз. Жеңіл-желпі, ойнақы әуенге сөз жаздыртып, тыңдар­манға ұсына беруге болар еді ғой. – Мен де тойға арналған ән­дер бар, жазамын. Өйткені менің де бала-шағам бар. Оларды өсіріп, жеткізуім керек. Нәсібімді тойдан да тауып тұрамын арасында, бірақ көбіне менің әндерім концерттік әндер. Біздің жауапкершілігіміз сонда – жеңілтек дүние­лерге жол бермеуді ойлап тұрамыз. Әйтпесе, хит қуып, ергежейлі формадағы әндерді бық­пырата беруге бо­лады. Өкініштісі, кейбіреулер мұны қателік деп түсінбейді. Бұл қалыпты жағдайға айналып барады. – Мұны екшеп-елеп, тара­зы­лап жатқан біреу бар ма? – Мұның бәрі тағы идеоло­гия­ға келіп тіреледі. Ұлттық идео­логиясы дұрыс, сау, ауырмаған қоғам құру қажет шығар. Әйтпесе, мұны оңайлықпен түзеу мүмкін емес. – «Елу жылда – ел жаңа» де­генді бекер айтып отырған жоқпыз. Қазіргі жастардың көзқарасы мүлдем басқа. Аға буынның жолы­мен жас буын жүре алмасы белгілі. Дегенмен сіз оқытқан шәкірттер ұстаздың көзқарасын қалай қа­былдар еді? – Қабылдау-қабылдамау – өз еркі. Мен айтудан шаршамаймын. Әрі айтып ғана қоймай, өз ісім­мен, әрекетіммен көрсетемін. Ең алдымен, «біліміңмен үйрет» дей­ді. «Оған білімің жетпесе, іс-әре­кетіңмен көрсет» дейді. Сәл де болса, менің істеген ізгі ісім, шә­­кірттеріме оң әсерін тигізіп жат­са, онда менің ұтқаным. – Қазір бұрынғыдай әнді таспалап, диск шығару – сән емес. Әлеуметтік желі – бүгінгі насихат құралы. Көштен қалмау керек. Мұн­дай кезде аға буын әншілер әнін қалай насихаттайды? – Технология дамыған сайын уақытпен бірге бәрі жаңарып оты­рады. Біздің бала кезімізде маг­нитофон болды. Әнді солай тыңдадық. Әке-шешелеріміз па­тефонмен өсті. Біздің балалары­мыздың заманы мүлдем басқа. Олар диск сатып алып, тыңдап отыр­майды. Қалаған музыкасы ин­тернетте тұр. Қай елдің музы­касын тыңдағасы келсе де, емін-еркін тыңдай алады. Бұрынғыдай альбом жазып әуре болмаймыз. Оны ешкім сатып та алмайды, тың­дамайды да. Біз де қолы­мыз­дан келгенше, интернетке жүк­тейміз. Әніңді интернетте тың­даған сайын ол саған да пайдалы. Мәселен, бұрын қыруар ақша бөліп, альбом шығарасың, оны ертесіне пираттық көшірмелері сатыла бастайды. Солар көбірек пайда көреді. Сапасы жоғары, бағасы қымбат дискіні сатып ала ма, екі есе арзан дүниені сатып ала ма? Әрине, арзанына ұмты­лады. Қазір тіпті бейнебаян жазу да сәннен қалып барады. Instagram, TikTok видео түсірудің жеңіл тәсіліне айналды. – Пандемия көп адамның жұмысын тоқтатты. Экономикаға да оңай тиген жоқ. Әншілердің де той-томалақсыз қалғаны жасырын емес. Тіпті, карантин күшейген алғашқы кездерде табыс болған жоқ. Осындай сәтте сіздер немен айналыстыңыздар? – Пандемия әншілерге ғана емес, барша қазақ халқына жеңіл тиген жоқ. Әлі де шектеулер бар. Ең бірінші – денсаулық. Ал карантиннің нағыз күшейген тұсында бәріміз де үйде отырдық. Әрине, табыссыз қалған жоқпыз. Өйткені тұрақты жалақы алатын жұмысымыз болған соң ондай қиналдық деп айта алмаймын. Карантин жеңілдегеннен кейін той-томалақ көбейе бастады. Концерт­ке, кездесулерге, той-то­малаққа қатыса бастадық. – Тойға көп шығасыз ба? – Той-томалаққа көп шыға­мын деп айта алмаймын. Өйткені тойдың өзінің форматы, ырғақ­ты, жеңіл әндерді көбірек айту керек, ал менде көбіне лирика­лық шы­ғармалар. Яғни, тойдың хиттарын орындау керек. Негізі, хит деген сөз, атау – эстрадалық әншілік өнерді құрдымға әкеле жатқан құбылыстың бірі. Қазір әншілер­дің дені хит қуалайды да, не болса соны ән етіп, неше түрлі мағына­сыз ұйқастарды өлең етіп жүр. Кез келген әншінің әнде­рінің бәрі хит болуы мүмкін емес. Тіпті, кей әншінің өмірінде бір ғана әні хит болар. Есесіне, ол әнші де, ән де әлі күнге елдің есінде қалды. Қазір жылына екі-үш «тұрпайы» хит шығарып алып, жұлдыз болып жүргендер көп. Оның өзі бір маусым­дық әндер ғана. – Есесіне, ол ән әншіге көп табыс әкелген шығар. Қазір көп­шілік миллион табуды ғана ойлап кеткен жоқ па? – Кез келген ақшаның бере­кесін берсін дейміз. Тәубе дейміз. «Желмен келген дүние желмен кетеді». Миллиондап тапсаң да, миллиондап жұмсайсың. Берекесі жоқ. Абай атамыз «әннің де естісі бар, есері бар» дейді. Бұл дүниеге тек қалтамызды толтыру үшін кел­ген жоқпыз ғой. Адам болып жа­ратылған соң, адам болып қалу керек. Дүниеде барлығы ақшаға тіреліп тұрған жоқ. Одан да басқа құндылықтар бар. – Діни сауат ашқан кезіңізді де білеміз. Дінге қаншалықты терең­дей алдыңыз? – Тек дінге бет бұрдым деп ай­та алмаймын. 1992 жылы әс­кер­ден келдім. Үйдегілердің бар­лығының намазға жығыл­ғанын байқап, содан өзім де намазға жы­ғылдым. Дін деген – үлкен ғы­лым. Ол кәсіп емес. Дін деген хобби емес. Дін – адамның дұрыс өмір сүру салты, ұстанымы. Қазақ иманды-имансыз деп неге айта­ды? Иманды кісі – Құдайын та­ныған кісі. Отан сүю – иманнан дейді. Иманды кісі әке-шешесін ардақтайды, алақанына салады. Иманды кісі өзінің әйелін (ол да біреудің қызы), яғни аманатын ардақтайды. Құдайдың берген балаларын әлпештеп өсіреді, қор­ғ­айды. Осының бәріне жауап­кер­шілікпен қарайтын адам, ол – иманды кісі. Ал дінде деп, дін қыз­меткерлерін, дінтанушы­лар­ды айтуға болатын шығар. Сон­дық­тан өзімді қара­пайым қа­тардағы мұсылманмын, бес па­рызымды орын­дайтын адаммын деп санай­мын. – Ал араб тілін үйренуге не себеп болды? – Намаз оқып бастаған жыл­дары Құранды тыңдап, ерекше әсер алатын едім. Осының әсері болар, араб тіліне деген құш­тар­лық, құлшынысты байқадым. Сөйтіп, 2007 жылы нәсіп болып, үлкен қажылыққа барып қайт­тым. Қажылықтан кейін араб тілін меңгерсем деген ниет туды. Сол ниетпен, тіл үйренуге бар­дым. Оның өзінде жеті-ақ курсын оқыдым, ол да тұрмыстық дең­гейде қолданылатын сөздік қор. Күнделікті пайдаланыста бол­маған соң көп сөздерді ұмытып та қалғаным бар. Бастысы Аллаға шүкір, қасиетті Құран Кәрімді өзім оқып, хатым түсіретін жағ­дайдамын. – Әлеуметтік желіге байлан­ғансыз ба? Қазір әншілердің дені Instagram-да отыр. Сол жерден табыс табады, өзін насихаттайды дегендей. – Әлеуметтік желіде өзімді керемет белсендімін деп айта ал­маймын. Белсенді болғым ке­леді әрине, бірақ та ізденудемін, же­тілдіріп, дамыту бағытындамын. – Қазір көпшіліктің дені «жыл­тыраққа» құмар. Сондай қоғамда ұмытылып қаламын деген қор­қыныш болмай ма? – Өз-өзіне сенімсіз адам ғана қорқатын шығар. Неден қорқуға болады? Мен Құдайдан ғана қор­қамын. Өмір дегеніміздің өзі – өзіңмен күресу. Өмір бойы күресіп келе жатқан жалғыз адам емеспін, әрі соңғысы да емеспін. Адамның бәрі солай өтеді. Қазір адамдардың көбі неге депрессияға түседі? Алланың берген қара­пайым жақсылықтарын сезіне білмейміз. Шын ниетімізбен қуана алмаймыз. Жақсылықтың бәрі айналамызда жүр. Ести ал­саң, көре білсең, сезіне алсаң – соның өзі қуаныш. Денің сау, қол-аяғың бүтін, ішер ас, киер киімің болса, соған шүкір ету керек. «Ел аман, жұрт тыныш бол­сын» дегеннің мәнін енді ұғына бастағандаймыз. «Қасіретті қаңтар» оқиғасында бәріміз жа­нымызды шүберекке түйіп отыр­дық. Елге алаңдадық. Астанада отырып, айналада болып жатқан дүниелерді естіп, біліп, көңіліміз алай-дүлей күй кешті. Жастар жәбір көрмесе екен, ана­лар зар илеп қалмаса екен, әкелер қамық­паса екен деген уайым бар. – Осы кезге дейін бірнеше кон­церт бердіңіз. Мерейтойға арнап, концерт қою жоспарыңызда бар ма? – 2013 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында «Аңса­рым» сазгерлік, 2016 жылы Астана концерт залында «Беу, туған жер» сазгерлік, 2019 жылы «Қазақстан» орталық залында алғаш әнші ре­тінде «Өмірімнің көктемі», 2020 жылы «Анаға арнау» атты кеш өткізген едім. Әр үш жыл сайын үлкен концерт беруді әдетке ай­налдырған екенмін. Міне, биыл соның тағы бір реті келген секілді. Алматыдағы Республика сара­йында бастап, бүкіл аймақтарды аралап шығып, ең соңында нүк­тесін астанада қойғым келеді. Бұйыртса, мұның бәрі жоспарда тұр. Неге Алматыда десеңіз, өнер жолым сол Алатаудың баурайын­дағы әдемі қалада басталған еді, сондықтан ол қалаға да есеп беру кешімді өткізсем деген жоспарым бар.

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР