Құрмаш Маханның әуезді әндері құлақ құрышын қандырады. Әрі есті ән орындайтынын тыңдарман да жасырмайды. Дулы орта, концерттерден де көп көре бермейсің. Өз әлемі, өзіндік қалыбы бар ерекше әншінің айтар ойы да бөлек. – «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Әні-міне дегенше, елу де есік қаққан секілді. Өткен күндерге көз жүгіртсеңіз, не еске түседі? – «50 деген жасыңыз, ол да бір көшкен ел екен» демекші, айналамдағы дос-жаран, құрбы-құрдастың көбі «50 қалай екен?» деп сұрап жатады. Менің ойымша, 50-дің 49-дан айырмасы жоқ секілді. Әрине, 25 пен 30-дағы кезіңізбен салыстыруға келмес. – Әр жастың өз ерекшелігі болады. Әр мүшелге толғанда адам өз-өзіне есеп беретін секілді. Сіз де бағамдап, өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе? – Адам ойсыз бола ма? Ойланбай, бағамдамай тұра алмайсың. Әр күніңе есеп бересің. Өткеніңді қазбалайсың. Кем-кетігіңді түзейсің. Ең бастысы, бар нәрсеге шүкір еткен адаммын. Өткенге өкінбей, бастысы, нәтиже шығару ғой. Адам амал-әрекетте болу керек. Ең алдымен, ниеттің түзулігі. Бұл 50 жастың тағы бір ерекшелігі – балалар өскен, ақыл тоқтатқан, жаңа өмірге қадам басқан, отбасын құрған. Қатарластарымның алды қызын ұзатып, ұлын үйлендіріп, құда-құдағи атанып, ата-әже болып жатыр. Мұның өзі – бір белес. Соңғы бір он жыл есейіп, аға буынның қатарына қосылып, жастар сенен ақыл сұрап, ақылыңа құлақ түретін уақытқа келіп қалыппыз. «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең» дейді ғой. Ойсыз, мазмұнсыз іс-әрекет етпейтін жасқа жеттік деп ойлаймын. – Жарқ етіп, «Құрмаш Махан» болып сахнаға шыққан сәт пен бүгінгі кезеңді салыстыру – мүлдем келмес. Бұрын әнге, сөзге деген жауапкершілік бар еді. Қазір «тауардың» өтімді болуы маңызды. Біз осы жауапкершіліктен неге қаштық? – Осындай бір «өтпелі» кезеңнен өту де керек шығар. Жауапкершілік деген не? Ең алдымен, тілге жауапкершілік. Тілдің мәйегін сезінбеген адам сөздің қадірін түсіне ме? Өз ана тілінің ұлттық бояуына қанық болып өскен адам сөздің де жауапкершілігін сезінер еді. Сондықтан қазір «көше әні» эфирге шығып кетті. Орысша-қазақша араласқан қойыртпақ дүниелер де жүр. Өкінішке қарай, сол әнді жастар ұйып, тыңдап отыр. Тыңдарман «ұйып» отырса, кімге ренжисің, неге ренжисің? Талғам өзгерді. Бұрынғыдай «салмақты» дүниеге әйтеуір түбі бір оралатын шығармыз. – Сіз де композиторсыз. Сіз де ән жазасыз. Жеңіл-желпі, ойнақы әуенге сөз жаздыртып, тыңдарманға ұсына беруге болар еді ғой. – Мен де тойға арналған әндер бар, жазамын. Өйткені менің де бала-шағам бар. Оларды өсіріп, жеткізуім керек. Нәсібімді тойдан да тауып тұрамын арасында, бірақ көбіне менің әндерім концерттік әндер. Біздің жауапкершілігіміз сонда – жеңілтек дүниелерге жол бермеуді ойлап тұрамыз. Әйтпесе, хит қуып, ергежейлі формадағы әндерді бықпырата беруге болады. Өкініштісі, кейбіреулер мұны қателік деп түсінбейді. Бұл қалыпты жағдайға айналып барады. – Мұны екшеп-елеп, таразылап жатқан біреу бар ма? – Мұның бәрі тағы идеологияға келіп тіреледі. Ұлттық идеологиясы дұрыс, сау, ауырмаған қоғам құру қажет шығар. Әйтпесе, мұны оңайлықпен түзеу мүмкін емес. – «Елу жылда – ел жаңа» дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Қазіргі жастардың көзқарасы мүлдем басқа. Аға буынның жолымен жас буын жүре алмасы белгілі. Дегенмен сіз оқытқан шәкірттер ұстаздың көзқарасын қалай қабылдар еді? – Қабылдау-қабылдамау – өз еркі. Мен айтудан шаршамаймын. Әрі айтып ғана қоймай, өз ісіммен, әрекетіммен көрсетемін. Ең алдымен, «біліміңмен үйрет» дейді. «Оған білімің жетпесе, іс-әрекетіңмен көрсет» дейді. Сәл де болса, менің істеген ізгі ісім, шәкірттеріме оң әсерін тигізіп жатса, онда менің ұтқаным. – Қазір бұрынғыдай әнді таспалап, диск шығару – сән емес. Әлеуметтік желі – бүгінгі насихат құралы. Көштен қалмау керек. Мұндай кезде аға буын әншілер әнін қалай насихаттайды? – Технология дамыған сайын уақытпен бірге бәрі жаңарып отырады. Біздің бала кезімізде магнитофон болды. Әнді солай тыңдадық. Әке-шешелеріміз патефонмен өсті. Біздің балаларымыздың заманы мүлдем басқа. Олар диск сатып алып, тыңдап отырмайды. Қалаған музыкасы интернетте тұр. Қай елдің музыкасын тыңдағасы келсе де, емін-еркін тыңдай алады. Бұрынғыдай альбом жазып әуре болмаймыз. Оны ешкім сатып та алмайды, тыңдамайды да. Біз де қолымыздан келгенше, интернетке жүктейміз. Әніңді интернетте тыңдаған сайын ол саған да пайдалы. Мәселен, бұрын қыруар ақша бөліп, альбом шығарасың, оны ертесіне пираттық көшірмелері сатыла бастайды. Солар көбірек пайда көреді. Сапасы жоғары, бағасы қымбат дискіні сатып ала ма, екі есе арзан дүниені сатып ала ма? Әрине, арзанына ұмтылады. Қазір тіпті бейнебаян жазу да сәннен қалып барады. Instagram, TikTok видео түсірудің жеңіл тәсіліне айналды. – Пандемия көп адамның жұмысын тоқтатты. Экономикаға да оңай тиген жоқ. Әншілердің де той-томалақсыз қалғаны жасырын емес. Тіпті, карантин күшейген алғашқы кездерде табыс болған жоқ. Осындай сәтте сіздер немен айналыстыңыздар? – Пандемия әншілерге ғана емес, барша қазақ халқына жеңіл тиген жоқ. Әлі де шектеулер бар. Ең бірінші – денсаулық. Ал карантиннің нағыз күшейген тұсында бәріміз де үйде отырдық. Әрине, табыссыз қалған жоқпыз. Өйткені тұрақты жалақы алатын жұмысымыз болған соң ондай қиналдық деп айта алмаймын. Карантин жеңілдегеннен кейін той-томалақ көбейе бастады. Концертке, кездесулерге, той-томалаққа қатыса бастадық. – Тойға көп шығасыз ба? – Той-томалаққа көп шығамын деп айта алмаймын. Өйткені тойдың өзінің форматы, ырғақты, жеңіл әндерді көбірек айту керек, ал менде көбіне лирикалық шығармалар. Яғни, тойдың хиттарын орындау керек. Негізі, хит деген сөз, атау – эстрадалық әншілік өнерді құрдымға әкеле жатқан құбылыстың бірі. Қазір әншілердің дені хит қуалайды да, не болса соны ән етіп, неше түрлі мағынасыз ұйқастарды өлең етіп жүр. Кез келген әншінің әндерінің бәрі хит болуы мүмкін емес. Тіпті, кей әншінің өмірінде бір ғана әні хит болар. Есесіне, ол әнші де, ән де әлі күнге елдің есінде қалды. Қазір жылына екі-үш «тұрпайы» хит шығарып алып, жұлдыз болып жүргендер көп. Оның өзі бір маусымдық әндер ғана. – Есесіне, ол ән әншіге көп табыс әкелген шығар. Қазір көпшілік миллион табуды ғана ойлап кеткен жоқ па? – Кез келген ақшаның берекесін берсін дейміз. Тәубе дейміз. «Желмен келген дүние желмен кетеді». Миллиондап тапсаң да, миллиондап жұмсайсың. Берекесі жоқ. Абай атамыз «әннің де естісі бар, есері бар» дейді. Бұл дүниеге тек қалтамызды толтыру үшін келген жоқпыз ғой. Адам болып жаратылған соң, адам болып қалу керек. Дүниеде барлығы ақшаға тіреліп тұрған жоқ. Одан да басқа құндылықтар бар. – Діни сауат ашқан кезіңізді де білеміз. Дінге қаншалықты тереңдей алдыңыз? – Тек дінге бет бұрдым деп айта алмаймын. 1992 жылы әскерден келдім. Үйдегілердің барлығының намазға жығылғанын байқап, содан өзім де намазға жығылдым. Дін деген – үлкен ғылым. Ол кәсіп емес. Дін деген хобби емес. Дін – адамның дұрыс өмір сүру салты, ұстанымы. Қазақ иманды-имансыз деп неге айтады? Иманды кісі – Құдайын таныған кісі. Отан сүю – иманнан дейді. Иманды кісі әке-шешесін ардақтайды, алақанына салады. Иманды кісі өзінің әйелін (ол да біреудің қызы), яғни аманатын ардақтайды. Құдайдың берген балаларын әлпештеп өсіреді, қорғайды. Осының бәріне жауапкершілікпен қарайтын адам, ол – иманды кісі. Ал дінде деп, дін қызметкерлерін, дінтанушыларды айтуға болатын шығар. Сондықтан өзімді қарапайым қатардағы мұсылманмын, бес парызымды орындайтын адаммын деп санаймын. – Ал араб тілін үйренуге не себеп болды? – Намаз оқып бастаған жылдары Құранды тыңдап, ерекше әсер алатын едім. Осының әсері болар, араб тіліне деген құштарлық, құлшынысты байқадым. Сөйтіп, 2007 жылы нәсіп болып, үлкен қажылыққа барып қайттым. Қажылықтан кейін араб тілін меңгерсем деген ниет туды. Сол ниетпен, тіл үйренуге бардым. Оның өзінде жеті-ақ курсын оқыдым, ол да тұрмыстық деңгейде қолданылатын сөздік қор. Күнделікті пайдаланыста болмаған соң көп сөздерді ұмытып та қалғаным бар. Бастысы Аллаға шүкір, қасиетті Құран Кәрімді өзім оқып, хатым түсіретін жағдайдамын. – Әлеуметтік желіге байланғансыз ба? Қазір әншілердің дені Instagram-да отыр. Сол жерден табыс табады, өзін насихаттайды дегендей. – Әлеуметтік желіде өзімді керемет белсендімін деп айта алмаймын. Белсенді болғым келеді әрине, бірақ та ізденудемін, жетілдіріп, дамыту бағытындамын. – Қазір көпшіліктің дені «жылтыраққа» құмар. Сондай қоғамда ұмытылып қаламын деген қорқыныш болмай ма? – Өз-өзіне сенімсіз адам ғана қорқатын шығар. Неден қорқуға болады? Мен Құдайдан ғана қорқамын. Өмір дегеніміздің өзі – өзіңмен күресу. Өмір бойы күресіп келе жатқан жалғыз адам емеспін, әрі соңғысы да емеспін. Адамның бәрі солай өтеді. Қазір адамдардың көбі неге депрессияға түседі? Алланың берген қарапайым жақсылықтарын сезіне білмейміз. Шын ниетімізбен қуана алмаймыз. Жақсылықтың бәрі айналамызда жүр. Ести алсаң, көре білсең, сезіне алсаң – соның өзі қуаныш. Денің сау, қол-аяғың бүтін, ішер ас, киер киімің болса, соған шүкір ету керек. «Ел аман, жұрт тыныш болсын» дегеннің мәнін енді ұғына бастағандаймыз. «Қасіретті қаңтар» оқиғасында бәріміз жанымызды шүберекке түйіп отырдық. Елге алаңдадық. Астанада отырып, айналада болып жатқан дүниелерді естіп, біліп, көңіліміз алай-дүлей күй кешті. Жастар жәбір көрмесе екен, аналар зар илеп қалмаса екен, әкелер қамықпаса екен деген уайым бар. – Осы кезге дейін бірнеше концерт бердіңіз. Мерейтойға арнап, концерт қою жоспарыңызда бар ма? – 2013 жылы Бейбітшілік және келісім сарайында «Аңсарым» сазгерлік, 2016 жылы Астана концерт залында «Беу, туған жер» сазгерлік, 2019 жылы «Қазақстан» орталық залында алғаш әнші ретінде «Өмірімнің көктемі», 2020 жылы «Анаға арнау» атты кеш өткізген едім. Әр үш жыл сайын үлкен концерт беруді әдетке айналдырған екенмін. Міне, биыл соның тағы бір реті келген секілді. Алматыдағы Республика сарайында бастап, бүкіл аймақтарды аралап шығып, ең соңында нүктесін астанада қойғым келеді. Бұйыртса, мұның бәрі жоспарда тұр. Неге Алматыда десеңіз, өнер жолым сол Алатаудың баурайындағы әдемі қалада басталған еді, сондықтан ол қалаға да есеп беру кешімді өткізсем деген жоспарым бар.
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР