Айлық «айқаймен» өсе ме?
Айлық «айқаймен» өсе ме?
459
оқылды
Еліміздегі еңбек қатынастары арнаулы заң аясында реттеледі. Сонда да болса жұмыс­шы­лардың ереуілі азаймай тұр. Әсіресе, Маңғыстау өңірінде «айлығымыз шайлығымызға жет­пейді» деп бас көтеретіндердің қарасы қалың. Обалы не керек, көбіне олардың талабы орын­далып,  бұрқ еткен дау басылады. Дегенмен бұл жағдай республиканың екінші бір қиырын­дағы еңбек ұжымының наразылығына ұласып жатады. Осы тұста біздегі еңбек қаты­настары саласындағы жанжалдың алдын алу механизмінің қауқары жайында сұрақ туындайды. Нақты айтқанда, көп жағ­дай­да жұмыс беруші жұмысшы көшеге шығып, наразылық білдір­генге дейін оның әлеуметтік жағ­дайын қаперге алмайтын сияқты. Әрі көбіне мекемелер инфляция жағдайын ескеріп, шарықтаған бағаны есепке алып, айлықты өсіру­ге құлықсыз. Жұмысшының одан өзге де әлеуметтік мәселелері де шешіле бермейді. Міне, жағдай­дың осылайша шиеленісуі жұмыс­шыларды  көшеге алып шығады.  Президент те Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында еңбекақының баяу өсуінен елде қарызға батқан­дар мен кедей адамдар көбейгенін айтқан. Әрине, мұндай жағдайда жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдететіндердің қарасы қалың­дай түсетіні анық.

Мұнайшылардың мұңы

Мәселен, ақпан айының ал­ғаш­қы күндерінде Маңғыстау атом энергетикалық комбина­тының жұмысшылары бас көтерді. Тү­бектегі жұртты ауызсумен, элек­тр қуа­тымен қамтамасыз ететін ком­пания қызметкерлері соңғы 14 жылдан бері өзгермеген айлық жалақыны көтеруді талап еткен. Мұнан бөлек, жұмысшылар өн­діріс­тің зияндылығына байла­нысты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, мемлекеттік мекемелерде сыйа­қы төлеу, еңбек жағдайын жақ­сарту мәселелерінің шешімі табылғанын қалайды. Кейін бұл мәселеге байланысты «МАЭК-Ка­зато­мөнеркәсіп» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­­тігінің бас директоры Талғат Есентүгелов ресми мәлімдеме жасап, қызмет­кер­лердің ай­лығын 30 пайыз көтеру, мерекеде сыйақы төлеу мә­селесінің шешіліп жатқанын хабарлады. Әрі ком­пания басшылығы қызмет­кер­лер көтерген мә­селелер бойынша еңбек арбитражының құра­мын бе­кітті. Оған кәсіпорынның 3 қыз­мет­кері мү­ше болды. Соңғы күндері «МАЭК-Казато­мө­неркәсіп» жауап­кершілігі шек­теу­лі серіктестігінен бөлек Дун­га кен орнын игеріп жатқан Total ЖШС, «Кас­пийПрофСнаб», Planika мекемелерінің де жұ­мысшылары бас көтеріп, жұмыс берушілерден жа­­­лақыны көтеру, еңбек келісім­шар­тын жасасу­ды талап еткен. Бір кездері жекеменшікке өткен «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары құрылымды қайтадан мем­лекет мен­шігіне алуды қалайды. Сол секіл­ді өңір­дегі 6 мұнай сервистік ком­панияның жұмыс­шы­лары да ме­­кемені мемлекеттің меншігіне қай­­­тару туралы өз талаптарын жа­рия­лады. Маңғыстаудағы ушыққан еңбек қа­тынастары мә­селесіне Үкіметтің кеңейтілген отырысында да ай­рық­ша назар аударылды. Басқосуда об­лыс әкімі Нұрлан Ноғаев былтыр мұ­найлы өңірде 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелгенін айтты. Ондағы 24 фак­ті бойынша мәселені тараптар 3 са­ғат ішін­де шешіп, келісімге кел­ген. Олардың бар­лығында жұмы­с­шы­лар жалақыны арттыруды та­лап ет­кен. айлық Былтыр желтоқсан айында Aiqyn газетіне берген сұхбатында Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та еңбек даулары не­гізінен мұнай сервистік ком­па­нияларда болатынын мысал еткен. Бұл мәселе бойынша Үкімет жаны­нан арнайы жұмыс тобы да құрыл­ған.

Наразылық «челленджі»

Әйтсе де, жыл басынан бері лек-легімен жалғасқан еңбек дау­лары ең­бек қатынастарын реттеу меха­низ­мін жетілдіру қажетін көрсетті. Мұн­да мәселені шешудің жалғыз жо­лы айлықты көтеру емес сияқты. Өйт­кені жекелеген мекеме қызмет­кер­лерінің бас көтеріп, жалақысын кө­бейту басқа ұжымдардың да осы­нау қадамға баруына ықпал етеді. Мә­селен, Маңғыстаудағы мұнай­шы­лар мен мұнай сервистік компа­ния қызметкерлерінің наразы­лы­ғы­нан соң басшылық олардың мәсе­ле­сін шешуге мойын бұрды. Нақты нәтиже де бар. Осыны естіп-біліп отыр­ған жедел жәрдем көлігінің жүр­гізушілері, мұнай сервистік ком­паниялардағы өрт сөндірушілер, ха­лыққа қызмет көрсету орта­лық­тарының, «Қазақтелеком» ак­цио­нерлік қоғамының қызметкерлері де жалақыны көтеруді талап ете бас­тады. Нәтижесінде мұнай сер­вис­тік компанияның өрт сөн­діру­шілерінің айлығы 30 пайызға өсті. Маң­ғыстаулық халыққа қызмет ор­талығы қызметкерлерінің де жа­найқайы басшылықтың құлағына жет­кен сыңайлы. 5 жыл бойы ең­бе­ка­қысы өспеген халық қызметші­лері­не қуанышты хабарды жеткізу үшін Маңғыстауға «Азаматтарға ар­налған Үкімет» мемлекеттік кор­по­рациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов арнайы ат басын бұрды. Басқарма төрағасы халыққа қыз­мет көрсету орталығы қызмет­кер­лерімен кездесу кезінде кор­пора­цияның барлық филиалында ай­лық 1 қаңтардан бастап 25 пайыз­ға көбейетінін жеткізді. Шілде айын­да еңбекақыны тағы 25 пайыз­ға өсіру жоспарланған. Оған қоса ха­лыққа қызмет көрсету орталық­тары­ның мамандары шілде айынан бас­тап 50 пайыздық үстемеақы қо­сылған айлық ала бастайды. Жоғарыдағы мысалдардан соң қыз­меткерлері басшылықтың алды­на жалақыны көтеру туралы талап қоя­тын мекемелердің қатары молая түсетіні анық. Демек, қоғамда жа­ла­қыны көтеру, әлеуметтік қорғау те­тіктерін қарастыруда наразылық біл­діру тенденциясы белең алады. Де­се де, DataSight зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Ілияс Ті­леу­бергенов еңбек дауларына жала­қы­н­ың аз-көптігін бұрын әлеуметтік тең­сіздік себеп болатынын айтты. Сон­дықтан мәселенің астарына те­рең­нен үңілу үшін әр ұжымдағы ең­бек дауын жеке-жеке зерттеу ар­тық болмайды. – Наразылыққа шыққан жұ­мыс­­шылардың көбі әлеуметтік әділ­­дікті талап етеді. Мұнда мәселе айлықтың көп не аз төленуі емес. Мә­селе айлықтың дұрыс тағайын­дал­мауында. Басшы мен қатардағы қыз­мет­кер айлығындағы айырма­шы­лық жер мен көктей. Демек, мұн­да әлеуметтік әділдік немесе әлеу­меттік теңдік жоқ. Сондықтан мейлінше әр дауды, әр компанияның мысалында жеке-же­ке зерттеу қажет, – дейді Ілияс Тілеубергенов. Әлеуметтанушылардың келесі бір тобы мәселені әр маманның ең­бек жүктемесін заң аясында бекіту ар­қылы шешуге болатынын айтады. Жүктемеге сай әр қызметкердің ал­дына күндік, айлық жоспар қой­ы­ла­ды. Сәйкесінше жоспарын асыра орын­дағандарға үстемеақы төлене­ді. Бұл тетік қызметкерлерді жұмыс­қа ынталандырумен бірге еңбекақы төлеу жүйесіндегі теңсіздікті жоюға мүмкіндік бермек. Қысқасы, көп жағдайда еңбек дау­ларына қатысушылар еңбека­қы­ны көтеруді талап етеді. Әрі оның ба­сым бөлігінде наразы топ өз де­ге­ніне қол жеткізіп жатады. Әйтсе де, жауаптылар бұл тенденцияның жақ­­сылыққа апармайтынын түсін­ге­ні жөн. Өйткені «айқаймен» ай­лық өсіру тенденциясы кім-кімге бол­масын абырой әпермейді. Сон­дықтан еңбек қатынастарын реттеу жүйе­сінде еңбек жанжалдарын ал­дын алудың мүмкіндіктері қарас­тырылғаны жөн.