Қаңтар оқиғалары Қазақстандағы түбегейлі жаңғыруларға серпін бергені мәлім. Соның аясында елең еткізерлік бір өзгеріс айқындалып отыр: жеке монополиялық операторлардың мемлекеттің экономикалық функцияларын атқаруына тыйым салынбақ. Осының алдында «ӨКМ Операторы-Оператор РОП» жойылған-тын. Енді кезек өзгелеріне келгенге ұқсайды.
Делдал – дамуға тұсау
Бұл әлдебір сарапшының кезекті ұсынысы емес, тікелей Президенттің пәрмені екенін атап өткен жөн. 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен жүздескен Мемлекет басшысы экономиканы олигархтардан арылту бойынша қатаң саясат жүргізетінін мәлімдеді: «Мұнда, ең алдымен, қолдан жасалған монополияларға талдау жасау қажет. Операторлардың, әсіресе, жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Бұрын «өтеп алушы» деген термин болатын: жеке компаниялар тиісті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар экономикалық функцияларын орындауды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апармады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырамын. Барлық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс», – деді ол. Ал Үкіметтің 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев биік лауазымды шенеуніктердің жекелеген компаниялардың мүддесін ілгерілетіп, лобби жасағанына нұсқады. Ол «делдалдар, монополист операторлар, қажетсіз агенттер» қаптап кеткенін, олар түрлі комиссиялар мен тарифтер бойынша ақы жинайтынын ашық айтты. «Кім олардың қызметіне ақы төлейді? Әрине, тұтынушы төлейді. Бұған қабылданған заңдар мен қаулылар кінәлі. Осыған негіз болған нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде меморгандар қоғам мүдделерін емес, көбіне жекелеген компаниялардың мүдделерін басшылыққа алған. Соның кесірінен қазақстандықтардың өз игілігіне жұмсауы қажет қаржысы осы компаниялардың қалтасына ағып кетеді», – деген Қазақстан көшбасшысы Үкіметке операторлар мен делдалдар қызметіне қатысты мәселелерге «өте салмақты көңіл бөлуді», олқылықты түзеудің нақты шешімін ұсынуды тапсырды. Неге дәл осы мәселе қазір өзекті болып отыр? Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама» әзірленіп жатыр. Құжаттың жаңашылдығы сол, ол қазақстандықтардың кірісін көбейтумен ғана шектелмейді, сонымен бірге бұқараға ауыртпалығын түсіретін орынсыз шығындарды азайтатын тың шараларды қарастырмақ. Операторлар қарапайым халықпен тікелей қарым-қатынас жасамайды, тек компаниялармен жұмыс істейді. Онда олар қалай халықтың табысын арттыруға кедергі келтіреді? Өйткені олардың бизнеске жүктеген қосымша шығындарын кәсіпкерлер халықтан – тұтынушыдан өндіріп алады. Демек, тұтас салаларды басыбайлы иемденген жекеменшік операторлар мен делдалдардан құтылу кедей халықты бай етуге бастайтын қадамның бірі болмақ.Антимонополистердің тісі батпаған еді
Президенттің осы мәселеге қатысты тапсырмасы таяуда берілгендіктен, Үкімет жаңа құжаттар қабылдап үлгермеді. Дегенмен Үкіметке енгізілген нақты ұсыныстардың өзі тамсандырады. Мәселе жекеменшік операторлардан толық арылу жайында. Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, операторлар арқылы елімізде «жасанды монополиялар құрылған». Бұл ретте квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындар ғана емес, бірқатар «жеке компаниялар мемлекеттің экономикалық функцияларын жүзеге асырудың монополиялық құқығына ие болған». Ведомствоның түсіндіруінше, меммонополияны енгізу рәсімі заң жүзінде қатаң реттеліп, регламенттелген. Оның үстіне оны құру үшін бюджеттен қомақты ақша бөлгізу, оны жыл сайын Парламентте қолдау қажет. Бұл ел қазынасына қымбатқа түседі. Сондықтан «мемлекеттік монополияны енгізбестен, барлық талаптар мен шектеулерді айналып өтіп, белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыруға монополиялық құқықтарды заңнамалық түрде беру тәжірибесі кең таралды». Яғни, әлдебір қап-қалың заң жобасының ішіне мемфункцияны жеке секторға тапсыруды қарастырып, оны Парламенттен бір рет өткізіп алса, жеткілікті. Кейін сол бап негізінде жеке оператор не делдал құрылады да, Үкімет майшелпек саланың тізгінін соған ұстатады. Осылайша, елде «жеке оператор» деген баламалы институт пайда болды. 2020 жылы Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі монополиялық операторлардың қызметіне талдау жүргізді. Талдау қорытындысында агенттік республикада 51 монополиялық оператор барын анықтады, оның көбі – мемлекетке қарасты квазимемсектор кәсіпорындары. Ал 3 ірі оператор толығымен жеке тұлғалардың қолында болып шықты. Антимонополиялық орган ауқымды істі еңсерді, алайда саланы толық реттеуге оның батылы жетпеді. Мысалы, агенттік былтыр Үкіметке анықталған 54 оператордың ішінен тек 9-ына қатысты түбегейлі шара қабылдау туралы ұсыныспен шыққан. Яғни, дәл сол ұйымдарды «оператор мәртебесінен айыру, қызмет түрлерін оңтайландыру, тарату немесе жекешелендіру» бастамасын көтерді. Әрине, олардың ішінде жекенің қолындағы үш оператордың ешқайсысы болған жоқ. Нәтижесінде, былтыр Парламент қабылдаған, 2022 жылғы 3 қаңтарда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы әлгі тоғызды оператор мәртебесінен айырды. Бұл, әрине «косметикалық» шаралар болатын, сондықтан бизнес те, халық та мұндай өзгерістерді сезінбей қалды. Антимонополиялық органның ақпаратынша, тоғыз операторды жоюдан келген жалпы экономикалық тиімділік небәрі 3,5 млрд теңге ғана болды. Енді Мемлекет басшысының өзі азуын айға білеген алпауыттардан арылуға ерік-жігер танытып, Үкіметке нақты міндет қойды. Алғашқы нәтиже де бар: 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның утилизациялық алым жинауын тоқтатуға бағытталған шара қабылдауды жүктеді. Бұл тапсырма тез орындалды, кәдеге жарату алымын жинау және бөлу функциясы толығымен мемлекет қарауындағы «Жасыл даму» АҚ-на берілді, ал «ӨКМ Операторын» оның қожайыны банктердегі жүздеген миллиард теңге жиналған есепшоттарымен, бүкіл дүние-мүлкімен бірге мемлекетке тегін сыйға тартты. Мұндай тарту жасау алда тағы қайталанып қалуы ықтимал.Қос алпауытқа қауіп төнді ме?
Сарапшылар әлгі заң қалыптасқан жағдайды түзете алмағанын айтады. Кемшіліктерді жаңа заң жобасы шешуі шарт. Ұлттық экономика министрлігінің растауынша, нарықта сол бойы бәсеке жоқ, ал «бәсекелестіктің болмауы себепті монополиялық операторлардың өзіне сеніп тапсырылған қызметті тиімсіз жүзеге асыруының жоғары тәуекелдері» сақталып қалды. «Бұл ретте операторлардың баға саясаты оңтайландырылмаған және көрсететін қызметтерінің сапасы төмен. Мемлекет басшысы биылғы 21 қаңтарда атап өткендей, монополиялық операторлар, әсіресе жекеменшік операторлар енді тарихқа кетуі тиіс. Барлық сала мен нарықтар бәсекелестікке ашық болуы керек. Осыған байланысты мемлекеттің экономикалық функцияларын жекеменшік монополиялық операторлардың жүзеге асыруына заңнамалық деңгейде тыйым салынатын болады», – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі. Ведомство бұл өзгерістер мемлекеттің жекелеген функцияларын атқаратын жеке операторларға – «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ына және Silk Way monitoring ЖШС-на қатысты болатынын білдірді. «Қызметтің бірқатар экономикалық түрлерін жеке компаниялар заңды түрде монополияландырып алған. Жаңа заң қабылданғаннан кейін аталған жеке монополиялық операторлардың саны 2-ден 0-ге дейін қысқартылады. Ары қарай елде жеке монополиялық операторлар болмайды», – деп хабарлады экономика министрлігі. Айта кетер жайт, Silk Way monitoring ЖШС (қазіргі жаңа атауы Silk Way online) Үкімет басшысы А.Мамин қабылдаған 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №819 қаулымен «Халықаралық жүк тасымалын қадағалау ақпараттық жүйесінің ұлттық операторы» болып белгіленді. Компания барлық жүктердің бүтіндігін бақылаумен, осы мақсатта фура және басқа да автокөліктерге, теміржол вагондарына, контейнерлерге мониторинг жүргізумен айналысады. «Қазақстан нарығында біздің компания жүктерді, вагондарды, контейнерлерді және басқа жылжымалы құралдарды спутниктік мониторингтеу қызметтерінің жалғыз жеткізуші болып есептеледі», – деді компания басшылығының өкілі Айнұр Сүлейменова. Электронды навигациялық пломбалар салу да соның құзырында. 32 мың жүк көлігін, 30 мыңнан аса теміржол контейнерін бақылайды. Алматылық компания 2015 жылы құрылған, теміржол көлігінде жүктерді күзетумен айналысқан. Оның атқарушы директоры Әділ Сүлейменов Қаржы министрлігінде жұмыс жасапты, салықшы болған. Statsnet.co порталы мемлекеттік деректер базасына сүйеніп, 2021 жылғы шілдеде компанияның құрылтайшысы өзгергенін, Бауыржан Секенов орнына Caspian development group болғанын көрсетті. Бағалау бойынша оператордың жылдық табысы – 638,5 миллион теңге. Лотереяның бірыңғай операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ да Алматыда тіркелген. 2016 жылы құрылған компанияның басшысы – Александр Эрикович Тен. Бағалау бойынша жылдық табысы 69,4 миллиард теңге. Алда лотерея саласынан түсетін миллиардтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бағытталады деп жоспарланып отырған көрінеді. Қалай болғанда да, жаңғырған ұлттық заңнама елді жеке операторлар мен делдалдардан арылтатынға ұқсайды.