Нұр-Сұлтанда аязда далада қалған 100 отбасы көмек сұрайды
Нұр-Сұлтанда аязда далада қалған 100 отбасы көмек сұрайды

Елордада 100-ге жуық отбасы жағдайларын айтып көмек сұрайды. Өйткені тұрғындар бірнеше жыл бойы жалға алып келген жатақхана сатылып кеткен екен. Енді аязды күні шиеттей балаларымен бірге қарттарын сүйреп қайда баратындарын білмей отыр, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Үйді босатыңдар" дегенді бірер күн бұрын ғана естіген тұрғындар тығырыққа тірелгенін айтады. Оған дейін жатақхананың сатылымда тұрғанын білмеген. Ұзақ уақыт тұрып келген олар, балаларын жақын маңдағы мектептерге орналастырып, осы маңдағы балабақшадағы көптен күткен кезектері де жақындаған. Енді қыс ортасында бала-шағамызды қайда апарамыз деп ашынады.
"Аязды өздеріңіз көріп тұрсыздар. Сол себепті оқу біткенше жылу, ыстық су, мұздай суды өшірмей, бізге мүмкіндік берсе, осы жатақхананы босатып беретін едік", - деді тұрғын Құрмангүл Оразымбетова.
"Баратын жер болса, осындай жерде тұрамыз ба? Бірде жылытады, бірде жылытпайды. Суы тастай", - деді тұрғын Гүлқайша Бисекеева. Аядай бір бөлмені 75 мың теңгеге жалдап отырған тұрғындар "үй иесі енді күшпен кетіруге көшті" дейді. Ыстық суды тоқтатып, жылуды сөндіріп тастайды екен. Бұл тек техникалық ақауларға байланысты болған жайсыздықтар деген жатақхана әкімшісі нысан жекеменшіктен мемлекет құзырына өткенін айтты.
"Келісімшарт бойынша біріне дейін тапсыруымыз керек. Әрі қарай ол кісі жөндеу жұмыстарын жасай ма, басқа жасай ма? Қысқасы 1-нен бастап өзі айналысады", - деді жатақхана әкімшісі Рауан Рахиянов.
3-4 баласымен пәтер таппаған отбасылар әкімшілікке барғанда, олар "біз ештеңе шеше алмаймыз" деп қайтарған.
"Толық ақпаратты жатақхана иесінен білмейінше оның шешімі қандай болатынын айта алмаймын. Бірақ осында тұрған отбасыларға жақын арадаға жатақханалармен сөйлесіп беріп, олардың ешқайсысын көшеде қалдырмау - біздің мұратымыз", - деді Алматы ауданы әкімшілігінің бас инспекторы Нұрман Абдраимов.
Наразы жұрттың ендігі жатақхана иесінен бар сұрайтындары балалардың сабағы аяқталғанша, аяз қайтып, күн жылынғанша уақыт беру.