Бүгін өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысын үдемелі индустриялды дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиында кеме жасау және кеме жөндеу саласындағы инвестициялық жоба қаралды. Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкер теңіз айлағы бар кеме жасау және кеме жөндеу зауытының құрылысын жоспарлап отыр. Жаңа кәсіпорын 2025 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Нысан Ақтау қаласы Өмірзақ ауылының аумағында салынады.
- Қазір көлемі жоғары тоннаж кемелері бар азаматтар жөндеу жұмыстарын Ресей, Әзірбайжан, Иран сияқты көршілес Каспий маңы елдерінде жүргізуге мәжбүр. Сондықтан біз аталған қызметті Маңғыстауда іске асырып, өңірдің бюджетін толықтыру мақсатында осы жұмысты қолға алғымыз келеді. Жоба аясында жылына жалпы сыйымдылығы 2000 тіркелімдік тоннаны құрайтын 9-10-нан астам кемеге жөндеу жүргізіліп, 2 жылда 1-2 кеме құрастыруды көздеп отырмыз. Қызмет біліктілік қоғамдастықтарының қадағалауымен халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылады, - деді «Кеме жабдықтары және сервис» компаниясының бас директоры Дмитрий Донских.Айта кетейік, зауыт толық іске қосылғаннан кейін 200-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Үйлестіру кеңесінің мүшелері ұсынылған жобаны мақұлдады.