Тоқаев Бердімұхамедовтің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін қолдады
Тоқаев Бердімұхамедовтің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімін қолдады
Фото: akorda.kz
197
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың перспективаларын, оның ішінде Қазақстан Президентінің былтырғы қазан айында Ашхабадқа жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Президенттер өзара сауда-саттық көлемінің артқанына, энергетика, көлік, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықтың жанданғанына көңілі толатынын айтты. Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары бауырлас екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентіне шынайы құрметін білдіре отырып, Гурбангулы Бердімұхамедовтің кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдайтынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Түрікменстан басшысының саяси әрі өмірлік мол тәжірибесі осы мемлекеттің өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз.

Былтыр күзде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа асылтұқымды Ақалтеке арғымақ ат мінгізіп, тазы жетектетіп, сый-сияпат көрсеткенін хабарлаған болатынбыз.