Алматы облысында тергеу және уақытша ұстау изоляторларынан 33 адам босатылды, оның ішінде 8 кәмелетке толмаған бала ата-анасының қамқорлығына алынды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. Алматы облысында 88 адам қамауда отырса, 60-на қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес басқа да бұлтартпау шаралары белгіленді. Бұлтартпау шарасы жеке басын, жасын, денсаулық жағдайын, қатысу дәрежесін, әрекетке қатынасын және басқа да мәліметтерді мұқият зерттегеннен кейін таңдалды. Қаңтар оқиғасының салдарынан облыс бойынша 758 адам зардап шекті, оның ішінде 643-і полиция қызметкері, 78-і әскери, 37-сі бейбіт тұрғын. Көпшілігі жеңіл жарақат алған, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
«Іс-әрекеттерінде ауырлататын мән-жайлар жоқ адамдарға жазаны жеңілдету бөлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында шаралар қабылдануда. Мұнда әрбір құқық бұзушыға жеке мән беріп отырмыз. Сипаты мен санатының ауырлығы бағаланды», - деді Алматы облысы прокурорының міндетін атқарушы Рашид Әміров.