ШҚО облыстық мәслихатының депутаты, Қоғамдық кеңестің төрағасы Тұрарбек Әзекенов төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Өңірді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының тұрақтылығын бақылау мәселесі қаралды. «Сауда қызметін реттеу туралы» заңның 9-бабына сәйкес, дүкендер тауарлардың бағасын өз бетінше белгілейді, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өндірушінің немесе көтерме өнім берушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс. «Бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға келер болсақ, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының павильондарында бағаларды тұрақтандыру бойынша жедел желі телефондары орналастырылған. Халықтың жеміс-көкөніс өнімдеріне қолжетімділігін арттыру мақсатында өткізу нүктелерін ұлғайту үшін сауда объектілерімен меморандумдар жасалды»,–дейді «Ертіс» АҚ әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Динара Шарипова. Бүгінде Семей қаласы бойынша 19 меморандум, Өскемен қаласы бойынша 26 меморандум жасалды. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 29 сауда нүктесінде, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру бағдарламасы шеңберінде қала бойынша 74 сауда нүктесінде азық-түлік сатылады. «Nur Otan» партиясының облыстық филиал төрағасы, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасына бақылау жасау үшін 257 мониторинг тобы құрылды. Оған белсенді қоғам қайраткерлері, депутаттар, блогерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірді. Апта сайын көрсетілген азық-түлік тізіміндегі бағаның өзгеруіне талдау жасалады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы партияның Қоғамдық кеңесінің тұрақты бақылауында болады.