Солтүстік Қазақстан облысының мектептері мен ұстаздарына қатысты бірқатар былық-шылықтың беті ашылды. Мас күйінде көлік жүргізген немесе қоғамдық орындарда жүрген, сау күнінде де бір-бірімен шартпа-шұрт төбелескен, еден жуушыға қол көтерген, ата-аналармен сөзге келіп, себепсіз жұмысқа келмей қалған мұғалімдер бар. Қоғамдық орындарда лайықсыз мінез-құлық танытып, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікке тартылғандары да жетерлік. Ең көбі академиялық адалдықты сақтамағаны үшін жазалы болды, яғни тест тапсыру кезінде жауаптарын көшіріп отырғанын жасырмақ болған. «Мектептің жүрегі» саналатын мұғалім балалардың бойына ізгілік пен мейірім шуағын сіңіріп, сапалы білім мен тәрбие берумен айналысса керек-ті. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітетіні» секілді әртүрлі жағымсыз қылықтары үшін жауапкершілікке тартылған педагогтер «Ұстаз» деген ұлы есімнің беделіне нұқсан келтіріп отыр. Олардың істері жуырда құрылған педагогикалық әдеп және білім беру ұйымдары педагогтерінің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші органдарда қаралған. Бұл органға былтыр мұғалімдердің тәртібіне қатысты 160 шағым келіп түсіпті! Өткен жыл қорытындысы бойынша 20 мұғалімге ескерту, 23-іне сөгіс, 14-іне қатаң сөгіс жарияланған. Олардың басым бөлігі академиялық адалдықты сақтамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Түсінікті тілмен айтқанда, тест тапсырған кезде «шпаргалка» не ұялы телефонын қолданып, ұятқа қалып отыр. Бұрындары оларға тек тәртіптік жаза қолданылса, енді бұйрыққа енгізілген өзгерістерге сәйкес академиялық адалдықты сақтамаған ұстаздар 5 жылға санатын жоғарылату құқығынан айырылады, тіпті санаты төмендетілетін болыпты. «Бұл – мәжбүрлі шара. Оны қолданбайынша, мұғалімдер көшіруін тоқтатар емес. Мұғалімдердің тәртіпбұзушылықтары туралы айтудың өзі ұят. Негізінен академиялық адалдықты сақтамаған деп жалпылаймыз. Ал шын мәнінде неше түрлі тәртіпбұзушылықтар бар. Мұғалім ерекше мамандық иесі болғандықтан, айтуға да ауыз бармайды. Тіпті, олардың тәртібін қарайтын органның құрылғанының өзі ұят. Мұғалімдердің еңбекақысын жыл сайын көтеріп жатыр, мәртебесі жоғарылады, заң бар. Енді соған лайық болуы керек қой. Сондықтан қатаң шара қолдану қажет», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова. Тест тапсыра алмаған мұғалімдерге тағы бір рет тегін, одан соң ақылы түрде қайта тапсыруға рұқсат. Сондықтан оқушылар көшірсе, ұрысатын ұстаздардың «шпаргалкасыз-ақ» тест тапсыруына болады.
Мұғалім мәртебесіне лайық па?
Ащы суға сылқия тойып, қоғамдық орындарда жұртшылықтың мазасын алған, көлік жүргізген мұғалімдер де бар. Өз міндеттерін дұрыс орындамағандар, еш себепсіз жұмысқа кешіккен немесе мүлдем келмей қалған, бір-бірін жағадан алған немесе ата-аналармен және оқушылармен сөзге келіп, қоғамдық жерлерде әдепсіздік танытып, моральдық-этикалық нормаларды сақтамаған ұстаздар да Солтүстік Қазақстан облысынан табылады. Балалардың денсаулығына зиян келтірген мұғалімдер де кездеседі. Петропавлдағы «Сәуле» балабақшасындағы тәрбиешінің көмекшісі бір бүлдіршіннің қолын жуған кезде абайсызда тырнап алып, жарасы қабынып кеткенше үндемей жүре берген. Сол үшін айыппұл төлеп, кейін жұмыстан өз еркімен кетті. Бұған дейін Петропавлдағы №25 орта мектептің басшылығы далада 14 градус суық екеніне қарамастан, балаларды сырт киімсіз флеш-мобқа қатыстырғаны үшін жазаланды. Флеш-моб кезінде мұғалімдердің өздері күрте киіп тұрған. Келесі күні оқушылар суық тиіп ауырып қалғаны үшін, мектеп басшылығына сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Айыртау ауданында мектеп директоры 11-сыныпта оқитын қыз балаға сабаққа шалбар киіп келгені үшін сыныптастарының көзінше ұрысып, киініп келу үшін үйіне жіберіпті. Қыз бала келесі күні сабаққа келмей қалған. Сол үшін аудандық білім бөлімі облыстық Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің ұсынысына орай директорға ескерту жасады. Есіл ауданындағы Бұлақ орта мектебінің директоры орыс тілі мен әдебиеті сағаттарын осы пәннің маманына емес, басқа мұғалімдерге бөліп бергені үшін жауапкершілікке тартылды. Тіпті, 5-сыныпқа осы пәнді жүргізуді бастауыш сынып маманына жүктеген. Сондай-ақ тексеріс барысында физика, информатика, биология сияқты пәндерден ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің 30 пайызының біліктілігі талапқа сай емес екені анықталған. Ол-ол ма, ағылшынша амандасудан әрі аса алмайтын мұғалімдер де бар екен. Олардың жұмысынан еш нәтиже болмағанымен, тиісті қосымша ақы төленеді. Жалпы, педагогтердің білімінің оқытылатын пән бейініне немесе атқарып отырған қызметіне сәйкес келмеуі – ең жиі кездесетін құқықбұзушылық: тексерілген мектептердің 72 пайызында, мектепке дейінгі білім ошақтарының 50 пайызында кездеседі.«3»- ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді
«Тексеріс барысында оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне қатысты құқықтары бұзылатыны анықталады. Кейбір ақылға қонымсыз шешімдерге тап боламыз. Балалар да, мұғалімдер де зардап шекпеуі тиіс. Сондықтан мұндай тексерістер керек. Кейде келіп түскен шағымдар бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Айта кету керек, мұндайда кейбір шағымдар расталып жатады», – дейді Айнагүл Ағыбайқызы. Бүгінде мұғалімдердің түрлі жағымсыз қылықтарға жол беруіне не себеп? Кейбір ата-аналар мұны соңғы кезде ұстаздарға тамаша жағдай жасалып жатқанымен байланыстырады. «Ақша көп жерде былық көп. Жалақысы жоғары жұмысқа тамыр-таныстарын, құда-жекжаттарын қабылдау әдетке айналған. Биыл мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға арттырылды, екінші жартыжылдықта тағы 25 пайыз қосылады. Сондықтан мектепке кездейсоқ адамдар келіп жұмыс істеп жатыр», – дейді петропавлдық Ботагөз Жүнісова. Кезінде жоғары оқу орнына түсерде тиісінше ұпай жинай алмай, қалаған мамандығына өте алмай қалғандықтан, мұғалімдікті таңдай салғандар дәл қазір мектепке жұмысқа орналасып жатыр. Бұл – ардагер ұстаз Гүлнәр Мергенқызының пікірі. «Ең аз ұпай жинап, ешқайда өтпей қалғандар мұғалімдікке құжат тапсыра салатын. Бір танысым спорт мектеп-интернатын бітіріп, экономист мамандығын таңдады. Алайда онда конкурстан өту қиын болғандықтан, өтпей қалып, математика мұғалімі мамандығына бара салды. Қазір математикадан сабақ беріп жүр. Осындай мұғалімдер көп. Өзі «3»-ке оқыған адам сабақты да «3»-ке береді. Тіпті, оқымастан, дипломды сатып алғандар да баршылық екенін жасырып қайтеміз?» – дейді ардагер ұстаз. Соның салдары болар, былтыр аттестациядан өтуге тиіс болған 8 мектептің бірде біреуі өте алмаған, ал 7 балабақшаның тек біреуі ғана атттестацияны ойдағыдай тапсыра алыпты. Облыс бойынша білім деңгейі тексерілген 131 қатысушының 51-і (38,9%) емтихан материалындағы сұрақтардың 40 пайызына да дұрыс жауап бере алмаған. Бұл – антирейтингте республика бойынша тізімнің соңындағы Ақмола, Алматы және Атырау облыстарынан кейінгі төртінші көрсеткіш. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы». Ал жақсы ұстаз болмаса ше?Солтүстік Қазақстан облысы