5 миллион теңгелік дәретхана дауы
5 миллион теңгелік дәретхана дауы
305
оқылды
Жақында әлеуметтік желі­лерде өскемендік кәсіпорын сатып алған 5 миллион теңгелік дәретханалар қызу талқыланды. Талқылауға себеп болған – «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұловтың әлеуметтік желідегі жазбасы.

Өскеменнен бір бөлмелі пәтер алуға болады

Қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Түркістан облысы дәрет­ханаларға арналған бағасы қымбат тазалау құрылғысын сатып алудан бас тартса, Шы­ғыс Қазақстан керісінше бағасы бір бөлмелі пәтермен бірдей модульді дәрет­ханаларды сатып алды. Әкімдікке қарасты «Таза Өскемен» мекемесі өткен жылдың соңына қарай 6 дәретхананы сатып алу үшін 30 576 00 теңге, яғни әр дәретхана үшін 5 416 320 теңге төлеген. Бұл дәрет­ханаларда унитаз жоқ. Біз сараптап көрдік, осыған ұқсас бірнеше орындық дәрет­ханалар 2 миллион теңгеден сатылады, ал Өскеменге тек бір орындық дәретханалар сатып алынған. Салыстырмалы түрде ай­тар болсақ, «Крыша.кз» сайтынан Өске­мендегі сапасы жақсы бір бөлмелі пәтерді 5 500 000 теңгеге табуға болады. Біз осы мәселе бойынша құзырлы органдарға сұраным жібереміз» деп жазған болатын. Оның бұл постына қатысты «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшылығы түсініктеме берді. «Бұл жерде әңгіме автобустардың соңғы аялдамаларында және қоғамдық орын­дарда орнатылатын стационарлық, жайлы дәретхана модульдеріне қатысты болып отыр. Бұл – біздің тасымалдаушы­лары­мыздың және жүргізушілер мен кондук­торлардың өтініші бойынша жасалған шара. Мемлекеттік сатып алу өтті, тауар жеткізілді. Бірақ модульдерді монтаждау сапасы бойынша бірқатар ескерту жасал­ды. Сондықтан төлем әлі жүргізілмеді. Қазір инженерлік желілердің иелерімен келісу процесі жүріп жатыр. Осындай дә­ретха­на­лар Славский атындағы жағалауда, Ко­менданткада орнатылған. Енді соңғы аял­дамаларға, одан кейін 19-шағын­аудандағы аллеяға стационарлық дәрет­хана орнату жоспарымызда бар», – дейді «Таза Өске­мен» КМК басшысы Нұрлыбек Шерубаев. Славский атындағы жағалау мен арнасы тартылған Комендантка өзенінің үстіне орнатылған дәретханалар «Жұмыс істеп тұр ма, жоқ па? Көз жеткізейік» деп арнайы барып, көріп қайттық. Комен­дантка өзенінің тегістелген орнына бір емес, екі дәретхана орнатылған екен. Осын­дағы дәретханалардың тазалығына жауапты «Таза Өскемен» мекемесінің қыз­меткерлері дәретханалар таңғы сағат 9.00-дан кешкі сағат 19.00-ге дейін тегін жұмыс істей­тінін айтты. Үш кабиналы (біреуі қыз­­мет­керге, екеуі ерлер мен әйелдерге ар­налған) дәретханалардың іші таза, мү­гедек жан­дарға арналған ұстау құрыл­ғы­лары да бар екен. Іші жылы болуы үшін жылытқыш қосып отырғанын да аңғардық. Ал Слав­ский атындағы жағалауда, нақты айтсақ, Өзен вокзалында орнатылған дә­ретхана Коменданткадағы дәрет­хана­лар­дан бас­қаша болып шықты. Өзгешелігі сол, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға ар­налған арнайы құрылғылар қойылмаған екен.

Саны бар, сапасы қандай?

Бес миллиондық дәретханалар де­геннен шығады, осыдан бір-екі жыл бұрын өңірдегі туристік аймақтарға бағасы 6 мил­лион теңгеге жуықтайтын дәретхана­лар қойылса да, кейбірі дұ­рыс жұмыс істе­мей, есіктерінің жабық тұр­ғаны демалу­шылардың наразылығын туғызған еді. Сол кезде бір ғана Қатон­қарағай ауданына 5 дәретхана орнатылған болатын. «Енді «қызығын көрейік» деп тоқ­тасақ, есігі жабық тұр (Берел ауылын­дағы дәретхана). Маңайда тұратын көрші­лер­дің бірінде кілт бар екен,  «ойбай, қы­сылып барам» деп, әрең дегенде ашқыздық. «Есігін ашқанмен бәрібір ішінде су жоқ, унитаз жұмыс істе­мейді» дейді әлгі кісі. Әлі ештеңе жалған­баған. Сонымен, «айда­лада ақ туалет, аузы-мұрны жоқ туалет». Берел музейінде, қоршаудың сыртында біреуі тұр. Ол жер, тіпті жаяу адам баратын жер емес. Дә­ретхана керек болса, музейдің ауласында да тұр әне. Астананың LRT-сі сияқты көрінеді екен. Нобайы бар, бірақ пайдасы жоқ. Қайтып келе жатқанда Алтай қа­ласынан асқандағы сайдың ішінде тұрған «Думан» деген дәмханаға тоқтадық. Жол­дың үсті ғой, қалың турист ат шалдыратын жер. Ол жердегі туалетке кірсең көзің ашиды» (посттың орфо­гра­фиясы мен пунктуациясы сақталды) деп жазған еді сол кезде әріптесіміз, журналист Дарын Нұрсапар Facebook-тегі парақ­шасында. Жаз уақытында туристер ең көп ке­летін Катонқарағай секілді аудандарға баратын жол бойындағы дәретханалардың сапасыздығы, санитарлық талаптарға сай келмейтіні жайында көп айтылып жүрге­німен мәселенің шешілетін түрі көрінбейді әзірге. «Театр киім ілгіштен басталады» де­мекші, Шығыс Қазақстанда этно ту­ризмді насихаттап жүрген кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың пікірінше, туризм дәретха­надан басталады. Ішінде ыстық, салқын суы бар, сапасы жоғары дәретханалар өте қа­жет. Тек қоятын жерді дұрыс таңдаған лә­зім. «Жол бойында адамдар негізінен бұ­лақ басына, асханаларға, жол қиылыс­тарына тоқтап жатады. Жасыратыны жоқ, біздегі жол бойындағы дәретханаларға кіру мүмкін емес. Көбінің іші толған қоқыс. Келген қонақтардан ыңғайсызданасың. Сапалы, жайлы дәретханалар осындай жерлерге бірінші кезекте қойылуы керек деп ойлаймын. Асхана иелері мұны жа­са­ғысы келмейді. Ақшаларын қимайтын се­кілді. Сондықтан бұл жұмысты мемле­кеттің өзі қолға алғаны жөн», – дейді кәсіпкер.

Жергілікті әкімдер жауапты

Катонқарағайлық жергілікті тұрғын­дарға хабарласып, білгеніміз, түйгеніміз, жалпы қойылған дәретханалардың сапасы жаман емес. Ішінде су жылытуға арналған бойлер, екі унитаз бен қол жуғыштары бар. Алайда дәретхананы пайдалануға, қыз­метіне қатысты ойластырылмаған, шикі дү­ниелер де жоқ емес. «Бұл дәретханалар­дың ішінде бір тонналық бөшке бар. Оны толтыру да оңай шаруа емес. Біздің му­зейде мотопомпамыз болғандықтан жазда өзіміз-ақ толтырып тастаймыз. Өзен де жақын. Ал енді жол бойындағылар бір тон­наны қалай толтырады? Әсіресе, судан алыста орналасқаны қиын. Қыста  мұның бәріне су тасып құю мүмкін емес қой. Оның үстіне қыста көп адам да келмейді. Бөшкедегі су қатып қалуы да мүмкін. Ішін­де пеш те бар негізі. Бірақ адам кел­месе электр қуатын құр айналдыру, ақшаны босқа шығындау болмай ма?» – деді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музе­йі­нің атын айтқысы келмеген қызметкері. «Kazakh Tourism ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қызметкерлері 2020 жылы Шығыс Қазақстанның 8 ауданына республикалық бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлініп, 17 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнатылатынын айтқан еді. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму бас­қармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың сөзіне сенсек, сол жылы «Жұ­мыспен қамту 2020 жол кар­тасы» бағ­дарламасының аясында аймақ­тағы турис­тік нысандарға 23 қоғамдық дәретхана орнатылыпты. «Аталған дәретханалардың құрылысы бюджет есебінен қаржылан­ға­нына байланысты жергілікті әкімдіктердің иелігінде, яғни, оларға материалдық жа­уапкершілік жүктелген. Жаз мезгілінде жергілікті ауылдық округтің әкімі осы дәретханаға жауапты. Туристік маусымнан басқа уақытта дәретханалар жұмыс істе­мейді. Қазір дәретханалардың жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оларды кәсіпкерлерге жалға беруді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы