Жақында әлеуметтік желілерде өскемендік кәсіпорын сатып алған 5 миллион теңгелік дәретханалар қызу талқыланды. Талқылауға себеп болған – «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұловтың әлеуметтік желідегі жазбасы.
Өскеменнен бір бөлмелі пәтер алуға болады
Қоғам белсендісі әлеуметтік желідегі парақшасында: «Түркістан облысы дәретханаларға арналған бағасы қымбат тазалау құрылғысын сатып алудан бас тартса, Шығыс Қазақстан керісінше бағасы бір бөлмелі пәтермен бірдей модульді дәретханаларды сатып алды. Әкімдікке қарасты «Таза Өскемен» мекемесі өткен жылдың соңына қарай 6 дәретхананы сатып алу үшін 30 576 00 теңге, яғни әр дәретхана үшін 5 416 320 теңге төлеген. Бұл дәретханаларда унитаз жоқ. Біз сараптап көрдік, осыған ұқсас бірнеше орындық дәретханалар 2 миллион теңгеден сатылады, ал Өскеменге тек бір орындық дәретханалар сатып алынған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Крыша.кз» сайтынан Өскемендегі сапасы жақсы бір бөлмелі пәтерді 5 500 000 теңгеге табуға болады. Біз осы мәселе бойынша құзырлы органдарға сұраным жібереміз» деп жазған болатын. Оның бұл постына қатысты «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшылығы түсініктеме берді. «Бұл жерде әңгіме автобустардың соңғы аялдамаларында және қоғамдық орындарда орнатылатын стационарлық, жайлы дәретхана модульдеріне қатысты болып отыр. Бұл – біздің тасымалдаушыларымыздың және жүргізушілер мен кондукторлардың өтініші бойынша жасалған шара. Мемлекеттік сатып алу өтті, тауар жеткізілді. Бірақ модульдерді монтаждау сапасы бойынша бірқатар ескерту жасалды. Сондықтан төлем әлі жүргізілмеді. Қазір инженерлік желілердің иелерімен келісу процесі жүріп жатыр. Осындай дәретханалар Славский атындағы жағалауда, Коменданткада орнатылған. Енді соңғы аялдамаларға, одан кейін 19-шағынаудандағы аллеяға стационарлық дәретхана орнату жоспарымызда бар», – дейді «Таза Өскемен» КМК басшысы Нұрлыбек Шерубаев. Славский атындағы жағалау мен арнасы тартылған Комендантка өзенінің үстіне орнатылған дәретханалар «Жұмыс істеп тұр ма, жоқ па? Көз жеткізейік» деп арнайы барып, көріп қайттық. Комендантка өзенінің тегістелген орнына бір емес, екі дәретхана орнатылған екен. Осындағы дәретханалардың тазалығына жауапты «Таза Өскемен» мекемесінің қызметкерлері дәретханалар таңғы сағат 9.00-дан кешкі сағат 19.00-ге дейін тегін жұмыс істейтінін айтты. Үш кабиналы (біреуі қызметкерге, екеуі ерлер мен әйелдерге арналған) дәретханалардың іші таза, мүгедек жандарға арналған ұстау құрылғылары да бар екен. Іші жылы болуы үшін жылытқыш қосып отырғанын да аңғардық. Ал Славский атындағы жағалауда, нақты айтсақ, Өзен вокзалында орнатылған дәретхана Коменданткадағы дәретханалардан басқаша болып шықты. Өзгешелігі сол, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы құрылғылар қойылмаған екен.Саны бар, сапасы қандай?
Бес миллиондық дәретханалар дегеннен шығады, осыдан бір-екі жыл бұрын өңірдегі туристік аймақтарға бағасы 6 миллион теңгеге жуықтайтын дәретханалар қойылса да, кейбірі дұрыс жұмыс істемей, есіктерінің жабық тұрғаны демалушылардың наразылығын туғызған еді. Сол кезде бір ғана Қатонқарағай ауданына 5 дәретхана орнатылған болатын. «Енді «қызығын көрейік» деп тоқтасақ, есігі жабық тұр (Берел ауылындағы дәретхана). Маңайда тұратын көршілердің бірінде кілт бар екен, «ойбай, қысылып барам» деп, әрең дегенде ашқыздық. «Есігін ашқанмен бәрібір ішінде су жоқ, унитаз жұмыс істемейді» дейді әлгі кісі. Әлі ештеңе жалғанбаған. Сонымен, «айдалада ақ туалет, аузы-мұрны жоқ туалет». Берел музейінде, қоршаудың сыртында біреуі тұр. Ол жер, тіпті жаяу адам баратын жер емес. Дәретхана керек болса, музейдің ауласында да тұр әне. Астананың LRT-сі сияқты көрінеді екен. Нобайы бар, бірақ пайдасы жоқ. Қайтып келе жатқанда Алтай қаласынан асқандағы сайдың ішінде тұрған «Думан» деген дәмханаға тоқтадық. Жолдың үсті ғой, қалың турист ат шалдыратын жер. Ол жердегі туалетке кірсең көзің ашиды» (посттың орфографиясы мен пунктуациясы сақталды) деп жазған еді сол кезде әріптесіміз, журналист Дарын Нұрсапар Facebook-тегі парақшасында. Жаз уақытында туристер ең көп келетін Катонқарағай секілді аудандарға баратын жол бойындағы дәретханалардың сапасыздығы, санитарлық талаптарға сай келмейтіні жайында көп айтылып жүргенімен мәселенің шешілетін түрі көрінбейді әзірге. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, Шығыс Қазақстанда этно туризмді насихаттап жүрген кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровтың пікірінше, туризм дәретханадан басталады. Ішінде ыстық, салқын суы бар, сапасы жоғары дәретханалар өте қажет. Тек қоятын жерді дұрыс таңдаған ләзім. «Жол бойында адамдар негізінен бұлақ басына, асханаларға, жол қиылыстарына тоқтап жатады. Жасыратыны жоқ, біздегі жол бойындағы дәретханаларға кіру мүмкін емес. Көбінің іші толған қоқыс. Келген қонақтардан ыңғайсызданасың. Сапалы, жайлы дәретханалар осындай жерлерге бірінші кезекте қойылуы керек деп ойлаймын. Асхана иелері мұны жасағысы келмейді. Ақшаларын қимайтын секілді. Сондықтан бұл жұмысты мемлекеттің өзі қолға алғаны жөн», – дейді кәсіпкер.Жергілікті әкімдер жауапты
Катонқарағайлық жергілікті тұрғындарға хабарласып, білгеніміз, түйгеніміз, жалпы қойылған дәретханалардың сапасы жаман емес. Ішінде су жылытуға арналған бойлер, екі унитаз бен қол жуғыштары бар. Алайда дәретхананы пайдалануға, қызметіне қатысты ойластырылмаған, шикі дүниелер де жоқ емес. «Бұл дәретханалардың ішінде бір тонналық бөшке бар. Оны толтыру да оңай шаруа емес. Біздің музейде мотопомпамыз болғандықтан жазда өзіміз-ақ толтырып тастаймыз. Өзен де жақын. Ал енді жол бойындағылар бір тоннаны қалай толтырады? Әсіресе, судан алыста орналасқаны қиын. Қыста мұның бәріне су тасып құю мүмкін емес қой. Оның үстіне қыста көп адам да келмейді. Бөшкедегі су қатып қалуы да мүмкін. Ішінде пеш те бар негізі. Бірақ адам келмесе электр қуатын құр айналдыру, ақшаны босқа шығындау болмай ма?» – деді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің атын айтқысы келмеген қызметкері. «Kazakh Tourism ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қызметкерлері 2020 жылы Шығыс Қазақстанның 8 ауданына республикалық бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлініп, 17 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнатылатынын айтқан еді. Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың сөзіне сенсек, сол жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында аймақтағы туристік нысандарға 23 қоғамдық дәретхана орнатылыпты. «Аталған дәретханалардың құрылысы бюджет есебінен қаржыланғанына байланысты жергілікті әкімдіктердің иелігінде, яғни, оларға материалдық жауапкершілік жүктелген. Жаз мезгілінде жергілікті ауылдық округтің әкімі осы дәретханаға жауапты. Туристік маусымнан басқа уақытта дәретханалар жұмыс істемейді. Қазір дәретханалардың жыл бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін оларды кәсіпкерлерге жалға беруді жоспарлап отырмыз», – дейді ол.Шығыс Қазақстан облысы