Жер мәселесі – мемлекеттің, тұтас алғанда бүкіл қоғамның және жеке алғанда елдің әрбір азаматының мүдделерін қозғайтын ең өзекті және күрделі мәселенің бірі. Қарағанды облысында да жайылымдық жер тапшы. Ал кейбір ауылда біреудің иелігіндегі жер игерілмей бос жатыр. Осыған байланысты ондай жерді мәжбүрлі түрде тартып алу басталды. Дегенмен олқылықтар да жоқ емес. Кейбір шаруалар өз жерлерін негізсіз алып қойып жатыр деп дабыл қағып жатыр. Сонымен қатар екі облысқа да тиесілі жер телімі бар болып шықты.
Қанша жер мемлекетке қайтарылды?
Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 2020 жылмен салыстырғанда былтыр 1 миллион 696 мың гектарға ұлғайып, 18 миллион 37 мың гектарға жетті. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге бекітілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемінің ұлғаюы конкурс арқылы берілген жерлер есебінен болған. Ал жерді қайтып алу жұмыстары қалай жүргізілуде деген сұраққа Қарағанды облысының Жер қатынастары басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр: – Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Жер жалдау шарттарын бұзу және жерді мәжбүрлеп қалпына келтіру туралы» 18 талап-арыз берілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес рекультивациялық жобада жер қойнауын пайдалану объектілері алып жатқан жер учаскелерін одан әрі пайдалану және шаруашылығын айналымына тарту үшін қолайлы жағдайға келтіру шаралары қарастырылған. Сонымен қатар шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты жер пайдаланушыларға «Жер жалдау шарттарын бұзу және жерді мәжбүрлеп қалпына келтіру туралы» 32 хабарлама жіберілді, – дейді. Айта кету керек, 2021 жылы шағын және орта бизнесті дамыту үшін 41 аукцион өткізіліп, онда коммерциялық мақсатта көлемі 148,6 гектар болатын 193 жер учаскесі сатылды. Өткен 2021 жылы халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында Нұра ауданында 178 мың га, Осакаров ауданында 7,8 мың га, Қарағанды қаласында 0,1 мың га алқапты бірлесіп пайдалану туралы меморандумдарға қол қойылды. Әрине, бос, игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтарып алып, оны жұмыс істеймін деп құлшынып отырғандарға берген тиімді. Бірақ бұл жерде екінші мәселе шығып тұр. Ол мәжбүрлі түрде қайтып алынып жатқан жер иелерінің ол жерді пайдаланып жатырмыз деп дабыл қағуы. Соған тоқталайық...Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?
Ал енді екінші дау Абай ауданында шықты. Сарепта ауылының тұрғыны Юрий Шайдулин 20 жыл еңбек еткен жерінен айырылып қалуы мүмкін. Өйткені әкімдіктегілер жердің 70 пайызы өз мақсатында қолданылмады деп, жалға беру жөніндегі келісімді бұзған. Негізінен, Юрий Шайдулин 400 гектар жерге арналған тұқым дайындап қойған. Енді оларды сату керек дейді. Себебі қараша айында оған сотқа шақырту келген. Анықталғандай, әкімдік жер өз мақсатында қолданылмағандықтан, келісімді бір жақты негізде бұзбақшы екен. «Бір де бір тексеріс болған жоқ. Шенеуніктер көп, бірақ ешкімге керек емес. Былтыр құрғақшылық болды, бидай 8 центнер берді. Жауын жауған жоқ», – дейді шаруа. Сонда да ол егіс алқабынан 150 тоннадан астам астық алған. Жүздеген шаруа малдарына жем сатып алыпты. Бұл кезде ол 800 гектар егін еккен екен, ал 150 гектар жерді келесі жылға дайындаған. Сонымен қатар көрші шаруашылықпен бірге әрекет ету жөнінде келісім жасасқан. Көршісі өзінің өрісінде Юрий Шайдулиннің малын бірге бағып берген. Алайда аудандық әкімдік те, сот та оны дәлел ретінде қарастырмаған. «Бұл жер иесінің малы бірыңғай мал базасында тіркелмеген. Өкінішке қарай, жер телімінде пішен шабу жерді игеру болып саналмайды. Барлығы ресми дереккөздерінде көрсетілуі қажет», – деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Саят Мусин. Ғарыштан түсірілген суреттер Юрий Шайдулиннің жердің тек 30 пайызын игергенін көрсеткен. Алайда шаруа қыста мұның қате дерек екенін дәлелдей алмаймын дейді. Ал өзге шаруалар Шайдулиннің шаруашылығы тиімді екенін айтып отыр. «Астық сатып аламыз. Жем беріп отырған соң бізге көбірек астық қажет. Жеңілдік жасайды. Кейде қарызға да береді», – дейді Қоянды ауылының шаруасы Жангүл Әліпбекова. Ал Самарқа ауылының шаруасы Ислам Асқаров одан 5 жыл бойы астық пен шөп сатып алып келгенін жеткізді. Биыл да нарықтағыдан арзан бағамен 50 тоннадай астық, 3 мың түк шөп алған. Бірақ әкімдіктегілер ауданда әр алтыншы шаруаның жері дұрыс игерілмегені үшін қайтарып алынғанын мәлімдеді. Енді Юрий Шайдулин облыстық сотқа аппеляциялық арыз жазбақ.Екі облысқа ортақ жер
Жер дауы Қарағанды облысы Молодежный кентінде де ушығып тұр. Өйткені шаруалар заңды жолмен алған жер телімдерін пайдалана алмай отыр. Себебі шекарадағы дәл сол телімдер Павлодар облысының фермерлеріне де беріліпті. Қолдарында тиісті құжаттары бар. Кент тұрғыны Темірлан Егізеков 2 мың гектар алқапқа биыл көп жылдық шөп өсірмек болған. Алайда жоспары жүзеге аспайтын түрі бар. Жерді жыртып жүргенде Павлодар облысынан екінші қожайын шығып, жерді босатуын талап еткен. – Біз өткен жазда жерді жыртып, дайындап жатқанбыз. Сол кезде механизаторларға белгісіз адамдар келіп, бұл жер біздікі, табандарыңды жалтыратыңдар деп қоқан-лоққы көрсетті. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Биыл көктемде шөп егеміз деп жоспарлап қойған едік. Қазір ауылдың 6 бірдей фермері осындай даулы жағдайда қалып отыр. 17 мың гектар жердің екі қожайыны бар. Тиісті құжатты Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы және Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы жауапты мекемелер берген, – дейді Темірлан Егізеков. Қос тарап та мұны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне сүйене отырып жасағанын айтады. Осындайда жерді кім бөлген деген сұрақ туындайды. Осакаров ауданындағы жер қатынастары бөлімінің басшысы Береке Есіркепов: «Бұл жер учаскесі Қарағанды облысына тиесілі. Бұл жайында мұрағат құжаттарында анық жазылған. 1952 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы шығыпты. Бар мәселе картаның дұрыс сызылмауынан туындап отыр», – дейді. Бір қызығы, екі тарап та жер біздікі деуден танар емес. – Әр облыстың өз шындығы бар. Біз өз құжаттарымыз бойынша бұл жер біздікі деп жатырмыз, олар өз құжаттары бойынша біздікі деп айтып жатыр. Кеңес үкіметі кезіндегі құқықты беретін бұйрық бар бізде. Сол бұйрық бойынша Қарағанды облысының шекарасы бекітілген. Ал Павлодар облысында ондай құжат жоқ, тек карта бойынша сызылған, өздерінің ескі картасы бар. Бірақ ол картаны бекіткен нормативтік құжат жоқ ол жақта, – дейді Береке Есіркепов. Талай жылдан бері шешілмей келе жатқан даулы мәселені аудан мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігіне сан мәрте айтқанымен нәтиже болмай тұрған көрінеді. Сондықтан бұл жұмысты ширату үшін қазір шаруа қожалықтары сотқа жүгінгенді жөн көрді. Әрине, жерді тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында жер пайдаланушылар мен жер учаскелерінің иелері қолданыстағы жер заңнамасының барлық нормаларын сақтауы қажет. Бірақ асығыстық абырой бермесі анық. Әкімге беретін есеп үшін жұмыс істейміз деп «жалғанды жалпағынан басу» да болмас. Дегенмен шаруалар мәселесі оң шешімін табатынына сенім мол...Қарағанды облысы