Сенатта елдің сыртқы мемлекеттік қарыздарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды
Сенатта елдің сыртқы мемлекеттік қарыздарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды
157
оқылды
Бүгін Сенатта елдің сыртқы мемлекеттік қарыздарын пайдалану және оларды тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Депутаттардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Серікбай Трұмов жүргізіп отырды.
«Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің сыртқы қарызының көлемі және квазимемлекеттік сектордың сыртқы борышы 37,1 млрд долларды құрайды,  бұл Ұлттық қор активтерінің 67%-ын  құрайды, яғни шегіне жақындады. Барлық дерлік министрліктердің, сондай-ақ жекелеген жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектордың сыртқы несиелері бар. Сондықтан олар үшін сыртқы несиелерді жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігі мәселелері маңызды және шешуші болуы керек», – деп атап өтті Серікбай Трұмов.
Сенаторлар бұл ақшаны тиімді пайдалануда сыртқы қарыздың өсуіне және мемлекет қаржысын тиімсіз пайдалануға әкелетін жүйелі проблемалар бар деп санайды. Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов атап өткендей, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың көптеген жобалары бойынша қарызды игеруде қол жеткен нәтижелері туралы ақпарат жоқ, әрі игеру мерзімі ұзартылып жатады. Сондай-ақ, жобаларды іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі толық ашылған жоқ және мемлекеттік органдар тарапынан осындай жобалардың іске асуына бақылау мен мониторинг әлсіз болып отыр. Комитет төрағасы кездесуді қорытындылай келе, барлық салалық мекемелер, бірінші кезекте Ұлттық экономика және қаржы министрліктері айтылған ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істеуі қажеттігін, сыртқы қарыздарды басқару мен реттеуді жетілдіру жұмыстарын жалғастыруы тиіс деп атап өтті.