Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқандар оларға кім бұйрық бергенін айтты
Алматыда қару-жарақ дүкенін тонауға қатысқандар оларға кім бұйрық бергенін айтты
© azh.kz
Алматыда «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонаған күдіктілер тергеу барысында мән-жайды айтып берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонаған үш адам ұсталды. Олардан бес мылтық тәркіленді.
«Екі күдікті Алматы облысының, тағы біреуі Жамбыл облысының тұрғыны. Олардың біреуі бұрын тонау бойынша сотты болған. Олар 22-24 жаста. Күдіктілер қамауға алынды. Ұсталғандардың басқа да заңсыз әрекеттерге, соның ішінде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Тергеу барысында ұсталғандар бір ауыздан қару-жарақ дүкенін белгісіз адамдардың бұйрығымен тонағандарын айтты.
«Бір бейтаныс жігіт көлігіме отырып, Шаляпин мен Саин көшелеріне баруымды бұйырды. Мен бардым. Дүкенді тонағаннан кейін ол адам жоғалып кетті. Оның кім және қазір қайда екенін білмеймін», – деді ұсталған күдікті. «Біз көп болдық. Ұрланған қаруды мен тығып қойдым», – деді кезекті ұсталған күдікті.
Анықталғандай, ұсталғандардың үшеуінің де тұрақты жұмысы жоқ.