Шымкентте ер адам жұма намазы кезінде мешітте ұрлық жасаған. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, - деп хабарлайды қалалық Полиция департаменті. Еңбекші ауданының полициясына жергілікті тұрғын хабарласып, жұма намазы кезінде мешіттен электр тогына қосылған смартфоны ұрланғанын айтқан. Оқиға орнына барған полицейлер бірден куәгерлерден жауап алып, бейнекамераларды қарап шыққан. Видеода кешке мешітке келген ер адам жұртпен бірге намаз оқығандай сыңай танытады. Бірақ бәрінің соңында тұрған. Жиылған жұрт сәждеге бас қойғанын пайдаланып, зарядталып тұрған ұялы телефонды ұрлап кеткен. Сондай-ақ оның дәрет алатын жердегі тағы бір ұрлығы да видеоға түсіп қалған. Ұсталған ер адам 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталғаны хабарланды.