Қазақ елінде жүріп жатқан саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңғырулар жаңа сот жүйесінің қалыптасуына ықпал етті. Биліктің бұл тармағы түбегейлі реформаларды бастан өткеріп жатыр. Келесі 2023 жылы Жоғарғы Сот кейбір құзырынан айырылуы мүмкін. Сонымен бірге бұрыннан біте қабысқан, ым-жымы бір судьялар қатарына заңгерлер, адвокаттар, құқықтанушылар және басқа мамандар араласып жатыр. Енді би болу үшін судья өтілінің болуы да қажет емес. Салада қандай өзгерістер жүруде, тағы не күтіледі?
Жаңа соттың жаңалығы неде?
«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін өткен жиындарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесі тұйық судай тоқтап қалмайтынын, терең өзгеріске түсетінін білдірді. Мысалы, 1 ақпандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте ел Президенті соттардың сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Жаңа Қазақстанда «талапқа сай келмейтін судьяларға орын болмауы тиіс». Кейінгі 3 жылда ғана 174 судья жұмыстан қуылды немесе лауазымы төмендетілді. Бұл – осыған дейінгі 10 жылдағы көрсеткіштен 3 еседей көп! Мұның сыртында сот жүйесіне халық пен бизнестің сенімін арттыру үшін ол «бөлшектелуде». Былтырғы шілде айынан Қазақстан тарихында тұңғыш рет «әкімшілік әділет жүйесі» іске қосылды. Өйткені 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енген болатын. Кодекстің негізгі міндеті – азаматтарды, бизнесті әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау. Өзге соттардан айырмашылығы сол жаңа «мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда» тараптар ретінде бір жақтан жеке тұлға немесе компания, ал екінші жақтан меморган немесе шенеунік шығады. Басқаша айтқанда, мұнда азаматтар не компаниялар бір-бірімен соттаспайды, әкімшілік соттар құзырлы органдар қозғаған қылмыстық істерді қарамайды. Олардың бар күш-жігері тек билік өкілдерінің әрекеті мен әрекетсіздігінен зардап шеккендерге көмектесуге, шенеуніктердің заңсыз шешімдерін жоюға, сөйтіп әділдікті қалпына келтіруге шоғырланады. «Бұл – өте маңызды іс. Себебі Қазақстан азаматтары да, кәсіпкерлер де меморгандармен, сондай-ақ билік пен құзырға ие лауазым иелерімен күн сайын түрлі салада қарым-қатынасқа түседі. Оның соңы дау-шарға ұласып та жатады. Енді әкімшілік органдардың құзыр-өкілеттігін жүзеге асырумен байланысты барлық дауды жаңадан құрылып отырған мамандандырылған соттар қарайды. Билік өкілдерінің әрекетіне не әрекетсіздігіне наразы кез келген адам өз құқығын қорғау үшін жаңа әкімшілік соттарға жүгіне алады», – деді елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Жанар Дүйсенова. Қазір елде осындай 21 әкімшілік сот құрылды. Оларда 165 судья жұмыс істейді. Оның сот корпусы мұқият іріктеліп, біразы шетелде тағылымдамадан өткен. Шілдеде құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мыңнан астам талап-арыз түсіпті. Бұрын мұндай істердің 85%-ы меморгандардың пайдасына шешілетін. Содан кәсіпкерлер шенділердің ісін көре тұрып, әділет іздеуге тіпті талпынбайтын, одан нәтиже шығарамын деп үміттенбейтін. Ал қазір істердің тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан: шешімдердің 48%-ы талапкерлердің пайдасына шешілді. Тағы 2 мыңнан астам талап-арыз кері қайтарып алынған, 1,5 мың іс бойынша тараптар татуласқан. Осылайша, соттар 7 мыңнан астам азамат пен бизнес субъектілерінің мүддесін қорғады. Президент айтқандай, жаңа соттың енгізілуі нәтижесінде мемаппараттың азаматтармен жұмыс істеу жүйесі түбегейлі өзгереді. Бұл маңызды реформаның табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. «Егер соттар жергілікті органдағы шенеуніктің мәселені ушықтырғанын, адамдардың одан қашып сотқа жүгінгенін көрсе, онда оның басшылығымен жұмыс істейтін болады. Шенеуніктердің өзара ұқсас қателіктерін соттар жергілікті және орталық меморгандардың назарына жеткізеді», – дейді Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев.Жоғарғы Сот АХҚО-мен құзыр бөліспек
Ұлттық экономика министрлігінің байламынша, отандық соттарға инвесторлар да сенбейді. Олар да мемлекетпен тартыста соттар заңның емес, биліктің жағына шығады деп ойлайды. «Инвесторлар сол бұрынғыдай қазақстандық соттардың толық тәуелсіз емес екеніне алаңдайды. Олар сондай-ақ өз пайдаларына шешілген сот шешімдерінің толыққанды орындалатынына сенбейді. Сондықтан Қазақстанда инвесторлармен байланысты дауларды шешу кезінде заң үстемдігінің халықаралық стандарттарын қамтамасыз етуге деген зәрулік бұрынғысынша сақталып отыр», – деп түсіндірді экономика ведомствосы. Бұл – «сенбесе қойсын!» деп қол сілтей салатын жағдай емес. Ұлттық экономика министрлігінің тұжырымдауынша, осы жағдай – республикаға инвестиция тартуға тежеу болған факторлардың бірі. Осыған орай инвесторларды тарту, сүйемелдеу және қолдау бойынша институционалдық тетіктерді ары қарай жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның аясында 2023 жылы халықаралық сипаттағы ірі инвестициялық және коммерциялық даулар бойынша істерді Жоғарғы Соттың құзырынан толық алып қойып, АХҚО сотына және оның Халықаралық арбитраж орталығына тапсыру ұсынылып отыр. 2022 жылғы 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездескен Президент Қ.Тоқаев «Жаңа экономикалық бағыттың» негізін қалайтын басты бір қағидат инвестициялық климат болатынын мәлімдеді. Ал оның тағы бір ұстыны жекеменшікке қол сұқпау болмақ. Бұған ашық әрі әділ сот кепіл болуы тиіс. – Сот жүйесін жаңғырту – маңызды мәселе. Біз тиісті шараларды, соның ішінде заңнамалық тұрғыдағы шараларды қабылдадық. Соттарға құқықтың әртүрлі саласынан, оның ішінде корпоративтік сектордан жаңа мамандар тартылып жатыр. Сот ісіне мықты корпоративтік заңгерлер мен адвокаттардың тартылуы, әсіресе өңірлерде инвесторлар мен бизнесмендердің мүдделерін сапалы қорғауды қамтамасыз етеді, – деген Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот кеңесі мен Жоғарғы Сот алдына судьялар корпусын жаңарту жұмысын белсенді жүргізу міндетін қойды. Мысалы, өткен жылдың өзінде сот жүйесіне бұрын судья болып жұмыс істемеген адамдардың үлкен тобы келіп қосылды. Атап кетсек, былтырғы қарашада Жоғарғы Сот судьясы болып кәсіби аудитор, заңгер, экономист, бұған дейін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы болған Берік Нәжмиденов сайланды. Сондай-ақ құқықтанушы, инвестор, қоғам қайраткері Герман Нұрбаев, Дүниежүзілік банк, PwC секілді халықаралық ұйымдарда істеген заңгер, салықшы Дана Тоқмырзина, квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтер атқарған, заңгер Ербол Өмірәлиев және басқасы Жоғарғы Сот судьялары атанды. Сот жүйесіне Бас прокуратурадан да біраз маман келіпті. Ел басшылығы судьялар «қарға қарғаның көзін шұқымайды» қағидатымен жұмыс істейтін жабық кастаға айналып кетпеуі тиіс деп шарт қойды. Тек соңғы 5 жылдың ішінде коррупциялық қылмыстары үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылыпты. Құтылып кеткені қаншама?! Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеті үшін қызметінен босатылған. Жалпы, судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. Жаңа судьяларды іріктеу рәсімі қатайтылды. Бүгінде сот болып, төрелік еткісі келетін кандидаттар алдымен полиграфтың («жалғандық детекторының») тексеруінен, сондай-ақ күрделі психологиялық тесттен өтуі қажет.Тәуелсіздік қаржылық кемелдіктен басталады
Билер қатарының білікті мамандармен толығуына жалақының жоғарылауы да ықпал етуі тиіс. Бұрын сот билігі қаржылық тұрғыдан Үкіметке тәуелді болды. Енді Ұлттық банк секілді өз жалақысын, әкімшілік шығыстарын және басқасын өзі белгілеуге мүмкіндік алады. Әйтпесе, Конституциялық кеңес 2008 жылғы 23 маусымдағы жолдауында «соттарды қаржыландыру сот төрелігін толық және тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек деген конституциялық талап іс жүзінде толық жүзеге асырылмайтынын», салдарынан судьялар бюджетін қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы билікке қол жаюға мәжбүр болатынын, шенеуніктерге осындай тәуелділік сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететінін ашық айтқан-тын. Осыған байланысты 2021 жылғы 20 желтоқсанда Президент «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға және ілеспе заңға қол қойды. Жоғарғы Сот аппаратының басшысы Наиль Ахметзакировтің айтуынша, бұл құжаттарға сәйкес, 2022 жылдан бастап сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделі енгізілді. Ол нақты квотаны қарастырады: сот жүйесінің шығыстары енді барлық мемлекеттік орган шығыстарының жалпы сомасының кемінде 6,5%-ын құрайды. Яғни, сот жүйесін қаржыландыру шегі белгіленеді. Соның аясында төл бюджетін қалай қалыптастыратынын, оны жұмсау қағидаттары мен бағыттарын судьялардың өзін-өзі басқару органдары айқындайды. Бұл ретте қаржыны бөлу мәселелері Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысында қаралады. Шығындардың нысаналы жеріне жұмсалуын бақылау бұрынғысынша Есеп комитетінің құзырында қала береді. «Сот жүйесінің бюджетін қалыптастыру процесі айқын әрі ашық түрде жүргізіледі. Енді бұл құзырет құрамына барлық өңірдің сот өкілдері кіретін кеңейтілген жалпы отырысқа беріліп отыр. 2023 жылға арналған бюджет жобасы аталған органның осы жылғы сәуірдегі кезекті отырысында қаралады», – деді Наиль Ахметзакиров. Демек, соттар енді атқарушы билікке қаржы сұрап, алақан жаймайтын болады. Меморгандардың бүкіл бюджетінің 6,5%-ы көлемінде қаражат автоматты түрде бөлінбек. Бұл сонда қанша миллиардты құрауы мүмкін? 001 бюджеттік бағдарламасы бойынша 2021 жылы Қазақстанда барлық мемлекеттік органды ұстап тұру үшін жалпы сомасы 855 миллиард 779,3 миллион теңге жұмсалыпты. Соның 6,5%-ы шамамен 55,6 миллиард теңгені құрайды. Дегенмен 2023 жылғы республикалық бюджетте Жоғарғы Сотқа 57 млрд 497,6 млн теңге қарастырылып отыр.