Көпбалалы аналардың дауы...
Көпбалалы аналардың дауы...
© коллаж: Елдар Қаба
Астанада өртенген үйде қалып қойған бес қыз баланың қаза­сы­нан кейін бізде билік санасатын топ пайда болды. Ол – көпбалалы аналар. Оның ішінде аядай жерде пәтер жалдап, мүгедек баласын тәрбиелеп отырған көмекке мұқ­таж көпбалалы аналардың бары анық. Бірақ басында үйі, астында көлігі бар, төрт құбыласы түгел  бола тұра Үкіметтен жәр­де­мақы, азық-түлік, тегін үй та­лап ете­тін­дері де жоқ емес. Сон­да бұл мұқ­таж­дық па, әлде ма­сыл­дық па? Депутаттың әкімдік алдында шеруге шыққан көпбалалы ана­лар­ды балағаттап, тіл тигізген видеосын көрдік. Бір қарағанда, аналарға ауыр сөз айтуға билік­тегінің қалай дәті барады, өзінен төмендегіні көзге ілмейтін мінбер­дегіні мұқым елдің мұңы қызық­тырмай ма деген ой оралады. Бірақ бұл шын мұқтаждар шетте қалып, көпбалалы аналарды себеп етіп, алаяқтардың құрық бай­лат­пас қулығы болмасына кім кепіл?!

ӘКІМДІК АЛДЫНДА БАЙБАЛАМ САЛҒАН ӘЙЕЛДЕР

Депутат Ғабит Сәтмағамбетов аяқ астынан дүрсе қоя берген әйел­дердің ісіне ашуланып, жағда­йын айтпақ болған аналарды тың­даудың орнына бейәдеп сөз қай­тарған. Әлеуметтік желіде қызу тал­қыланған бейнежазбаға қа­тысты мәслихат депутаты тек өзі­нің әлеуметтік желідегі парақ­шасында жауап берді. Айтуынша, көпбалалы аналар әдейі аранда­тыпты. Әйт­песе, Ғабит Сәтма­ғам­бетов сол әйел­дерге көмектесуден кенде емес. Ол басқаратын құры­лыс ком­паниясы қоғамның осы топ өкіл­деріне бүгінгі күнге дейін 20 бас­пана сыйлапты. «Ауру бала­лардан да ақша аямадым» депті де­путат. Енді мына жағдайдан ке­йін құры­лыс магнаты көпбалалы от­ба­сы­ларға қайырымдылық жа­сауға құлықсыз екенін ашық жазды. Оған дейін Маңғыстауда көп­балалы аналар жалдамалы пәтерді біржола беруді талап етіп, облыс әкімдігінің ғимаратына қарама-қарсы тасжолды жауып тастап еді. Ақтауда бұрын жалға берілетін баспана алған Жаңаөзен қаласы­нан 30-ға жуық әйел облыс әкім­дігіне келіп, Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лі­гіне жолданған қызметтік хаттың көшірмесін талап еткен. Олар бұ­ған дейін әкімдіктен аталған бас­пананы жекешелендіруге рұқсат беруді сұраған. Алайда бұл заңда көрсетілмеген. Өңір басшысының орынбасары осы мәселені зерттеу үшін әйелдер арасынан баста­ма­шыл топ өкілдерінің қатысуымен комиссия құруды ұсынды. Былтыр наурызда астаналық көпбалалы аналар 9 күн әкімдік ғи­маратында түнеп, баспана мә­селесін даулағаны бар. Жинал­ған­дардың кейбірі Қазақстанда отба­сындағы балалар санына қара­мастан, әрбір балаға 42 500 теңг­е­ден төлеуді талап етіп, кезектен тыс пәтер берілуін сұраған. Со­ра­қысы, белсенділердің арасында бұрын заңға сәйкес және кезек бойынша пәтер алғандар да кез­десті. Сондай-ақ келгендердің бәрі бірнеше рет қабылдауда, оның ішінде елорда әкімінің азаматтарды қабылдауында болған, заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көр­сетілген. Әкімдік қызметкерлері жиналғандардың өзін агрессивті ұстағанын хабарлаған еді. «Қанағат қарын тойғызады» деген қазақ едік. Алайда құнығып бара жатқан адамдарды көргенде жағаңды ұстайсың. 2020 жыл. Жам­был облысы әкімдігінің ал­дына базыналарын айтып, байба­лам салған 17 келіншек келді. Олар­дың талап-тілегі тыңдалды. «Кө­мек көрмедік! Жәрдемдерің жоқ!» деп «жылағандардың» жан­ай­қайына назар салсақ, «бақсақ, бақа екен» дегеннің кері. Жамбыл облысы әкімдігі мен партия ғимараты, қала әкімдігі алдында жер сабалап жылаған келіншектердің ай сайынғы алып отырған ақшалары аймақтағы ау­қатты адамдардың айлық-жала­қысынан кем болмаған. «Мемлекет ақшасына мұқтажбыз» деп мұң-зарын айтқан адамдардың бірі айына 222 137 теңге алса, бірі 224 663 теңге алған. Біріне 281 мың, тіпті 356 577 теңге түскен. Табысын жоғалтушы ретінде мемлекеттен 42 500 теңге алса, Министрлік тарапынан ай сайын аударылатын «Атаулы әлеметтік көмекті» тағы алған. 50 мың теңге партия көмегін (категориясы келгендіктен) және алды. Көпбалалыларға берілетін жәрдемақы да түскен. «Айғай шы­ғарсақ, ақша түседі» дейді. Ақ­ша­ларын алып алған азаматшалардың мемлекеттік мекеме алдына келіп мұқтажбыз деуі қисынсыз. Масылдық бүгінде қоғамдық, тіпті саяси проблемаға айналғанын бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтіл­ген отырысында көтерген еді. Көп­балалы аналардың айқайы 2019 жылғы ақпандағы 5 қыздың өлімінен кейін басталды. Содан бері көпбалалы әйелдер биліктен жәрдемақы және баспана талап етіп келеді.

КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КҮЙЕУІ ҚАЙДА?

2019 жылы еліміз көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беруді қолға алды. Бір өкініштісі, осы жәрдемақыны аламыз деп ажырасуға дейін барған отбасы көп. Шымкент қаласындағы бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түскен. «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова ойымызды қуаттап, масылдықты мемлекет қолдан жасады деп отыр. «Жалдамалы пәтердің жарты ақысын төлеп беру бағдарламасы – көпбалалы аналарды нағыз масылдыққа апаратын жол. Пәтер ақының 50 пайызын мемлекет өтеп беруі үшін тұрмысының төмен екенін дәлелдеуі керек. Ол үшін біздің әйелдер күйеуімен қағаз жүзінде ажырасады. Күйеуім алимент төлемейді деп, анық­та­маны жасатып алады. Сотқа бер­геннен кейін күйеуі 1-2 ай алимент төлемесе, сот орындаушы сол анық­таманы береді. Дәл осындай жолмен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар бар. Екінші, бағдарлама іске қосыл­са, масыл еркектер көбейеді. Оған дейін 2-3 жерде жұмыс істесе, ке­йін бір жерде жұмыс істейді. 70 мың теңгенің жұмысын істеп, пә­терақының жартысын мемле­кеттен алып отыра береді. Бұдан риэл­торлар мен 2-3 баспанасы бар­лар ұтады. Азаматтардың бан­кроттығы туралы заң күшіне енеді деп елдер несиесін төлемей жатса, таңғал­маймын. Митингке шығып жүрген аналарды қолдамаймын. Себебі осы мәселемен айналысып жүр­геніме 3 жыл болды, көшеге шы­ға­тын аналардың талабы орын­дал­майды», – дейді Л.Қожахметова. Бүгінде елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішін­де 210 мың адам халықтың әлеу­меттік жағынан аз қамтылған то­бына жатады. Бұл көпбалалы от­ба­сылар, 1 және 2-топтағы мүге­дек­тер, жетім балалар, мүгедек бала­лары бар отбасылар. Әділдікті ту еткен көпбалалы аналарға ке­зек­сіз үй берілсе, басқа санат­та­ғы­лардың құқығы бұзылмай ма? Қазақстан халқы ассам­блея­сының республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Ша­наи дәстүрлі отбасылық инсти­ту­тымыз құрығанын айтып, көп­ба­лалы аналарды қоғам алдында ма­сылдығын мәселе етіп отыр дейді. «Қазір көп отбасында еркектің орны жоқ деп санауға болады. Ер-азаматтар бұған ренжімей-ақ қой­сын. Себебі ер-азамат Алланың ал­дында «өмір бойы жарымның жағдайын жасаймын» деп уәде береді. Әйелдің басты міндеті – ұрпақ жалғастыру, бала туып, аза­мат етіп тәрбиелеу. Үйдегі отағасы деп сыйлаған ері үйдің мәселесін шешпегендіктен, әйелдер көшеде жүр. Сондықтан бұл ер адамдардың бүгінде ер деген атаққа лайықты бол­май қалғанынан деп санаймын. Бірақ сол ерлерді де тәрбиелейтін – ана. Онда мәселе қайтадан ана­лар­дың алдына келіп тұр. «Бүгін өз отбасын басқара алатын, мем­ле­кетін басқара алатын ер-азамат­тар­ды тәрбиелеп жатырмыз ба?» деген сауалды әрқайсымыз қоюы­мыз керек», – дейді ол.

БАЗЫНАСЫН АЙТУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР, БІРАҚ...

Атырау облысында жеті бала­ның анасын пышақтап өлтірген 25 жастағы жігіттің соты басталды. Осы көпбалалы әйелдің өлімі әлеу­меттік желілерде ұзақ талқы­ланған болатын. Жеті бала анасыз қалды. Атырау облысы Құлсары қа­ласында 25 жастағы жігіт көпба­лалы анаға 900 мың теңге несие алып берген. Әйел несиені төлемей жүргенде жігіт екеуінің арасында кикілжің пайда болып, жігіт оны пышақтап тастаған. Ол қылмысын мойындады. Туыстарының ай­туын­ша, қылмыстың басты себебі – әйелдің несиені төлемеуі екен. Жоқ­тық, қу дүние ананың ғұмы­рын қиды. Көшеде ереуілге шығып жүрген әйелдердің де көздегені қу дүниенің қамы, баспана мәселесі. Үкіметтен көмек сұраған аналар намыссыздықтан, жалқаулықтан со­лай жүрген жоқ. Мәселен, Та­раз­да көпбалалы аналар кезегін күтіп, пәтерін алған бірақ, жарық пен жы­лудың тартылмаған­ды­ғы­нан, са­пасыз құрылыс жұмыстары­нан үйі бола тұра пәтер жалдауға мәжбүр. – Осы үй бітті дегенде мен үйім­­ді өткізіп, бес баламды бес жақ­қа жібердім. Себебі мынау үй дайын емес. Жарық жоқ, жылу жоқ. Жарыққа барсақ, құжат өткен жоқ дейді, жылуға барсақ, жылу келіп тұр, бірақ мотор жоқ дейді. Үйдің сапасы өте төмен, мына үйде тұра алмаймыз. Қалай болса солай соғылған үй, есіктер дұрыс орна­лас­паған, түсіп қалған. Пластик терезелерде дұрыс емес. Біздің бә­ріміздің келгіміз келіп отыр, бі­рақ бізді ұстап тұрған жылу, жарық одан кейін үйдің сапасы, – дейді Индира Айтбаева. Келесі, елдегі жұмыссыздық мә­селесін ескерсек, бес бала тауып үйде отырған аналарды қойып, екі-үш диплом арқалаған жас­тар­дың өзі жұмыс таппай қиналады. Себебі өндіріс орындары саусақпен са­нарлық, үйде отырған көпбалалы ана­лардың күйеуі құрылыста, ба­зар­да аз айлыққа жұмыс істеп жүр. Тіпті, кейбірінде ол жұмыс та жоқ. Айлығы азық-түліктен артылмайды. Естеріңізде ме, 2019 жылы әлеу­­меттік желіде «пиво ішіп отыр­ған көпбалалы аналар» деген видео тарап, желіні шулатты. Осын­дай амалдар арқылы көп­ба­лалы аналар­дың қадірін кетіру әрекеттері де жү­ріп жатқанын жоққа шығара ал­маймыз. Қоры­тын­дысында, көп­балалы аналар­дың да заңды түрде ереуілге шы­ғып, базынасын айтуға құқығы бар. Бірақ талапты жеткізу фор­ма­тын өзгертетін кез келген сияқты. «Қаралы қаңтарда» бейбіт шеруді содырлар пайдаланып кетті емес пе?! Сол сияқты біреуді қа­ралау үшін ақша алып тапсырысқа жұмыс істейтін, көшеге шығып әдейі ай­қайға басатын топтар да көпбалалы аналарды өз мүддесіне пайдаланып кетуі ғажап емес.