Астанада өртенген үйде қалып қойған бес қыз баланың қазасынан кейін бізде билік санасатын топ пайда болды. Ол – көпбалалы аналар. Оның ішінде аядай жерде пәтер жалдап, мүгедек баласын тәрбиелеп отырған көмекке мұқтаж көпбалалы аналардың бары анық. Бірақ басында үйі, астында көлігі бар, төрт құбыласы түгел бола тұра Үкіметтен жәрдемақы, азық-түлік, тегін үй талап ететіндері де жоқ емес. Сонда бұл мұқтаждық па, әлде масылдық па? Депутаттың әкімдік алдында шеруге шыққан көпбалалы аналарды балағаттап, тіл тигізген видеосын көрдік. Бір қарағанда, аналарға ауыр сөз айтуға биліктегінің қалай дәті барады, өзінен төмендегіні көзге ілмейтін мінбердегіні мұқым елдің мұңы қызықтырмай ма деген ой оралады. Бірақ бұл шын мұқтаждар шетте қалып, көпбалалы аналарды себеп етіп, алаяқтардың құрық байлатпас қулығы болмасына кім кепіл?!
ӘКІМДІК АЛДЫНДА БАЙБАЛАМ САЛҒАН ӘЙЕЛДЕР
Депутат Ғабит Сәтмағамбетов аяқ астынан дүрсе қоя берген әйелдердің ісіне ашуланып, жағдайын айтпақ болған аналарды тыңдаудың орнына бейәдеп сөз қайтарған. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған бейнежазбаға қатысты мәслихат депутаты тек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жауап берді. Айтуынша, көпбалалы аналар әдейі арандатыпты. Әйтпесе, Ғабит Сәтмағамбетов сол әйелдерге көмектесуден кенде емес. Ол басқаратын құрылыс компаниясы қоғамның осы топ өкілдеріне бүгінгі күнге дейін 20 баспана сыйлапты. «Ауру балалардан да ақша аямадым» депті депутат. Енді мына жағдайдан кейін құрылыс магнаты көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасауға құлықсыз екенін ашық жазды. Оған дейін Маңғыстауда көпбалалы аналар жалдамалы пәтерді біржола беруді талап етіп, облыс әкімдігінің ғимаратына қарама-қарсы тасжолды жауып тастап еді. Ақтауда бұрын жалға берілетін баспана алған Жаңаөзен қаласынан 30-ға жуық әйел облыс әкімдігіне келіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданған қызметтік хаттың көшірмесін талап еткен. Олар бұған дейін әкімдіктен аталған баспананы жекешелендіруге рұқсат беруді сұраған. Алайда бұл заңда көрсетілмеген. Өңір басшысының орынбасары осы мәселені зерттеу үшін әйелдер арасынан бастамашыл топ өкілдерінің қатысуымен комиссия құруды ұсынды. Былтыр наурызда астаналық көпбалалы аналар 9 күн әкімдік ғимаратында түнеп, баспана мәселесін даулағаны бар. Жиналғандардың кейбірі Қазақстанда отбасындағы балалар санына қарамастан, әрбір балаға 42 500 теңгеден төлеуді талап етіп, кезектен тыс пәтер берілуін сұраған. Сорақысы, белсенділердің арасында бұрын заңға сәйкес және кезек бойынша пәтер алғандар да кездесті. Сондай-ақ келгендердің бәрі бірнеше рет қабылдауда, оның ішінде елорда әкімінің азаматтарды қабылдауында болған, заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетілген. Әкімдік қызметкерлері жиналғандардың өзін агрессивті ұстағанын хабарлаған еді. «Қанағат қарын тойғызады» деген қазақ едік. Алайда құнығып бара жатқан адамдарды көргенде жағаңды ұстайсың. 2020 жыл. Жамбыл облысы әкімдігінің алдына базыналарын айтып, байбалам салған 17 келіншек келді. Олардың талап-тілегі тыңдалды. «Көмек көрмедік! Жәрдемдерің жоқ!» деп «жылағандардың» жанайқайына назар салсақ, «бақсақ, бақа екен» дегеннің кері. Жамбыл облысы әкімдігі мен партия ғимараты, қала әкімдігі алдында жер сабалап жылаған келіншектердің ай сайынғы алып отырған ақшалары аймақтағы ауқатты адамдардың айлық-жалақысынан кем болмаған. «Мемлекет ақшасына мұқтажбыз» деп мұң-зарын айтқан адамдардың бірі айына 222 137 теңге алса, бірі 224 663 теңге алған. Біріне 281 мың, тіпті 356 577 теңге түскен. Табысын жоғалтушы ретінде мемлекеттен 42 500 теңге алса, Министрлік тарапынан ай сайын аударылатын «Атаулы әлеметтік көмекті» тағы алған. 50 мың теңге партия көмегін (категориясы келгендіктен) және алды. Көпбалалыларға берілетін жәрдемақы да түскен. «Айғай шығарсақ, ақша түседі» дейді. Ақшаларын алып алған азаматшалардың мемлекеттік мекеме алдына келіп мұқтажбыз деуі қисынсыз. Масылдық бүгінде қоғамдық, тіпті саяси проблемаға айналғанын бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының кеңейтілген отырысында көтерген еді. Көпбалалы аналардың айқайы 2019 жылғы ақпандағы 5 қыздың өлімінен кейін басталды. Содан бері көпбалалы әйелдер биліктен жәрдемақы және баспана талап етіп келеді.КӨПБАЛАЛЫ АНАНЫҢ КҮЙЕУІ ҚАЙДА?
2019 жылы еліміз көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек беруді қолға алды. Бір өкініштісі, осы жәрдемақыны аламыз деп ажырасуға дейін барған отбасы көп. Шымкент қаласындағы бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түскен. «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова ойымызды қуаттап, масылдықты мемлекет қолдан жасады деп отыр. «Жалдамалы пәтердің жарты ақысын төлеп беру бағдарламасы – көпбалалы аналарды нағыз масылдыққа апаратын жол. Пәтер ақының 50 пайызын мемлекет өтеп беруі үшін тұрмысының төмен екенін дәлелдеуі керек. Ол үшін біздің әйелдер күйеуімен қағаз жүзінде ажырасады. Күйеуім алимент төлемейді деп, анықтаманы жасатып алады. Сотқа бергеннен кейін күйеуі 1-2 ай алимент төлемесе, сот орындаушы сол анықтаманы береді. Дәл осындай жолмен атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасылар бар. Екінші, бағдарлама іске қосылса, масыл еркектер көбейеді. Оған дейін 2-3 жерде жұмыс істесе, кейін бір жерде жұмыс істейді. 70 мың теңгенің жұмысын істеп, пәтерақының жартысын мемлекеттен алып отыра береді. Бұдан риэлторлар мен 2-3 баспанасы барлар ұтады. Азаматтардың банкроттығы туралы заң күшіне енеді деп елдер несиесін төлемей жатса, таңғалмаймын. Митингке шығып жүрген аналарды қолдамаймын. Себебі осы мәселемен айналысып жүргеніме 3 жыл болды, көшеге шығатын аналардың талабы орындалмайды», – дейді Л.Қожахметова. Бүгінде елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішінде 210 мың адам халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жатады. Бұл көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Әділдікті ту еткен көпбалалы аналарға кезексіз үй берілсе, басқа санаттағылардың құқығы бұзылмай ма? Қазақстан халқы ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи дәстүрлі отбасылық институтымыз құрығанын айтып, көпбалалы аналарды қоғам алдында масылдығын мәселе етіп отыр дейді. «Қазір көп отбасында еркектің орны жоқ деп санауға болады. Ер-азаматтар бұған ренжімей-ақ қойсын. Себебі ер-азамат Алланың алдында «өмір бойы жарымның жағдайын жасаймын» деп уәде береді. Әйелдің басты міндеті – ұрпақ жалғастыру, бала туып, азамат етіп тәрбиелеу. Үйдегі отағасы деп сыйлаған ері үйдің мәселесін шешпегендіктен, әйелдер көшеде жүр. Сондықтан бұл ер адамдардың бүгінде ер деген атаққа лайықты болмай қалғанынан деп санаймын. Бірақ сол ерлерді де тәрбиелейтін – ана. Онда мәселе қайтадан аналардың алдына келіп тұр. «Бүгін өз отбасын басқара алатын, мемлекетін басқара алатын ер-азаматтарды тәрбиелеп жатырмыз ба?» деген сауалды әрқайсымыз қоюымыз керек», – дейді ол.БАЗЫНАСЫН АЙТУҒА ҚҰҚЫҒЫ БАР, БІРАҚ...
Атырау облысында жеті баланың анасын пышақтап өлтірген 25 жастағы жігіттің соты басталды. Осы көпбалалы әйелдің өлімі әлеуметтік желілерде ұзақ талқыланған болатын. Жеті бала анасыз қалды. Атырау облысы Құлсары қаласында 25 жастағы жігіт көпбалалы анаға 900 мың теңге несие алып берген. Әйел несиені төлемей жүргенде жігіт екеуінің арасында кикілжің пайда болып, жігіт оны пышақтап тастаған. Ол қылмысын мойындады. Туыстарының айтуынша, қылмыстың басты себебі – әйелдің несиені төлемеуі екен. Жоқтық, қу дүние ананың ғұмырын қиды. Көшеде ереуілге шығып жүрген әйелдердің де көздегені қу дүниенің қамы, баспана мәселесі. Үкіметтен көмек сұраған аналар намыссыздықтан, жалқаулықтан солай жүрген жоқ. Мәселен, Таразда көпбалалы аналар кезегін күтіп, пәтерін алған бірақ, жарық пен жылудың тартылмағандығынан, сапасыз құрылыс жұмыстарынан үйі бола тұра пәтер жалдауға мәжбүр. – Осы үй бітті дегенде мен үйімді өткізіп, бес баламды бес жаққа жібердім. Себебі мынау үй дайын емес. Жарық жоқ, жылу жоқ. Жарыққа барсақ, құжат өткен жоқ дейді, жылуға барсақ, жылу келіп тұр, бірақ мотор жоқ дейді. Үйдің сапасы өте төмен, мына үйде тұра алмаймыз. Қалай болса солай соғылған үй, есіктер дұрыс орналаспаған, түсіп қалған. Пластик терезелерде дұрыс емес. Біздің бәріміздің келгіміз келіп отыр, бірақ бізді ұстап тұрған жылу, жарық одан кейін үйдің сапасы, – дейді Индира Айтбаева. Келесі, елдегі жұмыссыздық мәселесін ескерсек, бес бала тауып үйде отырған аналарды қойып, екі-үш диплом арқалаған жастардың өзі жұмыс таппай қиналады. Себебі өндіріс орындары саусақпен санарлық, үйде отырған көпбалалы аналардың күйеуі құрылыста, базарда аз айлыққа жұмыс істеп жүр. Тіпті, кейбірінде ол жұмыс та жоқ. Айлығы азық-түліктен артылмайды. Естеріңізде ме, 2019 жылы әлеуметтік желіде «пиво ішіп отырған көпбалалы аналар» деген видео тарап, желіні шулатты. Осындай амалдар арқылы көпбалалы аналардың қадірін кетіру әрекеттері де жүріп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Қорытындысында, көпбалалы аналардың да заңды түрде ереуілге шығып, базынасын айтуға құқығы бар. Бірақ талапты жеткізу форматын өзгертетін кез келген сияқты. «Қаралы қаңтарда» бейбіт шеруді содырлар пайдаланып кетті емес пе?! Сол сияқты біреуді қаралау үшін ақша алып тапсырысқа жұмыс істейтін, көшеге шығып әдейі айқайға басатын топтар да көпбалалы аналарды өз мүддесіне пайдаланып кетуі ғажап емес.