Алдын ала келісіп немесе біреуге тапсырып қоймаса, жастардың диплом алған бетте жұмысқа тұрып кетемін деуі – қиын шаруа. Ақшасы жақсы, мәртебелі деген жұмыс орындарына еңбек өтілінсіз өту қиын. Соңында әлеуметтік аударымдар жасамайтын, ақысын күнбе-күн немесе аптасына бір төлейтін жұмыстар қалады. Еріксіз істейді. Сонда жастар өздеріне арналған «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобалардың бар екенін білмегені ме, әлде оларды қызықтырмай ма? Қарағанды облысында NEET-жастар қатары көбейген. 2013 жылдан бері жұмыспен қамтылмаған жастар проблемасы көтеріліп келеді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 14 742 жас жұмысқа орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бес жүзден астам жас оқуға жіберілген, 489 грант бөлінген, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аида Ысқақова. Өздігінен кәсіп ашамын дегендерге қаржы бөлініп жатыр. Бірақ оны дұрыс пайланбайтындар да бар. Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Біржан Әлімжанов «күнделікті күнелтуге жететін қаражатың болмаса, жаһандық проблеманың өзі түкке тұрғысыз болып қалады» дейді. Оның дәлелі – жастардың жұмыссыздық деңгейі бойынша Қарағанды, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан кейін үшінші орында тұруында. Біржан Нұрланұлы көрсеткен проблеманы шешудің бірден-бір жолы – орта тапты қалыптастыру. – Бүгінде жастардың бизнеске деген қызығушылығы жоғары. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен бірнеше жыл қатарынан гранттық қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы бюджеттен бөлінген грант 260 млн теңге болса, оның 100 млн теңгесі әкімнің гранты, қалғаны аудан және қала әкімдері бөлген грант. Биыл грант көлемі 2 млн теңгеге дейін көтерілді. Бірақ осы бөлінген гранттардың әлеуметтік әсері қандай деген сұрақ туындайды. Жастардың дені бұл қаражатты ақшалай көмек ретінде қарастырады. Грант кәсіп ашып, жұмыс орындарын құру үшін, өз ауданына пайдасын келтіру үшін беріледі. Көп жағдайда бұл ақша несие жабуға, көлік алуға және тағы да басқа мақсаттар үшін жұмсалып кеткен фактілер де бар. Осындай масылдықты түбегейлі жою керек, – дейді Біржан Әлімжанов. Жұмыссыздыққа қатысты Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы биыл Президент тапсырмасы бойынша «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмысқа тартылатын жастардың жалақысы 30 АЕК, яғни 90 мың теңгеге дейін көтерілгенін айтады. Бірақ жастар бұл бағдарламалар туралы біле бермейді. Одан бөлек, биыл облысымызда «Жасыл ел» бағдарламасына қаржы бөлмеген өңірлер де бар. Тіпті, жастарды тұрғын үймен қамтуда міндеттеме алғанымен, Ақтоғай, Осакаров, Ұлытау аудандарында бірде-бір пәтер ұсынылмаған.
Өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері жоғары оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасуы жайында зерттеу жүргізіп келеді. Зерттеу басталған жылы түлектердің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. «68 жоғары оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасуы 50%-дан төмен. 92 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші орта есеппен 67,4%. Түлектердің жұмысқа орналаса алмауының басты себебі жұмыс берушілердің жас мамандарды даярлау сапасына қанағаттанбауынан», – деп көрсетеді сарапшылар. 2020 жылы да осы жағдай қайталанды, зерттеушілердің пайымынша, жұмыс берушілердің түлектердің білім, білігіне көңілі толмайды. Өзі тәжірибесіз, оның үстіне, білімі таяз болса, ондай жасты жұмысқа кім алады? Мұндайда «Жастар тәжірибесі» немесе «Алғашқы жұмыс орны» ең тиімдісі сияқты. Мамандық бойынша жұмыс істеп, аз-кем тәжірибе жинақтайды. Еңбегінің ақысын да алады. Алайда, тәжірибе уақыты аяқталған соң тұрақты жұмысқа қалуы екіталай. Олай дейтініміз, аталған бағдарламалар жарты жылға ғана есептелген. Одан кейін жұмыс берушіде бос жұмыс орны болса жақсы, болмаса, қайтадан жұмыссыздар қатарына қосылады. Бағдарламалар жастар үшін тартымды бола түсер. Дегенмен таңертеңнен кешке дейін бір ай отырып, 90 мың теңге тапқанша жеңіл жолмен көбірек тапқысы келетін жас та көбейді. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов: – Облыс жастарының 9,9%-ы NEET санатына жатады. Бұл қайта 2,1%-ға азайғаны. Ресми дерек бойынша аймақтағы 261 мың жастың 4,3%-ы жұмыссыз. Жұмыс бар негізі, бірақ көпшілігі ұсынған жұмысты істегісі келмейді. Кейбіреуі үйде отырып табыс табамын дейді, таксист болады, – дейді.Бағдарламалар нәтижесі қайда?
«Жастар практикасына», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасынан бөлек «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары болса да, жастар арасындағы жұмыссыздық азаяр емес. Неге? Бақсақ, мәселе түпкі мақсаттың дұрыс еместігінде сияқты. Жыл сайын пәленбай адамды мында, түгенбайды анда жібердік дейтін статистикалық сандардың түпкілікті нәтижесі тұрақты жұмысқа орналастыру болуы керек емес пе? Бірақ біз түлектің тұрақты жұмыспен қамтылуын емес, тек тәжірибеден өту индикаторын ғана есепке аламыз. Мемлекет бағдарламаға қаражат бөлді, мынша адам қатысып, ол игерілді. Тіпті, асырып орындалды дейміз. Сонымен жылды жабамыз. Жұмыс іздеуге шорқақтығымыз, сонымен қатар жеңіліне жүгіретініміз тағы бар. 50-60 мың теңге айлыққа «күзет» деген жазуы бар форманы киіп жүруден арланбаймыз.Іздегенге жұмыс бар
Жұмыс іздеген адамға мамандық жетерлік. Бір ғана «Еңбек» электронды биржасында еліміз бойынша 98 123 бос жұмыс орнына шақыру болса, оның 5 635-і Қарағанды облысына тиесілі. Мысалы, Қарағанды қаласындағы Maker ЖШС-KLMZ басқарма басшысы Жәнібек Байғабеловпен сөйлескенімізде өндіріске жаңа жұмыскерлер керек екенін айтқан болатын. Алып компанияға жүздеген маман керек. Бірақ құлшынып тұрған жастар аз. Өйткені қазіргі уақытта автоматтандырылған станоктарда тұратын маман қат. Аймақта биыл бірнеше жоба қолға алынып, жастарды жұмыспен қамтымақ. Бұл бағдарламалар іске асып жатса да, жұмыссыздар саны азаймасы анық. Өйткені Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша Еуразия экономикалық одақ елдері ішінде алдыңғы қатарда тұр. ЕАЭО комиссиясының статистикасына сүйенсек, республикада жұмыспен қамту орталығына тіркелгендер саны бір жылда, яғни 2020 жылдың тамызынан 2021 жылдың тамызына дейін 1,6%-ға өсіп, жұмыссыздар қатары 222,6 мың адамға жеткен. Осыған қарап, өзіңіз қорытынды жасай берсеңіз де болады…Қарағанды облысы