Тараздағы тентектер
Тараздағы тентектер
260
оқылды
Тараз қаласы кезінде тентектерімен аты шыққан шаһар. Сонау 90-жылдардың тұсында қала көлемінде қылмыс өршіп, рэкеттердің  билік құрғаны жасырын емес.  Алайда кейін келе тентектерге «тұсау» салынып, бандиттер бірінен кейін бірі темір торға қамалды. Алайда  жасөспірімдер арасындағы қылмыс әлі күнге азаймай тұр. Әсіресе, мектеп оқушылары арасында бопсалау, тонау, адам өлтіру мен жыныстық сипаттағы қылмыстар өршіп тұрса, бұған не дерсің?

12 айда 50 қылмыс тіркелген

Жуырда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев мектеп директорларының басын қосып, осы мәселені майшаммен қарады. Қала әкімдігінің білім бөлімі бас­шы­сының орынбасары Дүрия Тоғатаеваның жиында келтірген деректеріне көз салсаң, санаң сан саққа жүгіреді. Мәселен, бүгінде қаладағы 59 жалпы білім беретін мектепте 75 905 бала оқып жатыр десек, 56 жайсыз отбасында 127 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал ата-анасы туыстарына қалдырған, сенімхатпен тұрып жатқан оқушылардың саны  – 479. Сондай-ақ жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қал­ған 467 бала бар. Толық емес отбасында тұратын 8 449 оқушы тір­кеуде тұр. «Бала бақылауда» жобасы бойынша қашықтан оқыту кезінде 2 322 бала сырттай бақылауға алынса, оқу жылының бірінші жартыжылдығында отбасында зорлық-зомбылық, ұрлық, төбелес және жыныстық сипаттағы 12 жағдайдың алдын алған.  Алайда сақтық шараларына қарамастан  кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқықбұзушылықтар әлі күнге бар.  Бүгінде 2 930 кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі әкімшілік құқықбұзушылық жасаса,  соңғы 12 ай ішінде жас­өспірім­дер жасаған 50 қылмыс дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда  34,2 пайызға  кемігенімен, оқушы­лардың қатысуымен 4 ұрлық, 2 адам өлтіру және 1 алаяқтық дерегі болған. Сондай-ақ өткен жылы мектеп оқушыларына қатысты жыныстық сипаттағы 6 ауыр қыл­мыс тіркеліп отыр. Бұдан бөлек, полиция бө­лім­дерінің есебіне алынған оқушылар саны 37-ден 49-ға өскен. Осыған байланысты 3 мектеп басшысына, 13 директордың орынбасарына, 13 психолог және  26 сынып жетекшіге тәртіптік шара қолданылған.

262 бала бейімдеу орталығына жеткізіліп, 52 азамат ата-ана құқығынан айырылған

Байқап тұрсаңыздар, оқушы­лар қылмысы жаға ұстатады. Ал Тараз қалалық Полиция бас­қар­масы жергілікті полиция қыз­меті берген ақпаратқа сүйенсек, түрлі рейдтік шаралар барысында әкім­шілік құқықбұзушылық жасағаны үшін полиция бөліміне 2 930 бала жеткізілген екен. Кәмелетке тол­мағандарды бейімдеу орталығына  262 жасөспірім  орналастырылған. Өткен жылдың 12 айында 3 918 бала әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 507 дерекке артқанын айғақтап тұр. Сондай-ақ  мектеп жасындағы оқушылардың беймезгіл уақытта жүруі 2020 жылмен салыстырғанда 200 дерекке өскен. Нәтижесінде, баласын қараусыз қалдырған 50 заңды өкіл­ге сотпен  айыппұл салынған. Бұдан бөлек 52 азамат ата-ана құқығынан айырылып, арнайы мектепке 18 жасөспірім орналас­тырылған. Оқушыларының ең көп қыл­мысы №18,56,46,11,38,28 және кешкі мектепте болса, арнаулы орта оқу орындары арасында «Тараз-Ғасыр», «Жамбыл индустриалды техникалық колледжі», «Жамбыл политехникалық колледжі», «Парасат», «Жамбыл жо­ғары медициналық колледжі», «Білім», «Теміржол», «Қайнар» сынды колледждер жасөспірім­дерге тиісті деңгейде тәрбие бере алмаған.

P.S.

Әрине, жасөспірімдер арасын­дағы қылмыстардың алдын алу ба­ғытында жұмыстар жасалмай жа­тыр деуден аулақпыз. Мектеп директорларымен өткен басқосуда қала әкімі Ержан Жылқыбаев кешегі «қаңтар оқиғасында» кәмелет­тік жасқа толмаған балалардың бұзақылық жасап, қамауға алынып жатқаны ата-ана мен мектеп қа­бырғасындағы тәрбие жұмыстары­ның әлсіздігі екенін  баса айтып, мектеп инспекторлары мен психологтер жұмысын күшейтуді тапсырды. Осы талапты тапсырманың өзі көп нәрсені аңғартатындай. Сон­дықтан қылмыс деңгейі төмендеді деп сүйіншілегенше, бұл мәселеге жауапты мекемелер, ата-ана мен мектеп баса мән беріп, бақылау, қада­ғалау жұмыстарын жіті қолға алғандары абзал.

Жамбыл облысы