Қазынадан қаржы жымқырғандарды анықтайтын ұйымдардың жұмысына агенттік неге күмән келтірді?
Қазынадан қаржы жымқырғандарды анықтайтын ұйымдардың жұмысына агенттік неге күмән келтірді?
Фото: lyubimiigorod.ru
185
оқылды

Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым жұмыс істейді. Олар салық төлеуден жалтарып, қазына қаржысын жымқыратындардың жұмысын тексереді. Қаржылық мониторинг агенттігі аудиторлық ұйымдардың жұмысына күмәнмен қарайды.

Агенттіктің мәліметінше, аудиторлық ұйымдар клиенттердің жұмысындағы олқылықты анықтау, қаржы айналымын тексереді. Салық салу, кәсіпорынның есеп-қисабы бойынша кеңес береді. Сондай-ақ салық салудан жалтару, бюджет қаражатын жымқыру, қаражатты заңсыз шығару және оффшорға аударуды да уақытылы анықтай алады. Сондықтан аудиторлық ұйымдар қаржы мониторингі субъектілерінің тізбесіне енгізілген. Оларға кірісті жылыстату мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңның барлық талабы қолданылады. Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым жұмыс істейді. Оның 418-і ғана агенттіктің қаржы операциялары туралы деректер жинау жүйесіне тіркелген. Ресми тіркелгендердің ішінен аз ғана бөлігі шекті және күдікті операциялар туралы хабарлама жібереді. Агенттік жиналған деректі Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жолдайды.
«Агенттік криминалды ақшаны заңдастыруға қарсы іс-қимыл жасауда аудиторлық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Аудиторлар ынтымақтастық, заңнама және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар туындаған жағдайда аудиторлық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі куратор Айжан Маратоваға 8 776 009 49 40 нөмірі арқылы өтiнiш білдiре алады» делінген агенттіктің ресми ақпаратында.

Бұған дейін Президент шетелге заңсыз қаржы аударатындарды беделіне қарамай қатаң тексеруді тапсырған еді.