Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Әсем Бекқызы Нүсіпова тағайындалды.
Әсем Нүсіпова 1975 жылы 1 мамырда Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша магистратура мен аспирантураны бітірген. Еңбек жолын 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ассистент қызметінен бастаған. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бөлімінің бас сарапшысы болып тағайындалды. 2002-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер Орталығы секторының меңгерушісі қызметін атқарды. 2003-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кеңесшісі, ЕурАзЭҚ хатшылығы жанындағы Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі ұйымдастыру-сараптама тобының (қоса атқарушы бойынша) кеңесшісі. Сондай-ақ 2005 жылы Премьер-министрдің кеңесшісі, Премьер-министр кеңесшілері тобының жетекшісі болды. 2006 жылы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңсесінің Жиынтық талдау бөлімінің меңгерушісі. 2007 жылдан 2008 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі, кейін 2016 жылға дейін «ҚазТрансОйл» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2016-2019 жылдар аралығында Әсем Нүсіпова Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы, содан кейін Денсаулық сақтау вице-министрі (2020 жылғы қазаннан 2022 жылғы ақпанға дейін) болды.